Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Шымкентте “ҚДТ ісіне араласты” деп айыпталған үш белсендіге үкім оқылды

1 маусымда Шымкенттің Қаратау аудандық соты “тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты” деп айыпталған азаматтық белсенділер Жанмұрат Аштаевтың бостандығын – 2 жылға, Ерлан Файзуллаев пен Нұржан Әбілдаевтың әрқайсысының бостандығын 1 жыл 6 айға шектеді. Сотталушылар тағылған айыппен келіспейтінін, апелляциялық шағым түсіретінін айтты. Прокурор бұған дейін дәл осындай жаза сұраған.

Судья Ерлан Файзуллаев пен Нұржан Әбілдаевты Қылмыстық кодекстің 405-бабымен (“тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты”) кінәлі деп тапты. Ал Аштаев Қылмыстық кодекстің 405-бабымен бірге 296-бабы (“Есірткі психотроптық заттармен, заңсыз жұмыс істеу”) бойынша да кінәлі деп танылды.

Сот бұған қоса, үш белсендіге үш жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуына тыйым салып, жылына 100 сағат қоғамдық жұмыс істеуге міндеттеді. Судья белсенділердің кінәсі толық дәлелденгенін айтты.

Судья үкім оқып тұрғанда белсенді Жанмұрат Аштаев Конституцияны алып, оған “жоқ” деген белгі қойып, көтеріп ұстап тұрды. Ал Нұржан Әбілдаевтың қолында Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың суреті басылған газет пен “Қазақстанда сот әділетсіз” деген жазуы бар қағаз болды.

Белсенділер тағылған айыптармен келіспеді. Олар істің саясиланғанын, өздерінің “саяси көзқарасына бола жазаланып отырғанын” айтты.

Прокурордың айыптау актісінде, Аштаев, Файзуллаев, Әбілдаев 2020 жылы 19 қазанда Файзуллаевтың Facebook парақшасынан тікелей эфирге шығып, Нұр-Сұлтан соты экстремистік ұйым деп тауып, жұмысына тыйым салған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” және “Көше партиясын” жақтап, қызметіне араласқан.

Нұржан Әбілдаев, Жанмұрат Аштаев пен Ерлан Файзуллаев бұған дейін “Жерді сатуға қарсы шығып”, “Саяси тұтқындарға бостандық талап еткен”, “Қытай экспансиясына қарсы” наразылық шараларына қатысқан. Сол үшін бірнеше рет әкімшілік жазаға тартылып, қамалған.

Нұр-Сұлтан соты “экстремистік ұйым” деп танып, қызметіне тыйым салған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысын бұрынғы банкир, шетелде қуғында жүрген оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов құрған. Қазақстан билігі “Көше партиясы” қозғалысын да ҚДТ-мен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Еуропарламент екі ұйымды да “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп таныған.

Кейбір құқық қорғаушылар Қазақстанда “тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты” деген айыппен жүздеген адамның сотталғанын айтады.

Еуропарламент депутаттары Қазақстандағы адам құқығы жайлы биыл қабылдаған қарарында Нұр-Сұлтанды “экстремизмге қарсы заңдарды” қозғалыс жақтастарына қарсы қолданды деп айыптайды.

Дилара Иса

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Аштаев ЖанмуратБольше записей в Аштаев Жанмурат »
.