БАРШАҢЫЗҒА МАКС БАТЫРДАН СӘЛЕМ, ДОСТАР!
Бүгін сағат 16:30-да маған Макс Боқаев телефон соқты. Әрине, қуанып қалдым!
Макс батырмен болған әңгіменің қысқаша нобайы: «Ассалаумағалейкүм. Мен Макспын ғой, аға. Ақтөбеден хабарласып тұрмын». «Ой, айналайын, Макссың ба? Уағалейкүмассалам. Қалайсың?». «Аман-есенмін. Күн батады, таң атады дегендей, уақытым қазір негізінен кітап оқумен өтеді». «Ия, әрине, сенің жағдайыңда ол да керек шаруа. Әйтеуір, аман болсаң болды». «Жақында бір газеттен полицияның сізді көшеде ұстап, қамағанын оқып, хабарласқым келген, соның сәті бүгін түсті. Денсаулығыңыз қалай? Күш көрсетіп, зақым келтірмеді ме иттер?». «Рахмет. Автозакқа қолымды қайырып апарып отырғызғаны болмаса, пәлендей зиян келген жоқ. Тек қамауда, әдеттегідей, қан қысымым көтеріліп, жедел жәрдем шақырды». «Бұлардан бәрін күтуге болады. Не үшін ұстап еді?».
«Әдетте, акция қарсаңында үй алдында аңдып, шыққан бойда алып кететін, бұл жолы басқаша болды. 6-шы шілдеде Жоңғарды туған күнімен «құттықтау» үшін спорт сарайына бара жатқанымда жол тосып, Абай-Байтұрсыновтың қыйылысында ұстады». «Түсінікті. Мақсаттары — қайткенде халықтың үнін шығармай, езіп-жаншу ғой». «Солай. Сорлы режимнің қолынан басқа не келетін еді, үйреншікті жағдай ғой. Бізді қойшы, алаңдап отырғанымыз — тар қапаста отырған сендер ғой. Бұл тұрғыда, Макс айналайын, халық сенің биліктің дегеніне көнбей, табандылық көрсетіп отырған қайсарлығыңа дән риза! Сол үшін сені құрметтеп, сыйлайды. Режимнің шеңгеліне іліккендердің біразы бұл сынақтан өте алмағаны белгілі ғой, сондықтан сені өзгелерге үлгі қылады». «Рахмет. Халықтың мені қолдайтынын мен әркез сеземін, бұл маған күш-қуат береді. Бұрын ҰҚК-нің бір қызметкері өзі бетпе-бет жолығып, келісімге келу жөнінде үгіттейтін. Мен оның атын атап, бірақ фамилиясын айтпай бұл жөнінде жариялаған соң келуін қойды, түрме қызметкерлері арқылы ықпал етуге тырысады».
«Не де болса, бәріміз сенің тілеуіңді тілеп, тезірек бостандыққа шығуыңды күтіп отырмыз. Халқың қашан да өзіңмен бірге!». «Рахмет. Барлығына сәлем айтыңыз, Хабарласып тұрам ғой». «Саған Алла Тағала жар болсын!». «Әумин!».
Қас қылғандай, тура Макстың хабарласары алдында интернеттің бөлініп қалатын «ауруы» ұстап, тек осыдан 10-15 минут бұрын «сауықты». Соны пайдаланып, жазып қойған постымды жариялап отырмын.
Батыр азаматымыздың сәлемін қабыл алыңыздар, достар!
Жасарал Куанышалин
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.