Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Семейдегі толқу: Прокуратура мен полицияның озбырлығы өткен отбасы

Қаңтар айының басындағы тұтас елге жайылған толқуларға байланысты ұсталған семейліктердің арасында Анар Қалиева мен ұлы Азиз Жолатовтың бүгінгі ахуалы белгісіз. Бейбіт наразылыққа қатысқан, еш бүлікке қатысы жоқ делінген бір үйдің адамдарына әкімшілік айыптың орнына, қылмыстық іс қозғалып отыр. Жергілікті құқық қорғау органдары тарапынан Жолатовтар отбасына жасалған әрекеттер өңірде адам құқықтары мәселесінің ушыққанын көрсетеді.

Анамның бар жазығы – бейбіт пейілді белсенді болғаны»

Анам мен бауырымды Қылмыстық кодекстің 272-бабы 2-бөлігі бойынша Өскемен қаласындағы түзеу мекемесіне әкетті. Үш аптадан бері жүзін бір көрмедім» деген Кербез Егінбаева жағдайды ести сала Алматыдағы жұмыс-жайын тастап, қайтып келген.

– Анам (Анар Қалиева) бұрыннан азаматтық белсенді. Отбасым тұратын Дулатов бойындағы жатақ үй осыған дейін қараусыз қалған, жағдайы сын көтермейтін нашар күйде болатын. Қаңғыбастар мен кім көрінген келіп подъезінде түнеп-ластап кететін. Анам белсенділік танытып, тұрғындардан қол жиып, сұрқы қашқан үйдің шырайын келтіруге бастама болды.  Су-жарық қостырып, жылыту жүйесіне жалғатты. Ортадан жылу жиып, жетпегенін жанқалтасынан қосып, ұйымдастыру жұмысын тиянақтап жүргізген. Анам осылай тұрғын үйдің жағдайын жақсартып, көршілер арасында құрметке ие болған адам. Белсенділігін осы тұрып жатқан үйіне жанашырлық танытудан бастады. Дулат Ағаділдің өлімінен кейін білек сыбанып кірісті, – дейді қызы.

Ол анасының қоршаған ортаға қатысты өзекті және азаматтардың тұрмыс-тіршілігіне қатысты мәселелер жөнінде бірталай бейбіт митингтерде талабын білдіріп келгенін айтады. «Айбек Каримовтың басшылығы кезінде, 2012 жылдары қала әкімдігі Оптовка деген базарды сүріп саябақ салмақ болғанда да анам ерекше көзге түскен. Саудадан басқа табыс көзі мен жұмыс орны жоқ Семейде қаншама отбасыны асырап отырған нәпақасынан айырмауды талап етіп, араша түсу арқылы сауда орнын алып қалған». Туыстары мен таныстарының сөзінше, Қалиева ешбір партия я саяси ұйымға мүше емес, қатардағы шыншыл белсенділердің бірі.

– Анам ініме (Азиз Жолатов) тоңып кеттім, мені алаңнан алып кет деп телефон соққан екен. Азиз алаңға барып, адамдардың арасынан анамды іздеген. Сол кезде камераға түсіп қалған болуы керек. Анамды таба алмай үйге қайтып кеткен. Білуімше, анам 6 қаңтар күні бейбіт шеру болып жатыр дегенді естіп орталыққа барған. Сонда Дәулет аға (Мұқажанов) жараланған кезде ұстап әкеткен, қазір қамауда отыр, – дейді Кербез.

Қарулы жасақ бейбіт адамды тепкіге алды, тапанша тақады»

Жақындары Азиз анасын таппай, қызының кеңсесіне келген бетінде «терроршыларға ұқсас қарулы топ» ұстап әкетті дейді. Кейін оның полицияға жеткізілгені белгілі болған. Ұстау кезінің тікелей куәгері әрі өзін «зардап шегуші» санайтын Азиздің қалыңдығы Наргиз Момбаева оқиғаның мән-жайын баяндап берді.

