Оппозиция митингісі өтеді деген күні Шымкентте кемінде екі белсенді ұсталды. Азаматтық белсенді Мөлдір Нұранова «митинг болады» деген Республика көшесінің бойындағы Арбатқа келе жатқан кезде ұсталған. Ал Ермек Қонышбаев есімді азаматты полиция үйінен ұстап әкеткен.
Нұранованың күйеуі азаматтық белсенді Жанмұрат Аштаевтың Азаттыққа айтуынша, әйелі Абай аудандық полиция басқармасында бірнеше белсендімен отырғанын айтқан. Белсенді соңғы рет шамамен үш сағат бұрын Facebook парақшасына тікелей эфирге шыққан. Содан кейін полиция ұстағанын хабарлаған.
— Полицияға хабарласып босатуын талап еттім. Әйелімді неге ұстап отырғаны белгісіз, — дейді Аштаев.
Ал белсенді Ермек Қонышбаевты полиция алып кеткенін азаматтық белсенді Айжан Жолдасова хабарлады. Оның айтуынша, қазір Қонышбаевтың қай полиция басқармасында отырғаны белгісіз.
«Белсендіні отбасы іздеп жатыр. Ал ұялы телефоны сөндірулі тұр. Ол түске таман үйінен шығып, көшеде өзін аңдып тұрған полицейлерге кетуін талап еткен болатын» деді Айжан Жолдасова.
Бұған дейін қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 23 қазанда митингіге шақырған. Саясаткер әр қалада митинг орындарын белгілеген. Шымкентте митинг орны ретінде Арбат аталған.
Сенбі күні қаладағы Арбатпен қатар, Ордабасы алаңы, Қызғалдақ су бұрқағы маңында полиция күзеті күшейтілді. Бірақ бұл маңнан белсенділер байқалмады.
Ақтөбеде сенбі күні күндіз «митинг орны» ретінде белгіленген Орталық стадион маңында полицейлер қаптап кетті. Полиция «күмән туғызған», аялдамада бөгеліп қалған адамдардың құжатып сұрап, «тергеді». Азаттық тілшісі полицияның тіпті балалардың өзіне «неғып жүрсіңдер?» деп сұрағанына куә болды.
Стадион маңында полиция көліктері мен автобустар толып тұрды.
Сенбі күні күндіз Алматы қаласында полиция «митинг орнында» кемінде бес адамды ұстаған. Құқық қорғау органдары адамдарға бір жерге жиналуына мүмкіндік бермеді. Олардың бір бөлігі Арбатта, бір бөлігі Астана алаңы маңында жүрді. Кейбір белсенділер плакат жайып үлгерді. Олар Қазақстанның жоғары лауазымды тұлғаларына санкция салуды, саяси тұтқындарды босатуды, жалақы, зейнетақы өсіруді талап етті.
Нұр-Сұлтанда Кенесары хан ескерткіші маңына полиция көліктері қойылған. Бірақ белсенділер болмаған.
Митинг қарсаңында және өтеді деген күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде белсенділер ұсталып, кейбірі полиция бөлімшесіне шақырылды. Үйінен шыға алмай қалған азаматтар да бар.
Әблязов шақырған митинг қарсаңында, 21 қазанда Қазақстан халықтар ассамблеясының жиынында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «рұқсатсыз митингіге» шыққандар жазаланатынын ескерткен.
Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды бейбіт митингілерге кедергі жасамауға жиі шақырады, бірақ Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың мәлімдемелерін тек ұсыныс деп санайды.
Дилара Иса
Жанаргуль Журсин
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.