29 қарашада Ақтөбеде оппозициялық белсенді Асқар Қаласовты жерледі. Қыркүйектің басында әйеліне полициядан жасырынуға мәжбүр екенін айтып, үйінен кетіп қалған ол өткен бейсенбіде Жамбыл облысы Байзақ ауданында өлі табылған. Жамбыл облыстық полициясының “Қаласов суицид жасаған” дегеніне марқұмның туыстары да, оны жақсы танитын өзге белсенділер де күмән келтіреді.
Асқар Қаласовтың сүйегін Ақтөбеге туыстары 29 қараша таңертең Жамбыл облысы Байзақ ауданынан жеткізді. Үй-іші белсендінің ол өңірге қашан, қалай барғанын білмейді.
Қаласовтың әйелі Ақсалы Қарина “Жамбыл жақта туыстарымыз жоқ” дейді. Айтуынша, күйеуі биыл қыркүйек айының басында бас сауғалауға мәжбүр екенін айтып, үйінен шығып кеткен.
– 26 қарашада Жамбыл облысы Байзақ ауданынан полиция капитанымын деп бір адам телефонмен хабарласты. Күйеуіңіз Байзақтағы мәйітханада жатыр, алып кетіңіздер деді. “Мүмкін ол Асқар емес шығар? Қалтасында құжаты бар ма?” деп сұрадым. Кім екенін саусақ таңбасынан білдік деді. Асқар биыл 17 қазанда 57 жасқа толған еді, – дейді Ақсалы Қарина жиырма жыл отасқан жұбайы жайлы.
Орта арнаулы білімі бар Асқар Қаласов бұрын теміржол саласында еңбек еткен. Ал өмірінің соңғы жылдары күзет қызметінде жұмыс істеген. Былтыр тамызда билік оны “экстремистік ұйым ісіне араласты” деп айыптаған соң жұмыссыз қалды дейді әйелі.
Туған-туыс, дос-жараны Асқар Қаласовты 29 қарашада Ақтөбедегі өз шаңырағынан – отбасылық жатақханадан ақтық сапарға шығарып салды. Жүз шақты адам жиналған жаназаға ақтөбелік және Оралдан арнайы келген белсенділер қатысты.
Олар Қаласов өзіне қол жұмсаған дегенге сенбейтінін, оның өлімі күдік туғызатынын айтып, биліктен белсенді қазасының жай-жапсарын жіті тексеріп, арнайы тергеу жүргізуді талап ететін мәлімдеді.
Марқұмды Ақтөбенің іргесіндегі Қызылжар ауылындағы зиратқа жерледі.
ЖҰМБАҚ ҚАЗА
Жамбыл облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, Асқар Қаласов 23 қарашада Байзақ ауданы орталығындағы теміржол маңындағы су құбырына асылып тұрған жерінен табылған. Полиция Қаласов “суицид жасаған” деп санайды.
“Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша іс қозғалды. Сот-медицина сараптамасы тағайындалды. Марқұмның денесінде жарақат ізі жоқ” деп хабарлады Жамбыл облыстық полициясы.
Асқар Қаласов Қазақстанда әділ сайлау өткізу, елдегі саяси тұтқындарды босатуды талап еткен көптеген бейбіт акцияларға қатысқан. Бейбіт митингілерге биліктің келісімінсіз қатысқаны үшін бірнеше мәрте айыппұл төлеп, әкімшілік қамауға да алынған. Оны жақынырақ білген, пікірлес болған ақтөбелік және оралдық белсенділер Қаласовтың “суицид” жасағаны жайлы ақпаратқа күмән келтіреді.
Бұл – жұмбақ өлім. Ол өз-өзіне қол салған дегенге ешқашан сенбейміз. Бірнеше жылдан бері қуғын көрген, саяси қудалауға түскен азаматтың өліміне қазіргі билік кінәлі деп білеміз, – деді Қаласовты жерлеуге Оралдан арнайы келген белсенділердің бірі Орынбай Оқасов.
Құзырлы органдар Асқар Қаласовтың қазасын мұқият тексеріп, барлық мән-жайы анықтасын деген талап айтады белсенділер.
– Мүмкін емес! Сенбеймін! Ол нағыз күрескер болатын. Ондай адамдар оңайлықпен өмірін қия салмайды. Сот бостандығын шектеген күннің өзінде Асқар наразылық акцияларына қатысып жүрді. Ол ешқашан ешкімнен қаймыққан емес, – дейді Қаласовпен пікірлес болғандардың бірі Ақлима Түксікова.
