Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Мұхаммедкәрім белсенділер Жыланбаев пен Тілеужанды қолдап, аштық жариялады

20 қараша, Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрім белсенділер Марат Жыланбаев пен Әйгерім Тілеужанды қолдап, аштық жариялады. Журналист аштықты 20 қарашада бастаған, алайда бұл ақпарат журналистерге 23 қарашада тарала бастады.

– Ол Жыланбаев пен Тілеужан сотының жабық өткені жаман және дұрыс емес деп санайды. Соған қарсы болып отыр. Жыланбаев пен Тілеужанның күресін қолдап, ол жақындап келе жатқан өзінің сотын ашық өткізуді талап етіп отыр, – деді журналистің талаптары туралы айтқан адвокат Ғалым Нұрпейісов бейсенбі күні Азаттық тілшісіне. Оның сөзінше, журналист қазір тек су ішіп отыр.

Адвокаттың айтуынша, Талдықорғандағы тергеу изоляторының әкімшілігі журналистің аштық жариялағандығынан хабардар.

Ғалым Нұрпейісовтің сөзіне қарағанда, өткен аптада журналистке инъекция салынып, медициналық көмек көрсетілген. Аштықтан кейін медициналық көмек көрсетілгені-көрсетілмегені белгісіз.

23 қарашада Азаттық Жетісу облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне хабарласып, журналистің аштық акциясы туралы сұрады. Департаменттің баспасөз қызметі ақпаратты анықтап көретінін айтты. Екінші рет хабарласқан кезде баспасөз қызметінің өкілі телефонына жауап бермеді.

Бұған дейін журналист Думан Мұхаммедкәрімнің ісі бойынша тергеу амалдары аяқталғаны хабарланған, ізінше тергеу процесі «14 куәгерге байланысты» тағы бір айға созылғаны белгілі болды. Жақтастары мұны «қоғамда дау туғызған саяси істердің қатар келуімен» байланыстырған. Қазір Астанада белсенді Марат Жыланбаевтың ісі бойынша сот жалғасып жатыр. Бір күн бұрын сот тіркелмеген «Ел тірегі» партиясының жетекшісі Нұржан Әлтаевты он жылға соттаған. Құқық қорғаушылар Жыланбаев пен Әлтаевты «саяси тұтқын» деп таныған. Ал Әйгерім Тілеужан – Қаңтар кезінде «әуежайды басып алу» ісі бойынша 4 жылға бас бостандығынан айырылған белсенді. Жуырда апелляциялық сот Тілеужанға шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырған. Әйгерім Тілеужан үкіммен келіспеген. Құқық қорғаушылар істің саясиланғанын айтқан.

Билікті сынаған журналист Думан Мұхаммедкәрім “тыйым салынған ұйым ісіне араласу” және “экстремизмді қаржыландыру” баптары бойынша күдікке ілінген. Оған мұндай айыптың тағылуына қуғындағы экс-банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтан алған сұхбаты түрткі болған.

Журналист маусымнан бері тергеу абақтысында отыр.

Қазақстандық құқық қорғаушылар журналисті «саяси тұтқындар» тізіміне енгізген.

Әкімішілік қамаудан шыққан Думан Мұхаммедкәрімді жақтастарының қарсы алуы. Сәуір, 2023 жыл.

 

Азаттық радиосы

 

https://ducxtkh49pxkp.cloudfront.net/a/32696692.html

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Мухамедкарим ДуманБольше записей в Мухамедкарим Думан »
.