«Асар, айыппұл, абақты». Ағаділ асы қарсаңында белсенділерге қысым күшейді

Қазақстанда тергеу абақтысында жұмбақ қазаға ұшыраған Дулат Ағаділге ас берілетіні хабарланғаннан кейін билік белсенділерді жаппай жазалай бастады. Ондаған адамды марқұмның зиратына барғаны үшін әкімшілік қамауға алды, өзгелеріне айыппұл салды, ескерту жасады. Құқық қорғаушылар билік асқа көпшіліктің жиналуына жол бермеуге тырысып отыр дейді.

Наразылық шарасы кезінде белсенді Дулат Ағаділдің суретін ұстап тұрған адам. Алматы, 27 ақпан 2020 жыл. Көрнекі сурет.
Наразылық шарасы кезінде белсенді Дулат Ағаділдің суретін ұстап тұрған адам. Алматы, 27 ақпан 2020 жыл. Көрнекі сурет.

АСАРМЕН САЛЫНҒАН ҮЙ

Қазақстан билігі шілденің соңынан бері ондаған белсендіні «бейбіт жиын ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзған» деген айыппен 5 тәуліктен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алды. Кейін олардың кейбіріне қосымша тағы да жаза жамалса, енді бірінің үстінен «билік өкілін қорлады» деген айыппен қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.

Осының қарсаңында әлеуметтік желіде Қазақстан астанасының маңындағы Талапкер ауылында 8 тамыз күні марқұм Дулат Ағаділге ас берілетіні туралы ақпарат тараған. Ақпанда Нұр-Сұлтандағы тергеу абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған оппозициялық белсендінің асына өзге аймақтардан азаматтар бармақшы болған. Осыдан кейін елдің әр өңірінде белсенділерді «заңсыз жиынға қатысқан», «карантин талабын бұзған» деген айыппен жаппай әкімшілік жауапқа тарту, болмаса түрлі сылтаумен полицияға шақыру жиіледі.

Биыл жазда белсенділер Талапкердегі Ағаділдің отбасы тұрып жатқан үйді бұзып, орнына асар әдісімен қайтадан жаңа үй құрылысын бастаған. Бұл бастаманы ұйымдастырушылар әлеуметтік желі арқылы жұрттан жылу жинап, Талапкердегі құрылысқа қолғабыс жасау үшін Алматы, Нұр-Сұлтан, Көкшетау, Шымкент пен өзге аймақтардан барып, тегін жұмыс істеген. Екінші карантин кезінде де тоқтамаған еңселі жаңа үйдің құрылысы аяқталып, қазір ішкі жұмыстары ғана қалды.

24 шілде күні ондаған белсенді Талапкер ауылындағы Дулат Ағаділдің үйінде марқұмды еске алғаннан кейін, нөсерге қарамастан оның зиратына барлығы бірге барған еді.

– Жиналғандар нөсерге қарамай, оншақты шақырым жердегі зиратқа Қазақстан әнұранын шырқап, жаяу барды. Кейбірі ту ұстап жүрді. Сол күні айналаны полиция жасағы қоршап, бізді видеоға түсірді. Дронмен де түсірді. Бірақ ешкім бізге «сендердікі заңсыз» деген жоқ. Құран оқып болған соң әркім өз шаруасымен кетті, басқа жақтан келгендер үй құрылысына көмектесу үшін қайтадан Дулаттың үйіне барды, – дейді сол күнгі шараға қатысқан белсенді Роза Мұсаева Азаттыққа.

Сәния Тойкен

Мәншүк Асаутай

https://www.azattyq.org