Маңғыстауда “Қарақұдықмұнай” ЖШС мұнайшылары сәрсенбіден бері жалақы өсіруді талап етіп, ереуілге шығып тұр. Компания басшылығы олардың талабын орындай алмайтынын айтады.
“Қарақұдықмұнай” компаниясының машинисі Ибрагим Сұлтановтың Азаттыққа мәлімдеуінше, мұнайшылар ереуілі 17 тамызда басталған. Айтуынша, ереулге шығатындары жөнінде алдын ала ескертуге 260 адам қол қойғанымен қазір жүзден астам адам жиналып тұр.
— Еңбек жағдайы немесе басқа мәселені қозғап тұрған жоқпыз. Бір ғана талабымыз бар – жалақыны 100 мың теңгеге өсіру. Қазір қолымызға орташа есеппен 250-450 мың теңге тиеді. Бірақ 450 мың теңгені тек бірнеше адам ғана алады. Бұл қазіргі қымбатшылықта ештеңеге жетпейді. 1 тамыздан бастап азық-түлік тағы қымбаттады. Көбінің 5-6 баласы бар, бұл ақша жетпейді, — дейді ол.
Мұнайшылардың сөзіне қарағанда, олар жалақы өсіру талабын биыл наурызда да айтып, ереуілге шыққан. Маңғыстау облысы еңбек департаменті араласқаннан кейін арбитраждық сот өтіп жалақыларын 36 мың теңгеге ғана өсірген.
— Наурызда бізге “тарифтік сеткамызды” өзгертіп кей жүргізушілер жалақысын 18-20 мыңға көтерді және жұмыс зияндылығына байланысты кейбір төлемдерді енгізді. Кейін анықтап қарасақ ол төлемдер біз қауіпті аймақта жұмыс істеген соң міндетті екен. Енді соны көлденең тартады. Осы жолы да “ақша жоқ” деп отыр. Біз оған сенбейміз. Компания соңғы бес жылдан бері мұнай өндіру қарқыны мен жоспарын өзгерткен жоқ. Ендеше табыс бар. Ал олар біздің талабымызды орындамау үшін “заңсыз ереуіл” деп сотқа тартып жатыр, — дейді Ибрагим Сұлтанов.
Мұнайшылар қазір жағдайларының ауырлап, кейбірінің денсаулығы сыр бере бастағанын хабарлайды. Автоколонна жүргізушісі Ғабит Әділбайдың қан қысымы көтеріліп, ауруханаға әкетілген.
Наразылардың сөзіне қарағанда, оларға асханадан тамақ та бермей отыр. Палаткалары мен қазан ошақтарын да әкелуге рұқсат бермегендіктен құр шәй және суды «талғажау» етіп отырғанын айтады.
– Далада жатырмыз. 60-тан асқандардың денсаулығы сыр беріп жатыр. Палаткамызды кіргізбеді. Асханадан тамақ ішсек, жалақыдан ұстаймыз деген соң бармай отырмыз, — дейді ереуілге қатысушылардың бірі Мұханбет Нұртілеуов.
Ереуілшілердің хабарлауынша, Серікбол Өтепов, Бекболат Рамазанов, Берік Оңғаров, Құмарбек Қалиев, Айбар Қартанбай, Ерлан Жұмастов, Бектас Көжековты жұмыс беруші заңсыз ереуілге қатысты деген уәжбен сотқа берген. Бұл мұнайшыларға қатысты сот процесі де жалғасып жатыр.
“Қарақұдықмұнай” мекемесінің бас директоры Лю Гуаньчунның Азаттыққа мәлімдеуінше, жұмысшылар арасында ереуілдің «заңсыздығы туралы» түсіндірме жұмыс жүргізілген.
– Компания өз ұстанымын білдірді. Компанияда қаржылық жағдайы ауыр. Қазіргі геосаяси жағдайда Ресей мен Украина арасындағы соғыс бізге әсер етіп жатыр. Біз олардың талаптарын заң жүзінде шешеміз,- деді ол.
Осыған дейін мекеме басшылығы хабарлама таратып, «компания еңбек және ұжымдық келісім-шартты толық орындап отыр, жалақы уақытында беріледі, ай сайын 25-30 пайыз көлемінде сыйақы беріледі, әлеуметтік пакетте қарастырылғандар төлемдер жасалып жатыр, қолайлы еңбек жағдайы жасалып отыр» деп мәлімдеген.
Қытайлық “Қарақұдықмұнай” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2006 жылы құрылған. Компания Ақтаудан 342 шақырымдағы Қарақұдықмұнай кенішін игерумен айналысады. Компанияда 500-ге тарта адам жұмыс істейді.
Сәнияш Тойкен Азаттык радиосы
https://www.azattyq.org/a/31996965.html?fbclid=IwAR114aCVK37e7MIkJ4_DmVxIhrZ4FT0Nhlu_82Nfu-B2hLxwTXdbfibs2ho
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.