– 6 қаңтарда сағат 15.00-ге қарай Азизбен әңгімелесіп отырған кезде жұмыс орныма есікті жұлып алардай баса көктеп кіріп келді. Қолына мылтық ұстап, мұздай қаруланған азаматтық киімдегі (қарапайы еркін үлгіде қиінген) он шақты адам… Ешкім өзін таныстырмады, дүрсе қойып дөрекі сөйлеп кетті. Оны отырған жерінен етпетінен құлатып бірден ұрып-соға бастады, кейбірі дауыс көтеріп жатты. Мені шеткері итеріп жіберіп, бетімді қабырғаға күштеп қаратты. Басыма тапанша тіреп тұрғаны мойын бұрсам атам деп қайта-қайта нұқи берді, нұқи берді. Сонда да көзімнің қиығымен қарауға тырыстым. Жерге жатқызғаннан кейін дәлізге сүйрелей жөнелді. Бәрі бөлмеден шығып бара жатқан кезде артынан көргенім – Азиздің басын қабырғаға соғып, қылқындыра бастады. Ары қарай жабылып тепкіледі, қиналғаны айғайлағанынан білінеді. Біреуі кері келді де айқайға салып кабинетіме кіргізді. Шошынғаннан лезде есікті кілттеп алдым. Шу басылған соң артынан шықтым. Дәліздің едені қан-қан, оның үстінде сүйрелген қолының ізі айғыздалып қалған. Күзетші де араша болуға тырысқанын айтты. Артынан барғанда нелерің бар, ешкімге зияны жоқ бала ғой дегенінде жайыңа жүр, аралассаң, сені де алып кетеміз деп оны да қорқытыпты. Күзетші Азиздің қолына кісен тағылғанын, бет-аузы қансырап, шығарда есінен танып бара жатқанын көрген. Сөйтіп үш көлікке салып әкеткен, – дейді бойжеткен.

Бауырының осындай озбырлықпен ұсталуына ашынған Кербез «жазықсыз адамды аяусыз тепкілеген Семей қаласының полициясы өздері бассыздыққа барып, террорлық акт жасады» деп есептейді. Ол Азиздің Орталық полиция бөлімшесіне, одан кейін Затон ауданындағы уақытша ұстау изоляторына  жеткізілген дейді.

Жақында кәмілет жасына толған Азизді қалыңдығы «бойшаң, сымбатты, қолы ашық, әрдайым айналасына көмектесіп жүретін, жұмыс талғамайтын еңбекқор» деп сипаттайды. Биыл отбасы құруды жоспарлаған екен. «Баспаналы болуға ақша жинап жүрген. Екі жыл таныстығымызда аузына ішімдік түгілі шылым татып алмайтын. Достары мен ортасы жақсы, спортпен айланысатын, күнде ертеңгісін жүгіретін, турзизм-бизнес жоба жүргізбек ниетте еді. Ортамызда саясат туралы сөз мүлдем қозғалмайтын, көбіне жеке тұлғалық дамуға арналған кітаптарды талқылаймыз» дейді.

Жақындарының айтуынша, «Азиз ішімдік ішпек түгілі бейәдеп сөз сөйлемейтін. Нендей жағдай болса да тәртіпті ұнататын, әділ әрі саналы жігіт. Оны бүлік-арандатуға барады деген жала».

ШҚО моделі: Үнсіз полиция, қорқытатын прокурор

Самайына тапанша тіреген әскерилердің «оспадар операциясынан» кейін 19 жастағы Наргиз Момбаева ұзақ уақыт психологиялық күйзелісте болған.

– Үйге оралған соң бірнеше күн күйзеліске түстім. Ас батпайды, су сіңбейді, ұйқым қашты. Көргенімнің бәрі көз алдыма елестей берді. Есімді жиып, өзіме келгеннен кейін жұмыс орныма барып бейнебақылаудың жазбасын сұраттым. Кіреберісте камера бар. Өміріме қауіп төгендіктен арендатор ретінде жазбаны көруге құқығым бар ғой деп кеңсенің әкімшісіне өтініш білдірдім. Ол басшылық рұқсат бермегенін айтып, осы айдың жалдау құнын өтеуді не орынды босатуды сұраймыз деді. Мазам кетіп, абдырап отырғандықтан ата-анам заттарымды жиып үйге әкелді, – деді.

