«Қазақстан Бағалаушылар қауымдастығы» Палатасында қаржылық есеп берілмейді, мүшеліктен заңсыз шығарады” деген азамат қоғамнан және құзырлы органдардан көмек сұрады. Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросында «Қазақстан Бағалаушылар Қауымдастығы» палатасының бұрынғы мүшесі Даулет Шадмет, бағалаушы Қанай Жүнісов және олардың қорғаушысы Жанар Балғабаеваның қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Олар Палатадағы заңбұзушылықтарды тізіп, ұйымның қаржылық есебінің жоқтығына назар аударуға шақырды. Алдымен сөз кезегін алған Даулет Шадмет былай деді: «Бағалаушылар Палатасы тарапынан заңсыздыққа тап болдым. Өзім де соның мүшесі едім. 2018 жылы бұл Палатаның жұмысын реттейтін жаңа заң күшіне енді. Министрлік бірқатар функциясын палатаға тапсырды. Содан кейін Палата өз өзін басқаратын ұйымға айналды. Дәлірек айтқанда, бағалаушыларды рецензицялау және бақылау функциясы берілді. Одан бөлек, сараптама жасау қызметіне де ие болды. Палатаның қатарында жүздеген мүшесі болды. Олардың әрқайсысы жылына 25 айлық есептік көрсеткіш көлемінде мүшелік жарна төлеп тұруы тиіс еді. 2023 жылдың желтоқсанында Палатада басқару органдарына кезектен тыс сайлау өтті. Палата басшылығы өрескел заңбұзушылықтар жасады. Сайлаудың қорытындысына келіспей сотқа жүгіндім. Сол сот процесінде Палатаның басқа да қызметіне байланысты заңбұзушылықтар ашылды. Дәлірек айтқанда, қаржы мәселесінде кемшіліктер табылды. Бұл туралы мен Палата мүшелеріне чат арқылы хабарладым. Аудиторлық есептің қорытындысын көрсеттім. Ондаған миллион теңгенің жымқырылғанын білдім, салық толық төленбегінін анықтадым. Біршама уақыттан соң сот әділетсіз шешім қабылдап, менің арызымды кері қайтарды. Осыдан кейін аудиторлық есепті жариялағаным үшін Палата басшылығы мені мүшеліктен шығарып тастады. Осыдан кейін тағы да сотқа жүгіндім. Жылдық есеп беру жиынында кеткен қателіктерді тізіп көрсеттім. Оның ішінде жұмсалған қаржы туралы есеп сұрадым және келер жылдың бюджетіне қатысты сұрақтар қойылды. Бірақ, бұл жолы да сот әділетсіз шешім шығарды. Одан кейін үшінші арызды түсірдім сотқа. Бұл мені Палата қатарынан заңсыз шығаруына байланысты. Күні кеше менің апелляциялық шағымым бойынша сот отырысы өтті. Сол процесте палатаның өкілі мені осымен үшінші сотты жеңілді деп мәлімдеді. Алайда, апелляциялық сатының шешімі әлі шыққан жоқ. Келесі сот отырысы тек қана 27 қаңтар күні өтеді. Сонда жауап беруші тарап болашақты болжай ала ма? Әлде соттың шешімі қандай болатынын алдын ала біле ме? Осы сөзден кейін соттың әділ өтетініне күмәнім бар. Сол себепті қоғамнан көмек сұрауға мәжбүрмін. Енді нақты қандай заңбұзушылықтар өткенін айтып берейін. Біріншіден, басшылық органдарын сайлауға қатысты нормалар Палатаның Жарғысында көрсетілуі тиіс. Бірақ, ондай норма Жарғыда мүлдем көрсетілмеген. Палата басшыларының айтуынша, сайлауға қатысты ережелер жалпы жиналыста қабылданды делінетін бір құжатта көрсетілген. Бірақ, ол құжаттың түпнұсқасын ешкім көрмеген, оны кім және қашан қабылдағаны да белгісіз. Осының өзі заңбұзушылық емес пе? Палата басшылығын сайлау үшін оларға мүшелердің үштен екісі дауыс беру керек. Бірақ, сайлауда бұл ұстаныммен емес, жалпы көпшілік дауыс алған адамды басшылыққа әкелді. 