Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Жаңөзенде төрт белсенді 15-20 тәулікке қамалғаны хабарланды

Сенбі, 27 ақпан түнде Жаңаөзенде белсенділер – Нұрлыбек Нұрғалиев, Нұржан Наренов, Жаңбыр Ерғазы мен Жоламан Сейілов қамауға алынды. Сот оларға «заңсыз митинг ұйымдастырды, қатысты және осы әрекетті бірнеше мәрте қайталады» (Әкімшілік кодекстің 488-бабы) деп айып таққан.

Бұл туралы Азаттыққа 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккен Қайрат Досмағамбетов хабарлады. Оның айтуынша, төрт адамды Жаңаөзен қалалық ішкі істер басқармасына алып кетіп, түнгі сағат 12-де сот өткізген.

Бұған дейін жаңаөзендік белсенділер 10 ақпанда Жаңаөзен қаласы және Маңғыстау облысы әкімдігіне әлеуметтік мәселелерді, ауыз су, сұйытылған газ мәселесін көтеретінін, Бозжыра аймағына қонақ үй салынуына қарсылық білдіретінін айтып хат жолдаған. Кейін жауап болмаған соң 22 ақпанда талаптарын қайталап, екінші мәрте арызданған. 27 ақпанда әлеуметтік желіде видео жариялап, әкімдіктен жауап болмағандықтан 28 ақпанда митингіге шығатындарын хабарлаған.

— Күйеуім Нұрлыбек Нұрғалиевті түнгі ауысымға жұмысқа кетпекші болып жатқан жерінен Жаңаөзен полициясы өкілдері шақырту қағазымен келіп, полиция басқармасына алып кетті. Сол жерде оны әлеуметтік жағдайға назар аударуды талап етіп, митингіге шығамын деген видеосы үшін соттады. Сонда елдің мәселесін айтамын дегені үшін де осылай қамап отыр. Оны Ақтау қаласына алып кетіп, 20 тәулікке қамады, — дейді Гүлжамал Нұрғалиева.

Нұрлыбек Нұрғалиевтен өзге Нұржан Нәренов 20 тәулікке қамауға алынып, Түпқараған ауданына, Жоламан Сейілов 20 тәулікке сотталып, Ақтау қаласына, Жаңбыр Ерғазы 15 тәулікке қамалып, Қарақия ауданына жөнелтілген.

Азаттық тілшісі жаңаөзендік қамалған белсенділерге қатысты шешімді сот кабинетінен таппады. Маңғыстау облысы сотының баспасөз қызметі қамауға алынған белсенділерге қатысты ақпаратты тек жұмыс күндері айта алатынын мәлімдеді.

Нұрлыбек Нұрғалиев пен Нұржан Нәренов тамызда саяси тұтқындарды босатуды талап еткен акциялары үшін 10 тәулікке қамалған.

Қазақстанда екі оппозициялық топ 28 ақпан күні митинг өткізуге шақырған. Олардың бірі – Қазақстанда «экстремистік» деп танылып, қызметіне тыйым салынған, бірақ Еуропарламент «бейбіт ұйым» деп атаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысы, енді бірі — «Қазақстанның демократиялық партиясын» құру жөніндегі бастамашыл топ.

Митинг жариялаған күн қарсаңында Қазақстанның әр өңірінде белсенділерді ұстау басталды. Ал бүгін, 28 ақпанда Алматы мен Нұр-Сұлтанда арнайы жасақ наразылыққа шыққандары “кеттлингке” алды. Алматыда полиция кем дегенде елу адамды, Ақтөбеде он адамды ұстады.

Сания Тойкен

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
.