Семей қаласындағы Қазпошта филиалдарының бірінде оператор болып істейтін 25 жастағы Данияр Бүкпенов осы уақытқа дейін саяси талаптармен наразылыққа шықпаған. Отбасы құра қойғанына көп болмаған Данияр мен Аиданың екі жасар ұлы бар. Ол үнемі қасына алып жүретін әкесін іздеп жүр, көрмегеніне осымен бір аптаға таяды.
Аида Бүкпенова жолдасының 6 қаңтарда бейбіт шеруге талап білдіруге емес, «интернет өшіп қалғандықтан, жай қызығушылықпен көру үшін барғанын» айтады. Жиналған көпшілік пен маңайын сырттай телефон камерасына түсірген. Отбасының сөзінше, Данияр алаңда ұзақ бөгелмеген, 10-15 минутта полиция алып кеткен.
«Полиция бөлімшесі – адам хақын аяққа таптайтын азапхана»
Әкесі Бақыт Бүкпенов полиция «үш сағат екі қолын байлап, ұрып-соғып азаптап мойындатуға тырысты» дейді. Тағар айыбы болмаған соң босатып жіберген. «Аяғының сан жағы мен арқасы көкпеңбек. Әбден жанын алған, көлікті өзім алып қайттым» деп ашынады.
Туыстарының сөзінше, 6 қаңтарда сағат 14.00-15.00 шамасында ұсталған Даниярды құқық қорғау органдары үш сағат дамыл таппастан азаптаған.
– Өте қатты аяусыз соққан. Бір жұмадай өзіне келе алмай жүрді. Түнде қайта-қайта шошып оянатын. Анда (тергеу мекемесінде – ред.) жанұшыра айқайлаған дауыстар есінде қалып қойған. Қайынатам ұшықтау керек деді. Аяғы мен арқасына жақпаған дәріміз жоқ. Жауырында ұзын-ұзын дубинка іздері қалған, әлі кете қоймады. Оның айыбы болса, босатпас еді ғой. Егер кінәлі болмаса, неге азаптайды. Осының өзін айтуға қорқып отырмын, қазір бәрін жайып салсам, арғы жақтан қайтадан ұра ма деп алаңдаймын, – деп Аида қайынатасының сөзінен кейін бұйығы райы ашыла айтты.
Жас келіншектің алаңдайтын себебі – бастапқыда тағарға кінәсі болмай босатқан жолдасын полиция кері шақыртып алып, сол күйі қаматып жіберген. Осы күні Аида Семейден Өскеменге қатынап жүр.
Телефондағы фото-видео ілік пе?
6-сы үйіне оралған жігітті 14-іне қарай Әуезов ауданындағы полиция бөлімшесінен жұмыс орнына хабарласып келіп-кетуге шақырған. Себеп – бірінші барғанда «қалтасынан түсіп қалған телефонындағы бейнежазбаларды ілік қылып, жалалы іс қозғап отыр» дейді.
Бүкпеновтің адвокаты Ербол Аққұжанов тілшіге іс Қылмыстық кодекстің 272-бабының («Жаппай тәртіпсіздік») екіншігі бөлігімен қозғалғанын айтты.
3-ші топтағы мүгедектігі бар Аида жарынсыз тұрмысы қиындап, қазір ата-енесінің қасына көшіп келген. Бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылмақ түгілі ұсақ бұзақылық жасап көрмеген дейді.
– Бұрын-соңды қақ-соқпен ісі болмаған, жөнімен жүретін. Басында үйі, астында көлігі, жұмысы мен отбасы бар. Олай күні-түні шерулетіп жүруге себеп жоқ, – деп көзіне ыстық жас алған келіншек оқиға күнін еске алды.
– Ол көлігімен мені жұмысқа апарды. Кейін алаңнан айналып өтерде шетіне тоқтап, жиналған жұртты сырттай көру үшін түсіп, айналасын телефонына суретке тартқан.
Полиция шақыртуымен 14 қаңтар сағат кешкісін 17.00-ге қарай туыстарымен бірге бөлімшеге барған.