31 наурыз күні жылдық есеп беру кезінде дауыс беруге небәрі 43 адам қатысты. Ал жалпы мүшелердің саны 462 адам. Сонда кворум қайда? Небәрі 10 пайызға жетпейтін мүшесі қатысқан. Мұны қалай заңды шешім деп қабылдаймыз? Екіншіден, қаржылық есепке байланысты. Жарғыға сәйкес, Палата жыл сайын қаржылық есеп беруі тиіс. Бірақ, Палата құрылған 2020 жылдан бастап ол бірде бір рет қаржылық есепті жариялаған жоқ. Қаржылық есепті бір рет те көрмедім. Чат арқылы басшылықтан есеп беруді сұрадым. Жауап жоқ ешқандай. Одан кейін бюджет деген графа бар. Онда да нақты есеп берілмеді. Мысалы, «іссапарға 6 миллион теңге жұмсалды» делінеді. Бірақ, іссапарға неге барды? Қайда барды? Бұл қаржы іссапарда қалай жұмсалды? Оған еш жауап жоқ. Бәрін көрсету керек емес пе? 2024 жылы Палатаның бюджеті 71 миллион теңге болып бекітілді. Жалақыға 25 миллион теңге деп көрсеткен. Бірақ, мемлекеттік органдардың есебінен менің түсінгенім, Палата бір жылда 71 миллионның барлығын жалақыға жұмсаған». «Қазақстан бағалаушылар қауымдастығы» Палатасының басшылығына ыңғайсыз сұрақтар қойған Даулет Шадметті аудиторлық есепті жария еткені үшін қатардан шығарған. Қазір осыған байланысты сот процестері жүріп жатыр. Одан кейін сөз тізгінін алған тәжірибелі бағалаушы Қанай Жүнісов былай деді: «Біз әдейі Қазақстан Халықаралық Адам құқығы Бюросына келдік. Неге? Себебі, біздің конституциялық құқығымыз аяққа тапталып жатыр. Мысалы, Дәулетті заңсыз Палатадан шығарып тастады. Конституцияның 20-бабы бар. Онда азаматтың жұмыс істеуге құқығы бар деп көрсетілген. Дәулетті Палатадан шығарып тастау арқылы сол конституциялық бапты бұзып отырған жоқ па? Біз әділдікті талап етіп отырмыз. Дәулеттің қандай заң бұзғанын көрсетсін Палата. Дәлелдесін соны. Палата не деп отыр? «Дәулет чатта қауесет таратты, сол үшін мүшеліктен шығардық» дейді. Қайда соның дәлелі? Жарияласын соны. Дәулет ашықтықты, шындықты талап етті. Палатадан есеп беруді сұрады. Сол үшін оны мүшеліктен алып тастау керек пе? Азаматтардың сөз бостандығына еркі бар. Сонда сын айтуға, шындықты талап етуге құқығы жоқ па?» Даулет Шадметтің қорғаушысы Жанар Балғабаева оның сөзімен толық келісіп, қазіргі таңда бірқатар арыздар дайындап жатқанын жариялады. «Дәл қазір біз Палата өкілдерімен соттасып жатырмыз. Қанай Жүнісов ұзақ жылдардан бері Бағалаушылар Палатасында қызмет атқарды, көп тәжірибесі бар адам. Даулет Шадмет те білікті маман. Олардың білімін, білігін Палата жұмысын жақсарту үшін пайдаланудың орнына қатарларынан шығарып тастап отыр. Шығарып тастағанда да, барлық құқықтарын аяқасты етіп, заңды бұзып шығаруда. Сотта осының бәрін тізіп көрсетеміз. Біз бірнеше талап хат дайындадық. Осы жағдайлардың бәрін айтамыз алдағы уақытта. Құзырлы органдар Палатаның жұмысында болып жатқан кемшіліктерге назар аударады деп күтеміз», – деді Балғабаева. Қазақстан Халықаралық Адам құқығын қорғау Бюросы бұл соттарға бақылаушы ретінде қатысып, Палата қатарынан шығарылған Даулет Шадметке қажетті құқықтық көмек беруге дайын екенін хабарлайды.
Инга Иманбай Bureau.kz
Обсуждение закрыто.