Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Әблязовті қолдаған Әсет Әбішев сотталды

Алматыда қарашаның 30-ы күні Қазақстанда тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысына қатысты деп айыпталған белсенді Әсет Әбішев төрт жылға сотталды.

Әбішевті Алматының Алмалы аудандық сотына үкімді естіртуге мәжбүрлеп алып келді. Таңертең ол сот отырысына қатысудан бас тартқан. Түске таман оны сотқа алып келіп, прокурор, журналистер мен бақылаушылар жиналып отырған залға кіргізді. Әбішев сотқа кірген бойда өзін түрмеде тәпішкесімен жүрген жерінен алдап, мәжбүрлеп сотқа алып келгенін мәлімдеді. Ол абақтыдан таңертең сот айдауылына беріп жіберген, сотқа қатыспайтыны туралы мәлімдемесінің көшірмесін көрсетті.

Судья Ернар Қасымбеков үкім оқылатын сәтті бейнекамераға түсірмек болған Азаттық тілшісін «сот камераға түсіруге рұқсат берген жоқ» деп залдан шығарып жіберді.

Үкімді оқуға Әсет Әбішевтің адвокаты Гүлнара Жуаспаева қатысқан жоқ. Әсет Әбішев үкім оқылған соң оған апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Адвокат Азаттық тілшісіне телефонмен сөйлескенінде үкімге шағымданатынын айтты.

29 қараша күні өткен сотта прокурор Алтынай Боранбаева сотталушының кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеп, соттан оны бес жарым жылға соттауды сұраған.

Сотта соңғы сөзін айтқан Әсет Әбішев «Қазақстан халқы негізінен кедей тұрады, сондықтан елде демократиялық реформалар жүргізілуі керек» деп мәлімдеген. Ол өзінің іс-әрекетінде экстремизм белгілері жоғын, себебі ол өзі және ҚДТ «билікті күшпен өзгертуге шақырмайтынын» айтады.

41 жастағы азаматтық белсенді Әсет Әбішевтің ісі бойынша негізгі сот процесі 2 қазанда Алмалы аудандық сотында басталған. Әбішев Қылмыстық кодекстің 405-бабы (тыйым салынған ұйым қызметіне қатысу) және 266-бабымен (қылмыстық топ әрекетін қаржыландыру) айыпты деп танылды. Әбішев өзіне тағылған айыпты мойындамайды.

Астана соты биыл 13 наурызда шетелде тұратын Мұхтар Әблязовтің «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын экстремистік ұйым дап танып, қызметіне тыйым салған.

Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
.