Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Семейде полиция мен изоляторда екі жігіттің көз жұмғаны хабарланды

Қаңтар айының алғашқы онкүндігіндегі жағдайға қатысты Шығыс Қазақстан облысында мыңнан аса адам ұсталды. Оның екеуі полиция ғимараты мен изоляторда «азапталып қаза тапқаны» айтылады.

Құқық қорғаушылар көрген жасырын қысым

Orda редакциясы «қанды қаңтар» оқиғаларына байланысты Шығыс Қазақстан облысында ұсталғандар мен зардап шеккендердің мәселесін көтеріп келеді. Ресми органдарға сұрау жолдады. Редакция тергеу-ұстау мәселелері ушыққан өңірге барып, жұмыс істеп жатқан құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтен қазіргі жағдай туралы сұрап-білді.

– Ақпанның алғашқы екі күнінде 40 шақты арыз түсті, өзекті деген 24 істі прокуратураға өткіздік. Қазір 60-тан асты. Бүгін прокуратура осы істер бойынша процессуалды шешіммен таныстырады және қаза тапқан екі кісінің өліміне байланысты істің мән-жайы мен тергеу барысы жөнінде ақпарат беруге тиіс, – деді құқық қорғаушы.

Ол бейбіт митинг дүрбелеңге айналар күні әкімдік маңында және ғимаратында фотоға түсіп қалғандарға Қылмыстық кодекстің 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздік») 2-бөлігімен айып тағылғанын айтады. «Оқиға орнында болды деген сөз оның құқық бұзушылық жасағанын білдірмейді. Нақты дәлел болса, жөні басқа».
– Алғашында бәрі бейбіт митинг болады деп барғаны белгілі. Онда әкімдік пен прокуратура қызметкерлері де жүрді. Бұзақылық жасамаған, қиратып-бүлдірмеген, тек бейбіт жиынға талабын айтуға барғанның бәрін бүлікші етуге болмайды. Осы мәселені көтердік. Жазықсыз әйелдерді абақтыдан үйқамаққа ауыстыруды талап етіп жатырмыз. Бейбіт жиынға қатысқандардың бәрін әкімдікке басып кірді деуге болмайды. Тергеу әлі біразға созылуы мүмкін. Тоқаевтың бейбіт наразыларға жеңілдік жасалсын деген тапсырмасын ұмытпау керек. Бүгін жақсылап қарап шыққан тағы 10 арызымызды өткіземіз, – деді Қалиев.

Облыстағы құқық қорғаушылар мен адвокат-журналистердің сөзінше, құзырлы органдар мен жергілікті атқарушы билік тарапынан өздерінің кәсіби жұмысына кедергі жасап, ел ішінде үрей тудыратын манипулятивті ақпарат тарағаны байқалады.
– Әлдекімдер жергілікті тұрғындардың арасында қауесет таратып, туыстарына араша іздегендерді үркітуге тырысып жатыр. Олар «адвокаттармен байланыспаңдар, олар биліктің адамдары, оларға шықсаңдар изоляторда отырған туысқандарыңның жағдайы нашарлауы мүмкін» деген негізсіз жалған ақпарат таратуда. Сонымен қоса, кей қорғаушылар өзіне жүгінген азаматтардан қомақты гонорар сұрап жатқаны, несие алуға итермелегені туралы белгілі болды, – дейді туындаған қиындықтар туралы.

«Құқық қорғайтын органдағы өлім»

Бұған дейін редакция өзіне жүгінген азаматтардың уәжімен Семейдегі полиция мен прокуратураның адам құқықтарын өрескел бұзғаны жайлы бірнеше мақала жариялаған. Аты-жөнін көрсетпеуді сұраған куәгердің бірі қаңтар оқиғаларынан кейінгі тергеу кезінде полиция бөлімшесінде «азаптаудан бір жас жігіттің көз жұмғанын» көргенін жеткізген. Orda осы жағдай жөнінде ақпарат сұрап ІІМ мен жергілікті Полиция департаментіне жүгінген. Ресми өкілдер 6-10 қаңтар аралығында кісі өлімі болмағанын айтып, ақпаратты жоққа шығарды. Алайда бүгін редакцияға туыстары мен құқық қорғаушылардың көмегімен Семей қаласында 11 және 17 қаңтар күндері екі азаматтың құқық қорғау органдарының қолында қаза тапқаны жөнінде хабарланды.

Құқық қорғаушы Ерлан Қалиевтің тілшіге айтуынша, 26 жастағы Елдос Қалиевті 10 қаңтарда ұстап әкеткен. Келесі күні кешкісін мәйітханадаг хабар берілген. Алдын ала мәліметтер бойынша, мұрны мен қабырғалары сынған, басы мен белден төмен жерлері қанталап зақымданған. Екінші марқұм, 36 жастағы Жандос Жотабаев қаңтардың 6-сы ұсталған. 8-і қамауға алынып, 17 қаңтарда уақытша ұстау абақтысының қызметкерлері жедел жәрдем қызметін шақыртқан. Сол түні қайтыс болғаны тіркелген. Марқұмның жұбайы облыстық ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасына шағым түсірген, олар оны Антикорға жолдаған. Аталған екі бірдей өлім жағдайына байланысты қылмыстық іс қозғалған я қозғалмағаны әзірге белгісіз.

ШҚО прокуратурасы: 30 арыздың үшеуіне ғана іс ашылған

Редакция жолдаған сұрау хатқа сәйкес Шығыс Қазақстан облысының прокуроры Алмат Байшолақовтың берген жауабында 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздік») 2-бөлігі, 255-бабы («Терроризм актісі») 4-бөлігі, 380-бабы («Билік өкiлiне қатысты күш қолдану») 3-бөлігі бойынша қозғалған қылмыстық істер шеңберінде өңірде 108 адам ұсталғаны хабарланған. Өскеменнен 47 адам, Семейде 61 адамның барлығы бұлтартпау шарасы негізінде қамауға алынған. Қазір олар Өскемендегі ҚАЖД ОВ-156/1 мекемесінің тергеу изоляторында отыр.

Сонымен қоса, 488 азамат (ӘҚБтК-нің 488-бабымен, «Митинг тәртібін бұзу») әкімшілік жауапқа тартылған. Ұстау-тергеу кезінде жасалған құқық бұзушылықтар мен полицияның өкілеттігін асыра пайдаланғаны жөнінде прокуратура органдарына 30-дан аса шағым түскен. Дегенмен мұның тек 3-еуіне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған.  

Байшолақов «ұсталғандардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу мақсатында кезекші прокурорлар мекемеге күнделікті тексерулер жүргізеді» дегенімен, полиция ғимаратының қабырғасынан екі адамның өлі шығуы қоғамда көп күмән туғызды.

 

ШҚО-дағы Семей қаласының ІІБ. Фото: ашық дерек

Култегін Аспанүлы

https://kaz.orda.kz/semejde-policija-men-izoljatorda-eki-zhigitti-k-z-zh-m-any-habarlandy/

Поделись, чтобы люди узнали:
.