Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА-155/14 мекемесінде отырған «саяси тұтқын» Алмат Жұмағұловтың соққыға жығылғаны хабарланды. Халықаралық Адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының өкілі Инга Иманбай 26 сәуірде кешке Facebook-тағы парақшасында «Заречный түрмесіне бүгін әскер кіргізіліп, тінту болып, саяси тұтқын Алмат Жұмағұлов соққыға жығылған. Қазір бюро адвокат іздеп жатыр» деп жазды.
«Әзірге кешегі ақпаратпен отырмыз. Адвокат бүгін кіріп шыға алса, ендігі ақпарат содан болады. Ақпарат болса, қосымша хабарлаймыз» деді Инга Иманбай сейсенбі күні таңертең Азаттық тілшісіне.
Азаттық тілшісі ЛА-155/14 мекемесіне хабарласқанмен жауап ала алмады. Алматы облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің баспасөз қызметі бір сағаттан кейін қайта хабарласуды өтінді.
Құқық қорғаушылардың айтуынша, 27 сәуірде сотта Алмат Жұмағұловтың жазасының қалған бөлігін бостандықты шектеуге ауыстыру туралы өтініші қаралуы тиіс. Бірақ сот отырысының өтетіні-өтпейтіні белгісіз. Соңғы рет 24 ақпанда Қапшағай қалалық соты белсендінің өтінішін қанағаттандырмай қойған.
«Жиһадшылар ісі» бойынша жауапқа тартылған Алмат Жұмағұлов 2018 жылғы 21 желтоқсанда Алматы қаласы Алмалы ауданы сотының үкімімен сегіз жылға сотталған. Ол «терроризмді насихаттады», «ұлтаралық араздық қоздырды» деп айыпталған.
Құқық қорғаушылар белсенді Алмат Жұмағұловтың саяси көзқарасына байланысты қудаланып отырғанын айтады. Еуропарламент 2021 жылдың ақпан айындағы қарарында Нұр-Сұлтанды «саяси тұтқындарды» босатуды, оның ішінде Алмат Жұмағұловты да бостандыққа шығаруға шақырған.
Радио Азаттык
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.