Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Жастардың оянуы ма? Назарбаев мектебінің оқушысы «саяси тұтқындарға» көрме арнады

Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Аружан Абылқас Қазақстанда түрлі жылдары саяси себеппен сотталған азаматтар туралы көрме өткізді. Бірақ оны ұйымдастыру оқушыға оңайға соққан жоқ.

Үш жыл бұрын Аружан саясатқа мүлде қызықпайтын. Ол Қазақстанның саяси өмірінен қалыс қалған, азаматтық белсендік төмен саналатын Павлодардағы көп мектеп оқушысының бірі еді. Алматыдағы Шаңырақ оқиғасынан соң сотталып, 15 жылдан аса қамауда отырған диссидент Арон Атабек туралы оқыған соң ол елдегі адам құқығының ахуалы туралы ойлана бастаған. Артынша басқа да «саяси тұтқындардың» ісімен танысады.

Таяуда 18 жастағы Аружан «саяси тұтқын» деп танылған азаматтар жайлы көрме ұйымдастырамын деп, бұрын өзі көрмеген арандатушыларға да, белгісіз адамдардың қалай қысым көрсететініне де куә болды.

«ТЫНЫШ ОТЫРСЫН»

Былтыр жазда Аружан Қазақстан жастар ақпараттық қызметінің адам құқығы мектебіне іріктеуден өтіп, Павлодардан Алматыға оқуға келеді. Қоғамдық қор ұйымдастырған сабақтың қатысушылары курс соңына қарай жоба әзірлеуге тиіс. Үздік ұсыныстарға қор қолдау көрсетіп, іске асыруға көмектеседі.

Аружан Павлодарда саяси тұтқындар туралы көрме өткізуді ұсынады.

— Біздің елде жазықсыз түрмеге қамалған адамдар туралы көп ешкім білмейді. Жұрт саяси тұтқындардың қандай себеппен қалай сотталғанын, олардың қазір қалай өмірі сүріп жатқанын білгенін қаладым, — дейді оқушы.

Аружан түрлі жылдары саяси астары бар іспен сотталып, қамауда отырған алты азаматты іріктеп алады. Тізімге ақын Арон Атабек, құқық қорғаушы Евгений Жовтис, оппозициялық белсенді Владимир Козлов, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішев, атыраулық Макс Боқаев пен алматылық белсенді Әлнұр Ильяшев кіреді. Оқушы «ағартуды шулы істерден бастағым келді» дейді.

— Бұл азаматтың ешқайсы зорлық-зомбылық жасамады, ешкімді заң бұзуға шақырмады да. Біздің құқығымыз үшін, нақты адамдардың құқығы үшін күресті. Елдің дамуын, өркендеуін қалады. Бірақ онысы бір адамдарға ұнамай қалды да, оларды қамап тастады, — дейді ол.

Жоба қолдау тауып, Аружан көрменің дайындығына кіріседі. Оқушы Павлодарды аралап, жалға беретін орын іздейді, құрбы-құрдастары баннер шығаруға көмектеседі.

7 қарашада оқушы өзінің Instagram парақшасына 13-14 қараша күндері Торайғыров көшесінің бойындағы «Сарыарқа» қонақүйінде көрме өтетіні туралы хабарландыру шығарады. Афишада Арон Атабектің қамауға дейін және түрмеден шыққан соң түскен екі суреті қатар тұр. Жанына «Саяси тұтқындар. Бейқамдығымыздың тұтқындары» деген жазу жазылған.

Хабарландыру көп тұрған жоқ. Үш күннен соң, 10 қарашада Аружан жазбасын өшіріп тастады.

Әуелі залды жалға беруге келіскен «Сарыарқа» қонақүйі бірер күннен соң Аружанға хабарласып, орын бермейтінін айтады.

— Олар афишадан қорқып қалған сияқты. Әлдебір мониторинг тобы шара өткізуге тыйым салғанын айтты. Мен тыйым салған адамдардың нөмірін сұрадым. Бірақ беруден бас тартты. Себебі түсіндірген жоқ, — дейді оқушы.

Азаттық «Сарыарқа» қонақүйіне хабарласып, Аружанға зал беруге келіскен есепшімен сөйлесті. Ол журналиспен әңгімелесуге ықыласты болмады.

— Неге бұл мәселені қайта-қайта көтеріп жатырсыздар? Шешілді ме, болды ғой. Зал бермеуіміздің себебін анықтауға хақыңыз жоқ сияқты, — деді атын атамаған қызметкер.

Бірақ аздан соң залды жалға беруден аяқ асты бас тартуға не себеп болғанын түсіндірді. Оның сөзі Аружан айтқаннан басқаша болды.

— Ол кезде залдарымызда басқа компания жұмыс істеп жатқан. Солармен келісіп, залдың бірін Аружанға босатып беремін деп ойлап едім, бірақ ол компания келіспеді, — деді бухгалтер.

Ол қонақүй әкімшілігіне «ешкім қысым көрсетпегенін» айтады.

Оқушының саяси тақырыпта көрме өткізгелі жатқанын көп өтпей мектебі де естіген. Мектеп директоры, Аружанның айтуынша, шешесіне хабарласқан.

— Билік органдары директордан осы көрме туралы сұрастырған екен. Мені тыныш отырсын дегендей емеурін жасапты. Маған ықпал ету үшін директорға хабарласқан. Бірақ мектеп әкімшілігі ешқандай қысым көрсетпеді. Тыйым салмады. Мектеп әкімшілігі тарабынан ешқандай агрессия сезбедім, — дейді Аружан.

Павлодардағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Ринат Жұмабаев Азаттыққа өзіне әлдекімдердің телефон арқылы көрме туралы сұрастырғанын, ықпал етуге тырысқанын жоққа шығарды. «Біз оқушылардың азаматтық белсенділігін шектемейміз, жан-жақты болуға тәрбиелейміз. Ол біздің миссиямызда бар» деді Жұмабаев.

«КЕШКЕ ДЕЙІН АҢДЫП ЖҮРДІ»

Көрмеге бір апта қалғанда орыннан айырылған оқушы асығып басқа зал іздейді.

— Шараның тақырыбын көргендер, саяси сипаты барын білгендер бірден «жоқ» дейді. «Бұл заңды ма?» деп сұрайды. Орын табу қиын болды, — дейді ол.

Аружан жалға берушілерге залда адам құқығы туралы лекция оқытылады дегеннен басқа ештеңе айтпай, ақыры орын табады.

— Көрмеден бұрын әлдекімдер телефон шалып, «Бұл не шара? Неге өткізіп жатырсың?» деп сұрады. Шынымды айтсам, аздап алаңдадым. Отбасыма, өзіме, айналама қатер төндіргім келмеді, — дейді ол.

Көрмеге қырық шақты адам жиналады. Қонақтар арасында Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары мен түлектері, басқа қаладан келген құқық қорғаушылар бар. Аружанның ата-анасы да қызына қолдау білдіріп, шарада жүрді.

Көрме қонағы ретінде «Ар.Рух.Хақ» ұйымының жетекшісі Бақытжан Төреғожина Алматыдан лекция оқуға барады. Құқық қорғаушы сабақ жүргізіп жатқанда маска таққан бейтаныс әйел киліге береді.

— «Мына шараны кім қаржыландырып жатыр?» деп сұрады. Тақырыпқа қатысы жоқ әңгіме айта бастады. «Беларусьте, Украина мен Қырғызстанда не болып жатыр, сондай жағдай бізде де болғанын қалайсыңдар ма? Көздегендерің сол ма? Осылай ел ішіне іріткі саласыңдар» деді. Сұрақты жаттап алған. Бір сұрағын екі рет сөзбе-сөз қайталады, — дейді Аружан.

Төреғожина әйелдің кетуін талап етіп, ақыры залдан шығарады. Онымен бірге көрмеге ілінген баннерлерді, қатысушылар мен «арандатушы әйелдің» сұрағын камераға түсіріп жүрген екі ер адам да шығып кетеді.

Құқық қорғаушы мұның арандату болғанына күмәнданбайды.

— Оппозиционерлер арасында болса, мақұл дер едім, бірақ балалардың арасында провокация істегендерді енді… Осының артында тұрғандар ұялуы керек, — дейді ол.

Мұның артында тұрған, Төреғожинаның сөзінше, жергілікті әкімдік. Павлодар қалалық ішкі саясат бөлімі басшысының орынбасары Гүлжан Апсалықова мұны жоққа шығарды.

— Бір қыз көрме өткізгенін білемін. Оны естідім. Бірақ бара алмадым. Ал арандату туралы, шынымды айтайын, естімедім. Сізден естіп отырмын. Мемлекеттік органдар тарабынан арандату болуы мүмкін емес, — деді Апсалықова.

Көрме кезінде қолынан камера түспеген бейтаныс екі ер адам, Аружанның айтуынша, кешке дейін аңдып жүрген.

— Көрмеден соң ұйымдастырушылар комитеті болып дәмханаға бардық. Әлгі адамдар бізбен бірге отырды. Біртүрлі екен, — дейді оқушы.

«ҚУДАЛАЙДЫ ДЕП ОЙЛАЙДЫ»

Аружанның оқиғасы мұндай көрме саяси оқиғалар жиі өтетін ірі қалалардан қашықта — Павлодарда өткені үшін ғана емес, оны оқушы ұйымдастырғаны үшін де қызық. Елде жастар саясатқа көп араласа бермейді.

Фредрих Эберт қорының «Қазақстан жастары: құндылықтарын, сенімін, мақсатын бағалау» атты 2021 жылғы зерттеуіне қарағанда, елдегі 14-29 жас аралығындағы жастың 47,8 пайызға саясатқа «мүлдем қызықпайды». Қызығушылық жыл сайын төмендеп келеді. Мысалы, 2016 жылы «саясатқа қызықпайтын» жастар үлесі 33,6 пайыз еді.

— Жастар неге сайлауға бармайды? Себебі даусым ешкімге керек емес, билік бәрібір елемейді деп ойлайды. Митингілер туралы да сол әңгіме. Наразылық білдіруден пайда жоқ дейді. Ешкім сөзіме құлақ аспайды, қудалайды деп ойлайды, — дейді оқушы.

«Көрме өткізу машақатын, әлдекімдердің аңдуын, арандатуын көруің белсенділігіңе қалай әсер етеді?» деген Азаттық сұрағына Аружан былай деді:

— Астам сөйлеп отырғандай естілуі мүмкін, бірақ адамдардың санасын өзгертуге тырысамын. Себебі адамдар саяси тақырыптан қорқады. Мен адамдардың қорыққанын емес, керісінше саясатқа араласқанын қалаймын. Осы бағытқа қызығуымды қоймаймын. Осы жағдайдан соң алған бетімнен қайтпау керек деген ой келді.

Көрме афишасы.Көрмеге қойылған баннерлер.

Аян Қалмұрат Азаттық  «Радиосы»


https://www.azattyq.org/a/nis-student-exhibition-political-prisoners/31568124.html?fbclid=IwAR3fr-GX1y9CT3SmEqCAuX-b5slC1Ejj14ER7OEN8nrVe61tTohFxVyfMBo

Поделись, чтобы люди узнали:
.