8 қаңтарда таңғы сағат 7.15-7.47 кезінде 102-ге полиция нөміріне хабарласып, адам ұрлау және өміріне қауіп төндіру фактісі негізінде бейтаныс топтың үстінен арыз түсірген. Қатты қорыққаны сонша жеке басының қауіпсіздігі үшін алаңдап, үйіне келуге рұқсат етпей арызды ауызша алуын сұраған. «Шақыру белгісі 11-інші деп таныстырған әйел полицей шағымымды қабылдап алды. Бірер сағаттан кейін полициядан бір инспектор қоңырау шалып, толығымен сұрады. Одан кейін ешкім хабарласпады, тіпті арыздың реестрге тіркеу нөмірі жайлы ешқандай мәлімет бермеді» дейді.

Наргиз арада бірер күн өткенде, қаңтардың 12-сі сағат 14.30 шамасында анасымен қалалық прокуратураға барған. Оларды өзін прокуратура қызметкері ретінде таныстырған, бірақ аты-жөнін атамаған бір адам ішке кіргізбестен жүгіну себебін сұраған. Азизді кімдер ұстағанын білу жолы, процедура барысы жөнінде кеңес алмақ ниетін жеткізген.– Көзімізше қалта телефонымен біреуге хабарласты да жақындарыңызды полиция ұстаған, ол тергеуде деді. Маған жасалған қысымға байланысты арыз түсіретінім туралы айтқанымда долданып, «арызданар болсаңыз, сізді өз қолыммен сыбайласы ретінде жазып беремін, алып кететін болады, сондықтан жазбаңыз» деп қорқытып, шығарып салды. Кейін қоңырау шалғанымызда «құпия іс», «ешқандай мәлімет берілмейді», «бес-алты баппен тергеліп жатыр» деді. …Оны қанша бұзақылық жасайды десе де сенбеуші едім. Ол тәртіпті жақсы көретін, бүлікке барды дегені жалған, – дейді.

Құқық қорғаушылар прокуратура өкілінің жәбірленушіге анасының көзінше сес көрсетуін адам құқығын өрескел бұзу деп бағалайды.

Сәбиін жетектеген Кербездің «полициядан көрген құқайы»

Кей деректерге қарағанда, 272-баппен Семей қаласының 14 тұрғыны істі болып жатыр. Олардың көпшілігін Семейден этаппен Өскемендегі ОВ156/01 түзеу мекемесіне алып кеткен. Оның ішінде Кербездің анасы мен бауыры бар.

Анасы мен бауырын көрмегелі көп болған Кербездің қазіргі күндері  Семей мен Өскеменнің арасында абақтыда отырған белсенділерге туыстары табыстаған сәлем-сауқат, керек-жарақты тасумен өтіп жатыр. Жасақ оғынан екі аяғы мүгедек болып қалған Дәулет Мұқажановқа еріктілердің көмегімен арба сатып әперді.

– Қаңтардың 22-сі сағат 10.00-да учаскелік полиция тергеуші сұрақ-жауап алуға шақыртып жатыр деп үйден ешқандай құжатсыз баламмен әкетті. Орталық полиция бөліміне апарып, тергеушінің кабинетіне кіргізді. Ол «анаңыз бойынша сұрақтарымыз бар, отырыңыз да жауап беріңіз, міндеттісіз» деп мәжбүрлеуге тырысты. Мен адвокатсыз ешқандай жауап бермейтінімді айтып, анамның қоғамдық қорғаушысы болғандықтан, жауап алуға құқығы жоғын ескерттім.  «Ендеше, көрсетпе беруден бас тартамын деп жазып бер немесе камераға айтып бер» деп дөрекілік танытты. Сонда да көнбедім. Айқай-ұрыспен әрең қашып шықтым. Ізімнен қуып жеткен учаскелік полицей Мұрат Ашқанов «тергеушінің әрекетіне қатысы жоғын, өздері жайлы ешкімге айтпауын» сұрап асты-үстіме түсті. Зейнет жасына жақындағанын алға тартқан ол бұрын бөлім бастығы болып жүргенінде көп қысым көрсетуші еді, – дейді қапаланып.

