Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Төрт жасар бала террорист пе?» Алматыда Қаңтарда қаза болғандардың туыстары прокуратураға жиналды

1 маусымда Алматы қаласы прокуратурасының алдына Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болған азаматтардың туыстары жиналып, жақындарына оқ атқандарды жазаға тартуды, оқиғаны әділ тергеуді талап етті.

— Менің үш ұлым әкесіз қалды. Кеше ғана ұлым «президент менің әкемді не үшін өлтірді? ол не істеп қойды?» деп сұрады. Түнде тұрып «әкем қайда» деп жылайды. Мен өзім үшінші топ мүгедегімін, ауру болдым. Бұған кім жауап береді? Үш баламның көз жасына кім жауап береді? Істеген істерін мойнымен көтерсін! Оларды неге өлтірді? Төрт жасар бала, 12 жасар қыз террорист пе? Бәрін қырып салды, — деді қаңтар оқиғасы кезінде күйеуінен айырылған Шапағат Қадырова.

Жиналғандардың қолында «Ел үшін алаңға шыққандар террорист емес – батырлар», «Халыққа оқ атқандар жазалансын!» деген жазуы бар плакаттар болды.

Қаңтар оқиғасында кезінде қаза болған Түркістан облысының тұрғыны 22 жастағы Аңсар Исламның әкесі тергеудің әділ өтпей отырғанын алға тартып, «билік баламнан террорист жасағысы келе ме?» деген сұрақ қойды.

 Осыған дейін бас прокуратураға, жоғарғы сотқа жазғанбыз. Үш айдан кейін эксгумация жасап, денесінің ішінде спирт бар деген қорытынды шығарды. Ол өмірде ішпеген адам. Бұл қалай сонда? Мен өзім эксгумацияға қатысуға рұқсат сұрап кірдім. Үш айдан кейін мәйіттің қандай күйде болатынын білесіздер. Мен бәріне шыдап кірдім. Ішек-қарнының бәрін ақтарды. Миына дейін. Ішімдік ішкен деп отыр. Оны террорист жасайын деп жатыр ма? Маған әділдік керек, – деп ашынды Әлімжан Аманқұлов.

Бұдан соң прокуратура өкілі іштен шығып, наразы азаматтарды «диалогқа» шақырды. «Ішке кіріп, сұрақтарыңызға жауап берейік» деді.

«Біз ештеңені жасырып отырған жоқпыз. Жасыратын да ештеңе жоқ» деді прокуратура өкілі. Бірақ ақпарат құралдарын кіргізбеді. «Ақпарат құралдарына бөлек хабарлама береміз» деді.

Дәл осы күні таңертең Қаңтар оқиғасы кезінде азапталғандардың кейбірін Сыбайлас жемқорлықпен күрес іс-қимыл департаментіне шақырғаны хабарланды. Азапталғандар сәрсенбі күні прокуратура алдына барып, аштық жариялайды деген де ақпарат болған еді. Олардың прокуратура алдында «наразылығы» мен тергеуге шақыртылуы тұспа-тұс келген. Кейбір белсенділер «Тоқаев Алматыда жүрген кезде құқық қорғау органдары қалада наразылық болмауы үшін бар күшін салып жатыр» дейді.

Қаңтар оқиғасы кезінда қаза болғандардың туыстары прокуратура алдына жиналып, әділ тергеуді, туыстарының өліміне кінәлілерді жазалауды талап етті, Алматы, 1 маусым 2022

Нуртай Лаханулы Азаттык радиосы

https://www.azattyq.org/a/31877995.html?fbclid=IwAR36dyxvzhGqV6WjUs1zfRW7TprtblfTLBRAQIXW6LbqqwYUZfsclO-TDf4

Поделись, чтобы люди узнали:
.