«Бізге кіруге болмайды, күте тұрыңдар деді. Көлікте жылынып отырайық деп кілтті беруді сұрағанда, Даниярдың өзі қазір шығады деп бергізбеді. Сыртта бес сағаттай тостық. Түнгі 21.00-де Орталық полиция бөлімшесіне алып кеткенін хабарлады» дейді әйелі.
Аида Алматы мен Семейдегі жағдайды салыстыруға болмайтынына назар аудартып, митинг күндері бейберекет бұзақылық, ұрып-соғу, ұры-қарылық орын алмағанын, тергеу ісі әр өңірдегі ахуалға сай әділ жүрсе деген пікірде.
– Бүлікке араласпаған, жай көріп қайтайын деген. Өзі үшін телефонға түсірген. Арандатуға араласатын бала емес. Осы дүйсенбіде (17 қаңтарда – ред.) тергеу соты онлайн өтті. Әйелінің үшінші топ мүгедегі екенін және асырауында жанұясы барын ескермей екі айға жауып тастады. Енді 13 наурызға соты белгіленіпті. Өскемендегі тергеу изоляторына әкетті. Жазықсыз қудаланып жатыр, тағы бірдеңені қолдан іліп жібермесе, – деп алаңдайды әкесі.
Қорғаушы Аққұжанов та соттың іске атүсті қарағанына наразы. Ол бұлтартпау шарасын бәріне бірдей емес, тараптардың жағдайына қарай жан-жақты қарастырып қолдану керектігін алға тартады.
– Семей қаласының қылмыстық істерді қарайтын №2 сотының тергеу судьясы халықаралық нормативті құжаттар мен кодекс нормаларын, Жоғарғы сот қаулылары негізінде келтірген мән-жайларға көңіл бөлмей, ескерусіз қалдырды. Іс ұзақ мерзімге созылып кетуі мүмкін, жағдайын ескеріп үй қамаққа ауыстыруға болар еді. Тұрмыс жағдайы, отбасы мүшелерінің ахуалы, денсаулық жағдайы, әлеуметтік күйіне мүлдем назар аударылмады. Тап осы және осыған ұқсас істерде прокуратура екі функцияны қатар атқарып отыр: қылмыстық істі тергей отырып, заңдылықты қадағалап отыр. Тергеушілер де бұйрыққа бағынатыны түсінікті, ал соттар тәуелсіз тұлға санала тұра бұл қағидаттарды ескерместен бұлтартпау шарасы ретінде берген санкциясы орынсыз. Бұл үкімге байланысты облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірдік, – деді адвокат.
Абақтыда азаптаудың салқыны сезіледі, тұтқындар айтуға тартынады
Ол қорғауындағы Бүкпеновпен 19 қаңтарда барып кездескен. Данияр 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген бапқа қатыстың айыпты толығымен терістейді.
– Бұл бапта көрсеткен ешбір заңсыздыққа барғамыз жоқ. Тек бейбіт шеруге шықтық, бар болғаны сол дейді. Ә дегеннен-ақ жауап алу кезінде қысым, күштеп мәжбүрлеу болды ма деп сұрадым. Даниярдың жауабынан бірдеңеден үрейленіп тұрғандай, менен жасырып отырғандай әсерде қалдым. Тергеуде қысым көрсетілді деген күдік салады, – дейді Аққұжанов.
Адвокат барған күні ертеңіне, 20 қаңтар қашық жатқан облыс орталығына жол салған Аида да күйеуінің жүзінен қысымның ызғарын аңғарған. «Тергеу кезінде азаптап жатыр деп ашып айтпағанымен, қағаздарды оқымаса да қол қойғызып алған. Осыған дейін мұндай сұрау-жауапқа түспеген оның психологиялық қысым көріп жатқаны анық. Қиналысын маған білдіргісі келмейді. Бір жағы, ер адам болған соң да жасыратыны белгілі. Ол керісінше қалай жеттің, жолпұлың бар ма деп менің жайыма алаңдаулы» дейді.
