3 желтоқсан – халықаралық мүгедектер күні. Атаулы күн қарсаңында Қазақстанда мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттен төленетін жәрдемақыны екі есе көбейтуге үндеген петицияға мыңдаған адам қол қойды. Мемлекет БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі конвенциясын бекітіп, көп міндеттеме алғанымен қоғамда жағдай бұрынғыдан аса өзгеріп кеткен жоқ дейді мүмкіндігі шектеулі жандар.
«Қазақстанда 19 миллион адам тұрады, соның тек 700 мыңдайы мүгедектігі бар жандар. Өмір сүріп емес, өлместің күнін кешіп жатқан солар болмашы жәрдемақыны толығымен ем-домға, баспана жалдауға жұмсайды. Біз, Қазақстан мүгедектері, мұндай төлемді әділетсіз деп санаймыз, көпшілігіміз кезінде еңбек етіп, қоғамға пайдамыз тиген. Бірақ еңбек қабілетінен айрылған соң ешкімге керексіз болып далада қалдық, үкімет бізді жақтырмайтынын айқын сездіріп отыр. Сондықтан біз қазіргі төлемге үзілді-кесілді қарсымыз және мүгедектікке байланысты төленетін жәрдемақыны 100 пайызға көбейтуді талап етеміз!»
Жамбыл облысы Шу ауданында тұратын 3-топ мүгедектігі бар 47 жастағы Ранита Жұмашева 17 қарашада egov.press сайтында жариялаған петицияға екі аптадан сәл астам уақыт өткенде жеті мыңға жуық адам қол қойған. Жұмашева бұған дейін өзі секілді мүгедектігі бар жандардың мәселесіне биліктің назарын аударып, Қазақстан президентіне ашық хат жазған, бірнеше петиция жариялап, наразылық митингісін өткізетіні, аштық жариялайтыны туралы мәлімдемелер жасаған. Ол бұл жолы да қазақстандықтарды талабын қолдауға үндеген.
«Сірә, келесі қысты көре алмаспын, сондықтан сіздерге үн-түнсіз отыратын болсақ мәселемізді ешкім шешіп бермейді дегім келеді. Қол қусырып отырмаңыздар, президентке жазыңыздар, видеоүндеу жолдаңыздар» деп жазған ол.
Дерт салдарынан есту қабілетінен толық айрылған Жұмашева басқа да бірнеше ауруға шалдыққан. Бір кезде салмағы 60 келіден асқан келіншек қазір дерт кесірінен қатты жүдеп, екі есе жеңіл тартатынын, айына 36 мың теңгеге жетпейтін жәрдемақы алатынын, асырауында баласы барын және баспанаға қолы жетпей жүргенін айтады.
Ранита Жұмашеваның петициясына жауапты атқарушы үкімет емес, Алматы қалалық мәслихатының депутаты, «Шырақ» мүгедектігі бар әйелдер қауымының төрайымы Ләззат Қалтаева бергендей болды.
Мүгедектігі бар адамдар «Нұр Отан» кеңсесі алдында мұң-зарын айтты. Нұр-Сұлтан, 17 қыркүйек 2021 ж.
«Мүгедектігі бар адамдар арасында масылдық көңіл-күй тарала бастағандай, олар беріп жатқанды місе тұтпай, жәрдемақыны көбейтуді талап етіп жатыр. Бірақ мен кейбіреуге жақпайтын нәрсені айтпайын: ешбір елде әлеуметтік төлемді ұлғайту арқылы ғана баршаға тең жағдай жасау мүмкін емес» деді 26 қарашада Алматыда Х азаматтық форум жұмысы аяқталғанда сөйлеген Ләззат Қалтаева.
Оның пікірінше, мүгедектігі бар адамдардың әлеуетін арттырып, жұмыс істеуіне және тең дәрежеде лайықты еңбекақы алуына мүмкіндік берген жөн.
«АРБАСЫ ЕСІКТІҢ ЖАҚТАУЫН ҚҰРТАДЫ»
Астанада біреудің екі бөлмелі пәтерін жалдап тұрып жатқан Ақмарал Біләлова есік қағылса, пәтер иесі келіп қалған жоқ па деп алаңдайды. Кәмелетке толмаған үш қыздың анасы соңғы рет осы пәтерді ұзақ іздеп, әрең тапқанын айтады.