Кербез 18-і Өскеменге жіберілген анасының 23 қаңтарда қайта Семейге әкелінгенін кеше естіген. Арнайы прокурор көмекшісі Мұстафинге хабарласқанда ол растаған. Қазір Затон ауданындағы абақтыда. Қалиеваның қызын қоғамдық қорғаушы деп тану жөнінде «өтініш түсіруге бюрократия бөгет жасап тұр». Анар Қалиева адвокаты барынан бейхабар. Қазір Затон ауданындағы түзеу мекемесінде отыр.

– Анамның тергеушісі мен мемлекеттік адвокаты уақытылы хабардар етеді. Бірақ інімнің хәлі, оның қорғаушысы мен терегеушісі туралы ақапарат жоқтың қасы. Заң бойынша жақынын хабардар етуге міндетті болса да ешкім хабарласпады, – дейді әпкесі.

Жолатовтар отбасының адвокаты Мейіржан Досқараев тілшіге апта ортасынд а астанадан Семейге баратынын, іске енді кірісіп жатқанын айтты. 272-бапқа байланысты істерді полицияның орнына жүргізіп жатқан арнайы прокуратура өкілі Мұстафин редакция қоңырауына «барлық сұрақ бойынша облыстық прокуратураға жүгініңіздер» деп қысқа қайырды. Облыс прокуроры Алмат Байшолақовқа байланысу мүмкін болмады. Өңір прокурорының аға көмекшісі Мақсат Тоқсанбаевтан Қалиева мен Жолатов қатарлы «жаппай тәртіпсіздік» айыбы тағылған азаматтардың ісі бойынша ресми мәлімет беруді сұрағанда, жазбаша хат жолдаған жағдайда тездетіп жауап беруге уәде еткен. Редакция жіберген ресми сұрауға материал жарияланар уақытқа дейін ешқандай жауап келмеді.

Семей сілкінісі

Жаңаөзенді қолдаған наразылық Семейде 5 қаңтар ертеңгісін, Өскеменде сол күні кешке басталған. Өңірдегі екінші қалада алғашында күндіз бейбіт түрде өткен. Кешкі сағат 20.30 шамасында мобильді байланыс пен интернет ажыратылғаннан кейін полициямен қақтығыс болған. Қақтығыс салдарынан әлебіреулер әкімдікті басып алған. Содан 10 қаңтарға дейін интернет қосылмады.

Кей деректер бойынша, 5 қаңтар күні Семейде шамамен 3 мыңдай адам жиналған. Осыған дейінгі ШҚО Полиция департаменті таратқан хабарға қарағанда, 1100 адам ұсталып, оның 79-ы қамауға алынған. Қаңтардың ортасында облыс коменданты, полиция полковнигі Серік Жүнісбеков наразылық кезінде 100 тұрғын және күштік құрылым-полицияның 111 қызметкері жарақаттанғанын мәлемдеген.

Адам құқықтарын қорғайтын «Ар.Рух.Хақ» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақытжан Төреғожина қаңтарда елде болған тәртіпсіздіктер кезінде Семейде 488-баппен (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «бейбіт жиындарды өткізу-ұйымдастыру тәртібін бұзу» жайлы бап – ред.) қазірдің өзіне жүзге жуық адамға сот үкімі шығып үлгергенін хабарлады. Ал Қылмыстық кодекстің 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздік») бойынша кемінде семейлік 13, тағы бір деректе 17 адамға іс ашылып, олар сот санкциясымен Өскемендегі тергеу изоляторына жіберілген. Семейде түзеу мекемесі болмағандықтан, Өскемендегі ОВ156/1 абақытсына жіберілгендердің қатарында – Азиз Жолатов, Райгүл Садырбаева, Алия Исенова, Бибігүл Қоқанбекова, Фарит Ишмухаметов, Нұржан Сембаев, Кенжебек Сұлтанбеков, Толқын Шауалиева, Тимур Иржанұлы, Данияр Букпенов, Ерғали Ембергенов бар.

Белсенді анасы мен бауырын іздеген Кербез Егінбаева (сол жақтан үшінші). Фото: Orda.kz

Күлтегін Аспанұлы  «Орда.кз»

https://kaz.orda.kz/semejdegi-tol-u-prokuratura-men-policijany-ozbyrly-y-tken-otbasy/

Поделись, чтобы люди узнали:
.