Халықаралық және елдегі тәуелсіз саясаттанушы-құқық қорғаушы сарапшылар бейкүнә азаматтардың жаппай істі болуы – биліктің «сырттан ұйымдастырылған мыңдаған содырының» картинасын жасауға, қоғамды халықтық толқудан біржола бетін қайтару үшін жасалып жатқан ауқымды репрессия деп бағалайды. Дүниежүзіндегі түрлі қауымдастықтар, заң саласындағы мамандар ұсталған терроршылардың және бейбіт наразылар мен кездейсоқ ұсталған бейбіт тұрғындардың аражігін ашық әрі әділ ажыратуға шақырып келеді. Президент Тоқаев та адам құқықтарының бірінші орында қорғалуына жіті мән беруді тапсырса да ІІМ мен Бас прокуратура кеңінен етек алған қуғындауды тоқтатар шешім қабылдай қоймады.
Семей сілкінісі
Облыс прокуроры Алмат Байшолақовқа байланысу мүмкін болмады. Бірақ өзін өңір прокурорының аға көмекшісі деп таныстырған Мақсат Тоқсанбаевтан Данияр Бүкпенов қатарлы 272-баппен істі болған азаматтардың ісі бойынша ресми мәлімет беруімізді сұрағанда, жазбаша хат жолдау қажеттігін айтып, барынша жылдам жауап беруге уәде етті. Редакция жіберген ресми сұрауға материал жарияланар уақытқа дейін ешқандай жауап келмеді.
Жаңаөзенді қолдаған наразылық Семейде 5 қаңтар ертеңгісін, Өскеменде сол күні кешке басталған. Өңірдің екінші қаласы Семейде алғашында күндіз бейбіт түрде өткен. Кешкі сағат 20.30 шамасында мобильді байланыс пен интернет ажыратылғаннан кейін полициямен қақтығыс орын алған. Әскерилерге күш жұмсаған. Қақтығыс салдарынан әлдебіреулер әкімдікті басып алған. Содан 10 қаңтарға дейін интернет қосылмады.
Кей деректер бойынша, 5 қаңтар күні шамамен 3 мыңдай адам жиналған. Осыған дейін ШҚО Полиция департаменті 1100 адамның ұсталғанын, оның 79-ы қамауға алынғанын мәлімдеген. Қаңтардың ортасында облыс коменданты, полиция полковнигі Серік Жүнісбеков Өскемен ауруханасындағы жаппай тәртіпсіздіктен соң үш адамның өлімі тіркелгенін айтқан. Департамент басшысының дерегінше, облыста наразылық кезінде жүз тұрғын және күштік құрылым-полицияның 111 қызметкері жарақаттанған.
Адам құқықтарын қорғайтын «Ар.Рух.Хақ» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақытжан Төреғожина қаңтарда елде болған тәртіпсіздіктер кезінде Семейде 488-баппен (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «бейбіт жиындарды өткізу-ұйымдастыру тәртібін бұзу» жайлы бап – ред.) қазірдің өзіне жүзге жуық адамға сот үкімі шығып үлгергенін хабарлады. Ал Қылмыстық кодекстің 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздік») бойынша кемінде семейлік 13, тағы бір деректе 17 адамға іс ашылып, олар сот санкциясымен Өскемендегі тергеу изоляторына жіберілген. Семейде түзеу мекемесі болмағандықтан, Өскемендегі ОВ156/1 абақытсына жіберілгендердің қатарында – Анар Қалиева, Азиз Жолатов, Райгүл Садырбаева, Алия Исенова, Бибігүл Қоқанбекова, Фарит Ишмухаметов, Нұржан Сембаев, Кенжебек Сұлтанбеков, Толқын Шауалиева, Тимур Иржанұлы, Данияр Букпенов, Ерғали Ембергенов бар.
Құқық қорғаушы Төреғожинаның сөзінше, 6 қаңтарда қабылданған Төтенше жағдай режимін бұзды деген себеппен тағы көптеген адамға іс қозғалып жатыр. Ұйым тізімге тек ТЖ енгізілгенге дейін ұсталғандарды қосқан, сондай-ақ үш сағат түсіндіру-тергеу жұмысынан кейін босатылған азаматтар жалпы есепке енбеген.
Күлтегін Аспанұлы Орда.кз
https://kaz.orda.kz/semejdegi-soj-an-policija-bejbit-t-r-yndy-azaptap-stinen-is-oz-a-an/
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.