– Пәтер іздеп жүргенде «Үш балам бар, үлкені мүгедек арбасына тағылған» десем болды, жұрт ат-тонын ала қашады. Кейбірі «ойланайын, сосын хабарласам» деп шығарып салса, кейбірі «балаң үйді былғап, арбасы есіктің жақтауын құртады» деп бірден кесіп айтады. Сондықтан мына пәтердің иесінен қызымның науқас екенін жасыруға мәжбүр болдым, егер білсе шығарып жіберуі мүмкін, – дейді келіншек.
Ақмола облысындағы ауылда туып-өскен Ақмарал 2000 жылдың басында мектеп бітірген соң астанадағы медицина институтына оқуға түскен. Педиатр мамандығын таңдаған ол бесінші курста жүргенде тұрмысқа шығып, нәрестелі болған.
– Үлкен қызым 2005 жылы ай-күніне жетпей, 28 апталығында небәрі 1200 грамм салмақпен өмірге келді. Екі ай жансақтау бөлімінде жатып, 2200 грамм болғанда үйге шығарды. Бір жылдан соң қызыма церебралды сал ауру деген диагноз қойды. Студент кезімде осындай балаларды көргенде жаным ашитын. Ал енді тұңғышыма да сондай диагноз қойғанда қатты күйзеліп, көпке дейін есімді жия алмай жүрдім. Әйтеуір жақындарымның арқасында өзімді қолға алдым. Бірақ оқудан қол үзуіме тура келді, қызым әлсіз болғандықтан ауруханадан шықпайтынбыз, – дейді ана.
Ақмарал қызын алғашқы бес жылда сал ауруына шипа болады-ау деген білікті дәрігер, емші-балгер дегеннің бәріне апарған.
– Бір жерде жақсы емші бар екен десе, дереу ақша іздеп, қарызға болсын тауып, баратынбыз. Уақыт өте келе бұл аурудан жазылу мүмкін емесін түсініп, көндіктім, ендігі мақсатым – қызымның қиналған сәтін мейлінше жеңілдету, – дейді ол.
Ауру баласымен біреудің босағасын сағалап жүргеннен қажығанын айтқан Ақмаралдың ең үлкен арманы – баспана. Отбасы әуелде туыстарымен бірге тұрған. Кейін олар науқас балаға қомсына қарай бастағасын пәтер жалдап, бөлек шыққан. Мүгедектігі бар баланың отбасы осыдан біршама жыл бұрын пәтер кезегіне алты мыңыншы болып тіркелген. Қазір 186-орында тұр. Ақмарал өзі сияқты мүгедектігі бар бала асырап отырған ата-аналармен бірге баспана мәселесін көтіп, талай рет наразылық акциясына да шыққан.
Ай сайын мемлекет мүгедектігі бар балаға 65 860 теңге, ал оны тәрбиелеп отырған Ақмаралға 48023 теңге жәрдемақы төлейді. Жұбайының табысы 100 мың теңгеден сәл асады. Отбасы кірісінің басым бөлігін пәтер ақысына жұмсайды.
– Қайырымдылықпен айналысатын еріктілермен үнемі байланыстамыз, ыңғайы келсе азық-түлік пен киім-кешек әкеп береді. Осылайша күн көріп жатырмыз, – дейді Ақмарал.
БАСПАНА – КӨКЕЙКЕСТІ ПРОБЛЕМА
Қызылордалық 42 жастағы Зәуре Өксімбаева сал ауруына шалдыққан. Бірінші топ мүгедектігі бар әйелге мемлекет ай сайын 65 860 теңге жәрдемақы төлейді. Заңгер және журналист мамандықтары бойынша екі бірдей жоғары білім алған Зәуре мүгедектер қоғамында өзі сияқты жандарға көмектесіп, жұмыс істейді. Сол еңбегіне 42 мың теңге айлық алады.
– Пәтер кезегінде тұрған 13 жылда 49 орынға ғана жылжыдым. Өйткені үкіметтің жылда әр өңірге бөлетін қаржысы облыста 40 пәтер салуға жетеді. Баспанаға мұқтаж 11 санат барын ескерсек, жылда солардың әрқайсынан үш-ақ адам пәтер алады. Сондықтан одан күдер үзіп, 2017 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көлемі 58,6 шаршы метр екі бөлмені кепілсіз берілетін шарт бойынша 6 пайызбен ипотекаға алдым. Соған 2035 жылғы қарашаға дейін ай сайын 52 мың теңге төлеуім керек, – дейді Зәуре.
