14 ақпан күні кешке Шымкенттегі Әл Фараби аудандық соты “әлеуметтік алауыздық қоздырды”, “терроризмді насихаттады”, “тыйым салынған ұйымның қызметіне араласты” деген айыппен ісі қаралып жатқан белсенді Ерұлан Әміровке сот-психиатриялық сараптама жасауды ұйғарды.
Бұл туралы Азаттыққа оның адвокаты хабарлады. Бұдан бұрын белсендінің анасы Шарипа Ниязова оның ҰҚК-нің тергеу изоляторында өзіне-өзі қол салмақ болғанын мәлімдеген. Содан кейін ҰҚК Әміровті Сәуле ықшам ауданындағы ИЧ-167/11 түзеу мекемесіне ауыстырған. Ол сотқа осы мекемеден онлайн режимде қатысқан.
Адвокат Мұрат Жолшиевтің айтуынша, Әміровке сот-психиатриялық сараптамадан өткізу жөнінде анасы екеуі сотқа талап арыз түсірген. Оның талап арызын прокуратура мен түзеу мекемесі қолдаған.
– Судья сараптаманы Алматы облысында өткізу туралы қаулы шығарды. Енді сот сараптама институты Әміровті психиатриялық ауруханаға жатқызу, жатқызбау мәселесін анықтайды,- дейді Жолшиев.
Сот Ерұлан Әміровтің ісін 25 қаңтардан бастап қарай бастаған.
2021 жылдың наурыз айында Ерұлан Әміров жөнінде қылмыстық іс қозғалған. Ол Қылмыстық кодекстің “Әлеуметтік алауыздықты қоздыру” (174-бап), “Терроризмді насихаттау” (256-бап) және “Тыйым салынған ұйымның қызметіне араласу” (405-бап) бабымен айып тағылған.
Маусым айында Шымкент қалалық мамандандырылған тергеу соты белсендіні Алматы облысы Ақтас қаласындағы психиатриялық емханаға жатқызған. Тамыз айында емхана Әміровтің аурудан айыққаны жөнінде анықтама берген.
Желтоқсан айында Әміровтің анасы Шарипа Ниязова оны ҰҚК-нің Шымкенттегі тергеу изоляторынан тапқан. 22 желтоқсанда ұлының тергеу изоляторында өзіне-өзі қол салмақ болғанын мәлімдеген. Әміровтің өзіне-өзі қол салмақ болғанын осы күні кешке “Ар. Рух.Хақ” қоғамдық қорының жетекшісі, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина да Facebook парақшасында жазды.
Шарипа Ниязова Азаттыққа ұлының психикалық ауруы бар екенін, ресми тіркелмесе де “шизофрения” диагнозы қойылғанын айтады. Ол бұған дейін баласын психиатр дәрігерге көрсетуге рұқсат берілмегенін жеткізген.
2021 жылы желтоқсанда Шымкент белсенділері Ерұлан Әміровті босатуды талап етіп, әлеуметтік желіге үндеу жариялаған.
Қазақстандық құқыққорғаушылар Әміровті “саяси тұтқын” деп таныған
Дилара Иса Азаттык радиосы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.