14 мамырда Алматы облысының Қарасай аудандық соты «тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деп айыпталған белсенді Абайбек Сұлтановтың бостандығын бір жылға шектеді. Сот бұған қоса, үш жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салып, 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді. Белсенді сонымен бірге жәбірленушілер қорына – 27 530 теңге және мемлекет кірісіне 740 теңге төлеуге міндеттелді.
Белсендінің адвокаты Жанар Балғабаева Сұлтановтың өзіне тағылған айыптарды мойындамағанын, үкімді апелляцияға беретінін айтты. Адвокаттың айтуынша, сот үкімі бойынша белсендіге түрлі конференция, жиналыс, шараларға қатысуға, түнгі 12-ден кейін үйден шықпауға, ойын-сауық орындарына баруға, түрлі бағдарламаларға қатысуға тыйым салынған. Оның сөзіне қарағанда, әлеуметтік желіні қолдану туралы тыйым жоқ.
«Бұл істе атап өтетін нәрсе, кеше прокуратура [қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға] шектеу қоймаған. Ал бүгін сот өз бетінше жаза көлемін ұлғайтты» деді адвокат.
Алматы облыстық сотының жіберген хабарламасында айыпталушының «2020 жылы мамыр мен маусым аралығында қоғамдық бірлестікке тыйым салынғанын біле тұра қылмыстық заңнаманы бұзғаны» атап көрсетілген.
«Сотта айыпталушы тағылған айыптарды мойындамады және қылмыс жасамағандықтан өзін ақтауды сұрады» деп жазылған.
Сот үкімі әлі күшіне енбеді.
45 жастағы Абайбек Сұлтановқа Қылмыстық кодекстің 405-бап, 2-тармағы («Сотпен тыйым салынған экстремистік ұйымның қызметiн ұйымдастыру және оған қатысу», нақты жағдайда «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымы жөнінде болып отыр) бойынша айып тағылған.
Абайбек Сұлтанов осыған дейін әділ сайлау, саяси тұтқындарды босатуды талап еткен көптеген шаралар мен акцияларға қатысқан. Былтыр желтоқсанда ол өзге белсенділермен бірге бақылаушылардың құқықтарын шектейді делінген орталық сайлау комиссиясының қаулысына қатысты жоғарғы сотқа шағым түсірген. Оның алдында бейбіт акциялар үшін әкімшілік жауапқа тартылған.
Қазақстан соты «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) мен «Көше партиясы» қозғалыстарын 2018 және 2020 жылдары «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған. ҚДТ-ның негізін қалаушы – бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов 2020 жылы Франциядан саяси баспана алған.
Қазақстанда бұл екі ұйымға қатысты көп белсенді қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Олардың нақты саны белгісіз. Кейбір құқық қорғаушылар соңғы бірнеше жылда 300-ге тарта адамның сотталғанын айтады.
Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды «экстремизмге қарсы заңдарды» қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптаған.
Радио Азаттык
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.