Ақтөбелік тағы бір белсенді Роза Бекешова Асқар Қаласовпен полиция бөлімшесінде танысқанын айтады.
– Екеуміз құрдас едік. Қанша жерден қамап, айыппұл салса да Асқар айтқанынан қайтпайтын. Ондай адамды қорқытып, сындырып, дегенін жасата алмаса не істейді? Кісі қолынан өлген болуы әбден мүмкін. Осыдан екі жыл бұрын үш баласы бар белсенді Аманбике Хайрулланы да өзін-өзі өлтірді деп шығармап па еді? – дейді Роза Бекешова.
Биыл тамыз айының аяғында әлеуметтік желіде мүгедек арбасында отырған полиция қызметкерінің видеосы тараған еді. Видеоны түсіріп тұрған ер адам арбадағы кісіні балағаттап, аты-жөнін атайды.
Белсенділер ол видеоны Асқар Қаласов түсірген деп есептейді. Ал мүгедек арбасында отырған – Ақтөбе облыстық полиция департаментінің бұрынғы қызметкері.
– Осы видеодан соң Асқар Қаласовты полиция қудалай бастады. Қаладан қашып кетуінің себебі де сол, – дейді Ақлима Түксікова.
АСҚАР ҚАЛАСОВҚА ІЗДЕУ ЖАРИЯЛАНДЫ МА?
Жамбыл облыстық полициясының мәліметіне қарағанда Асқар Қаласовқа бұған дейін Ақтөбе облысының пробация қызметі іздеу жариялаған.
Пробация қызметі Ақтөбе облысы бойынша қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарайды. Осы департаменттің баспасөз қызметі Азаттыққа “Қаласовқа іздеу жариялаған жоқпыз. Онымен полиция айналысады” деп жауап берді.
Азаттық Ақтөбе облыстық полиция департаментінен “Асқар Қаласовтың үстінен қылмыстық іс қозғалды ма, оған іздеу жарияланған ба еді?” деп сұраған. Департаменттің баспасөз қызметі Азаттық сауалына жауап бермеді.
405-БАП БОЙЫНША ҚУДАЛАНҒАН БЕЛСЕНДІ
Ақтөбе соты 2021 жылы тамызда Асқар Қаласовтың бостандығын екі жылға шектеп, бұған қоса жаза мерзімі аяқталғанша әлеуметтік желі мен мессенджерді пайдалануына тыйым салған еді. Билік Қаласовты 2020 жылы желтоқсанның аяғында жеке парақшасына төрт жазба жариялап, халықты парламент сайлауы кезінде “Ақ жол” партиясына дауыс беруге және митингіге шығуға үндегені үшін жауапқа тартқан. Тергеушілер Қылмыстық кодектің 405-бабымен (“экстремистік ұйымның ісіне араласу”) айыпталған Асқар Қаласовты “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысына белсенді қатысушы” деп атаған.
Қазақстан соты Ақорданы үнемі сынап жүрген қуғындағы оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-ны “экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған, Еуропарламент оны “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атаған.
Сотта прокурор белсендінің әлеуметтік желіде “Қазақстан билігінің негативті бейнесін қалыптастыру мақсатында жазбалар жариялап, халықты наразылық акцияларына үндегенін және қоғам қауіпсіздігіне қатер төндіргенін айтты. Сот үкіміне сай белсенді пробация бақылауында болуға, жұмыс орны мен тұрғылықты мекенжайын өзгерткен жағдайда ол жөнінде құзырлы органдарға хабарлауға тиіс еді.
Асқар Қаласов өзіне тағылған айыппен келіспейтінін мәлімдеген.
– Мен адам өлтірген жоқпын. Автомат, пышақ ұстаған жоқпын. Сонда да билік мені “экстремист” қылып қойды. Ақтөбедегі әр митингіден соң полиция автозакқа тиеп әкетіп, ҚДТ мен оның лидері Мұхтар Әблязов туралы сұрайтын. Мені Әблязовпен “таныстырған” – полиция. Оған дейін мен Әблязов туралы ештеңе білген жоқпын. Кейінгі кезде Қазақстанда қысым күшейіп барады. Сондықтан елдегі адам құқықтары мәселесіне халықаралық қауымдастықтың назар аударуын, Еуропа одағынан құқық бұзып жатқан шенеуніктерге санкция салуын сұраймын, – деген еді Асқар Қаласов Азаттыққа берген соңғы сұхбатында.
Жанагуль Жүрсин
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.