Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Жалғызбасты аналардың жанайқайы: Ұлым террорист емес!

Екі үйдің азаматы, асыраушысы, үміт артқан арқасүйері бір күнде мерт болды. Көрген тоқпағы көп жалғызбасты аналар боталап қалды. Қанды қаңтар оқиғасынан орны толмас қайғыға ұшыраған Алматы және Өскемен қалаларындағы екі отбасының жанайқайын білдік.

20 жасында күтпеген жерден оққа ұшып, опат болған Бақберген Төлегенов жалғыз қалған анасы үшін баянсыз баққа айналды. Арман жетегімен Алматы қаласына келген отбасы қоңыр тірлік кешіп жүрген. Бірақ бұл қаңтар Төлегеновтерді көп қазақтың шаңырағы басына түскені тәрізді аза тұтып, қасіретке бөктірді.

– Досы несиеге алған көлікпен такси жүргізетін. Соның қасында серік болып жүруші еді. Қаңтардың 5-і күндіз 11.00 шамасында таксиге шығып қайтамыз деп кеткен. Кешке келіп киімін алып, жұмысқа баруы керек еді. Түске дейін қоңырау шалып, хабарын біліп тұрдым. Соңғы рет 14.00 кезінде сөйлестім. Досының айтуынша, су алайық деп дүкен іздеген. Сейфуллин-Райымбектің қиылысында жолдың бойына дүкен маңына тоқтаған. Жүргізушінің жанындағы алдыңғы орында отырған ұлыма қарата Жетісу аудандық полиция басқармасының шатырынан оқ жаудырған. Көлігінің сау тамтығы қалмаған. Атылған оқ ұлымның оң аяқ санын тесіп өтіп екінші аяғына тиген. Содан қан көп жоғалтқан, – дейді.

10 қаңтарға дейін аурухана аралап іздеген. Интернет қосылған күні әлдебір фельдшер фотосын жолдағанда бір-ақ білген. Жедел жәрдем қызметкерінің айтуынша, бала ауруханаға жетпей жан тапсырған.

Жолдасы сегіз жыл бұрын ауыр сырқаттан көз жұмған Шолпан «жалғыз сүйеуі», «асыраушысы» Бақбергеннен айрылғанына сене алар емес. Марқұм ұлы Сымбат колледжіне түскен, мейрамханалардың бірінде даяшы болып істеп жүрген. Бақберген биыл «несиеге болса да қаланың шетінен жер алып, үй салуды жоспарлаған». «Отырмайтын, ақша табамын деп маңдай терімен адалынан жұмыс істеп, тырмысатын. Айналасына әділ, шыншыл, ешкімнің ала жібін аттамайтын адал еді» дейді. 4 қаңтарда шеруге шықпаған, төбелеспейтін, бұзақылыққа бармайтын деп сипаттайды. «Полиция шақырғанда сақал өсіретін бе еді, үй көрмей кетуші ме еді деп сұрады. Ұлым тура тұрып, түзу жүретін. Досының үйінде қалатын болса, шамалы кешіксе, хабарласып сұранатын».

«Жазықсыз ұлынан» көз жазып қалған Шолпан прокуратураға арыз түсірген, «екі күнде хабар береміз деп шығарып салған, содан бері хабар жоқ». Мейрамханаларда тапсырысқа қарай ыдыс-аяқ жуып күн көретін Шолпан Өтегенова бір қызымен пәтер жалдап тұрады. Қазір туыстарымен қырқына ас беруге әзірленіп жатыр.