Ол бастапқы жарнаға төлейтін 600 мың теңгесі болмай, демеушілерден ақша жинапты. Зәуре баспанасының ай сайынғы төлеміне табысының ауқымды бөлігін жұмсауға тура келетінін айтып шағынды.
2019 жылы коммуналдық төлемге қатысты қандай да бір жеңілдік я қаржылай көмек бола ма деп жергілікті билікке хат та жазыпты. Әкімдік «Тіркелген жеріңізде жалғыз тұрасыз, ал мемлекеттен алатын жәрдемақыңыз елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінен (2019 жылы – 29698 теңге) асатындықтан сізге әлеуметтік көмек көрсете алмаймыз» деп жауап беріпті.
– Биылғы ең төменгі күнкөріс деңгейі 34 мың теңгеден сәл асады. «Табысым» тағы асып тұр. Ал ипотека төлеп отырғаным оларға маңызды емес, – деп налиды Зәуре.
Заң бойынша, Зәуренің жылына бір рет мемлекет есебінен 14 күн шипажайда демалуға хақы бар. Бірақ ол жерге өз қаржысына жетуі тиіс. Егер қасына көмекші ертсе, оның да шығыны мүгедектігі бар адамның мойнына артылады.
– Әкімдікке жазған хатыма «көмекшіге жолдама қарастырылмаған» деген жауап келді. Шипажайдағы бір күнге орта есеппен 9 мың теңге тұрады екен. 14 күнге көбейткенде 126 мың теңге шығады. Екеуміздің жол шығынымызға тағы 30 мың теңге, ал екі апта ішетін тамақты қоссақ 180 мың теңгеге шығып кетеді. Менде мұндай ақша қайдан болсын? – дейді Зәуре.
Қазір Қызылордадағы мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғап, көкейкесті әлеуметтік мәселелерді көтеріп жүрген белсенді заң толыққанды орындалмай отыр дейді.
– Заңда көрсетілген жеңілдіктер мен көмек уақытылы жетіп, баспана, ем-дом, жүріп-тұруға қажет инвотакси секілді негізгі қажетімізді өтеп, қамтамасыз етсе мемлекеттік органдардың есігін ешкім қақпайды ғой. Заң әсіресе аймақтарда орындалмай жатқан соң амалсыз шулап, қоғамда дау туады, – дейді Зәуре Өксімбаева.
2015 жылы Қазақстан БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі Конвенциясын ратификациялап, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру деңгейі жеткілікті болуын қамтамасыз ету, әлеуметтік қажетін өтеп, құқықтық қорғау және тағы басқа көп міндеттеме алған. Бірақ билікті сынаушылар содан бері елде мүгедектігі бар жандарға байланысты жағдай бұрынғыдан көп өзгермегенін айтады.
Мүгедектігі бар адамдар мен олардың мүддесін қорғаушылар үкіметтен баспана, жәрдемақыны ұлғайту, инвотаксимен қамтамасыз ету, емдеу және курорт-санаторий орындарына жолдама және өзге көкейкесті мәселелерді шешуді талап етіп, наразылық акцияларына да жиі шығады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі дерегінше, елде мемлекеттік тұрғын үй қорынан берілетін баспанаға мұқтаждар есебінде бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар 47 мыңнан астам адам, сонымен бірге мүгедектігі бар бала асырап отырған 23 мыңнан артық отбасы бар.
Қазақстанда мүгедектігі бар азаматқа мемлекет төлейтін әлеуметтік жәрдемақы мөлшері:
- бірінші топ – 65 860 теңге;
- екінші топ – 52 483 теңге;
- үшінші топ – 35675 теңге.
Бала кезінен және 16-дан 18-жасқа дейінгі мүгедектігі бар адамға:
- бірінші топ – 65 860 теңге;
- екінші топ – 54 541 теңге төленеді.
Ал мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-ана, қамқоршы және бала асырап алушыға бала кәмелетке толғанға дейін 48023 теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы қарастырылған.
Мәншүк Асаутай
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.