Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Сот журналистердің ақпарат министрлігіне қарсы шағымын қанағаттандырмады

Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты 9 журналистің мәдениет және ақпарат министрлігіне қарсы шағымын негізсіз деп тауып, қанағаттандырудан бас тартты.
Олар министр Аида Балаева бекіткен «журналистерді аккредиттеу ережелеріндегі» кей тармақты жарамсыз деп тануды талап еткен.
Журналистердің бірінші уәжі — мемлекеттік мекемелерден хабар тарату мақсатында тіркеу тәртібін реттейтін бұл ереже жарияланбай жатып күшіне енген, яғни олар бұл құжат қабылданатынынан бейхабар болған. Судья Расул Қарағаев министрлік бұл жерде еш заңды бұзбағанын мәлімдеді. Заң бойынша, құжатта өзгеше көрсетілмесе, министрдің нормативтік бұйрықтары жарияланғаннан 10 күн өткен соң күшіне енеді.
«Бұйрықта [ережені] қолданысқа енгізудің өзге уақыты 2024 жылғы 20 тамыз деп көрсетілген, 2024 жылғы 20 тамыздан бастап енгізілгені журналистер құқығы мен еркіндігін, заңды мүддесін еш бұзбайды» деді судья.
Журналистер мемлекеттік органдардан алған ақпаратты тек өзі тіркеліп барған БАҚ-та ғана жариялауға тиіс деген ереже құқығымызды шектеп отыр деп наразылық білдірген. Судья бұл ереже де журналистер қызметін шектемейді деді.
Бірнеше жылдан бері үкімет үйі мен парламенттен хабар таратып жүрген журналист әрі арызданушылардың бірі Серік Жолдасбай сот шешіміне келіспейді. Оның айтуынша, өз құқықтарын, елдегі сөз бостандығын қорғауда журналистер ауызбіршілік таныта алмады.
– Ақпарат министрлігі құзырлы мекеме болған соң сот оның шешімін өзгертіп, біздің пайдамызға шешпейтіні анық болды. Қазақстандағы барлық журналист тізе қосып, осы мәселеде бір ауыздан әрекет етуіміз керек еді. Өкінішке қарай, журналистер ішінде белсенділік болмады. Саяси партиялар да үнсіз қалды. Оппозициялық ұйымдар өте жоқ, – деді Серік Жолдасбай.
«Құқықтық медиа орталық» ұйымындағы Media Qoldau қызметінің жетекшісі, медиазаңгер Гүлмира Біржанова Конституциялық сотқа шағым түсіреміз деді.
 
 
Құқықтық медиа орталығы
 
 
Поделись, чтобы люди узнали:
.