Асыраушысынан айырылып, қара жамылған тағы бір отбасы – Өскемен қаласынан. Арайлым Сағатбаева 25 жастағы тұңғышының бейбіт акцияға өз пікірін айтпаққа кетіп, оралмағанына өкінеді. Жалғызбасты әйелдің бірінші ұлы Қуаныш Қабылқанов бірер жыл бұрын отбасы құрған, екінші ұлы Алматы облысында әскерде. Ол «жазықсыз оққа ұшқан ұлының өлімі әділ тергелуін, оны билік есебі үшін терроршылар тізіміне енгізіп жібермеуін» талап етеді.
– 5 қаңтар күні кешкі ас үстінде «халықтың тұрмысы жақсарсын, қымбатшылық тоқтасын, Жаңаөзенді қолдаймыз деп сегіз қала шығыпты, бейбіт митингке барып-қайтамыз» деді. Ойымда ештеңе жоқ, қарсы болмадым. Кешкісін 19.00 шамасында үйден кеткен. Кейін сағат 22.00 кезінде көңілім алаңдай бастады, хабарластым. Балам қайтуға көлік таппай тұрмын, кісі көбейіп кетті, айнала көк түтін, қасымдағы жолдастарымды тауып алайын, бірден үйге қайтамын деді. Келін-немереммен үйде тілеуін тілеп отырдық. Шымдамсызданып қайта хабарластым. Басқа бала алды да Қуанышқа оқ тиді, ауруханаға бара жатырмыз деді. Дереу қалалық ауруханаға барсақ, отаға алып кетіпті. Тосып отырғанда жараланған кемі 30 шақты бала қансырап келгенін көрдім. Алаңда бейбіт наразыларға қарсы шулы граната атып, газ қолданғанын айтты. Көзі ашып-жасаураған, түтін арасында жарты сағаттан аса уақытқа бір-бірінен ажырап қалған. Ақыры тауып алып, енді үйге қайтып бара жатқан кезде ұлымның арқасына оқ тиген. Оқ баламның сол жақ жауырынынан тиіп, жүрек тұсын жаралаған. Дәрігер гемоглобин мөлшері қатты түсіп кеткенін, барын салса да құтқарып үлгермегенін естіртті. 6 қаңтарда түстен кейін мәйітханада мүрдесін алып, келесі күні жұмада жерледік, – дейді ашынған ана.

«Тірі адамды осылай жала жауып, азаптап айыптап жатқанын көріп, өлгендерді террорист деп күйелей ме деп қорқамын» деген уайыммен Сағатбаева Өскеменнен Алматыға арнайылап келген. Құқық қорғау ұйымдары мен қоғамдық комиссияларға шағым түсірген. Алматыдағы жақынын жоғалтып я араша сұрап зар жылаған жұртты көріп үрейі үдей түскенін айтады. «Жағыз талап – әділдік және халықты жылатпаса екен» дейді.

Ол «бейбіт шыққан баласын жазықсыз қаралай ма деп» алаңдайды. «Нақақ жалалы етіп, артында қалған 25 жастағы жары мен екі жасар қызына, бауырының алдағы өміріне кесір-зияны тие ме» деп уайымдайды. «Сот-медициналық сараптаманың қорытындысы бұрмаланбай, дұрыс болса екен, іс әділ қаралсын, баламды кім атқанын анықтасын» деген талап қойды.
– Оқуының ақшасын төлеп, тұрмысын жақсартып, ісін өндірсем деп жатпайтын. Жұмыстан шыға салысымен такси болатын. Қолы босай қалса, уақытын кішкентайының қасында өткізетін. Еңбекқор, өмірге құштар еді. Туған жері Күршім ауданы, мектеп мұғалімдері, оқу орындары, жұмыс істеген жеріндегі көзкөргендер ұлымды жақсы жағынан айтарына еш күмәнім жоқ. Бұрын қылмысты болмаған, қақ-соқпен ісі жоқ, діни топтармен байланысы жоқ етін. Ішімдік ішпейтін, шылым шекпейтін, артық ауыз балағат сөз айтпайтын баламнан айырылып қалдым, – деп сипаттайды ұлын.

Марқұм Өскемен титан-магний комбинатында жұмыс істеген. Жалғызбасты әйелдің денсаулығы сыр бере бастаған. «Немерем әкесін іздейді, келінім мен немеремнің жалғыз қалғаны арқама қатты батады. Уайымдайтыным – басымнан өткен бейнетімнің келініме түсетіні… жесірлік өте ауыр тауқымет» деп көзіне жас алды.  «…Әттең, неге жібердім деген өкініш бар. Бейбіт күнде осыншалық қантөгіс болады деген кімнің ойында болды дейсің» дейді өкініп.

Жалғызбасты аналардың жанайқайы: Ұлым террорист емес!

Жалғызбасты аналардың жанайқайы: Ұлым террорист емес!

Жалғызбасты аналардың жанайқайы: Ұлым террорист емес!

«Жазықсыз оққа ұшқан» марқұмдар – Қуаныш Қабылқанов (оң жақта галстукте) және Бақберген Төлегенов. Фото: Orda

Күлтегін Аспанұлы

https://kaz.orda.kz/zhal-yzbasty-analardy-zhanaj-ajy-lym-terrorist-emes/

 

 

Поделись, чтобы люди узнали:
.