Мұхтар Әблязовтің қозғалысына қатысы бар деп айыпталған азаматтардың кемінде екеуі Әблязовтің уәдесіне сенбеуге шақырған соң бостандыққа шықты. Құқық қорғаушы оларда «таңдауға мүмкіндік» болмағанын айтады.
Қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов құрған, Қазақстанда тыйым салынған және экстремистік деп танылған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысын жақтайтын алматылық Әсет Әбішев пен ақтаулық Абловас Жұмаев өздеріне тағылған айыпты мойындамай, түрмеге қамалды. Осындай айыппен істі болған тағы екі адам ұйым мен оның жетекшісіне қарсы мәлімдеме жасап, бостандыққа шықты.
«ӨКІНБЕГЕНДЕР»
ҚДТ қызметіне қатысы бар деп айыпталған алматылық белсенді Әсет Әбішев қарашаның 30-ы күні төрт жылға сотталды. Құрылыс бизнесімен айналыспақ болған тұрақты жұмысы жоқ 41 жастағы Әбішев Facebоok-та ҚДТ қолдайтыны туралы постар жазып, Әблязовтің хабарламаларымен бөліскен. Тыйым салынған қозғалыс ісіне қатысы бар деп айыптауға сол негіз болды. Үкімді оқу кезінде Әбішевті күшпен алып келді, ол өз құқығы бұзылғанын мәлімдеп, соңғы отырысқа келуден бас тартқан болатын.
Үкім шығаруға бір күн қалғанда Алмалы аудандық сотының судьясы Ернар Қасымбеков сотталушы соңғы сөзін айтқанда сөзін бөліп, «іс туралы емес, саясат туралы айтып жатырсың» деп мәлімдеді. Әсет Әбішев журналистерге өзін айыпты санамайтынын, ҚДТ ұйымын экстремистік деп тану туралы шешіммен келіспейтінін айтты.
Әсет Әбішев ісі бойынша өткен сот процесін бақылаған құқық қорғаушы әрі журналист Андрей Свиридов Азаттық тілшісіне сот процесі кезінде Әбішевті қорғау құқығының дөрекі бұзылғанын айтты.
Ол Адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның сайтында жарияланған «Екі түрлі міндетті арқалаған Әсет Әбішевтің сотталу күні» (Судный день Асета Абишева в двух разных ипостасях) деген мақаласында да сол туралы жазды.
Ағылшын тілді Eurasianet.org сайты Әсет Әбішевке қатысты үкімге арнап «Kazakhstan: Political Facebook posts land man with 4-year jail term» деген мақала жариялады, онда айыпталушының сотта айтқан сөзінен мысал келтіреді: «Егер мұғалімдердің лайықты жалақы алып, балалардың мектепке тегін тамақтануы – экстремизм болса, мен айыптымын. Мен ешқандай заңсыз әрекет немесе зорлық-зомбылық жасамадым. Айыпты емеспін».
Қыркүйек айында 44 жастағы Ақтау тұрғыны Абловас Жұмаев ҚДТ-ның Тelegram чатына кіріп, пікір жазғаны үшін сотталды. Оған «алауыздықты қоздыру» және «билікті күшпен тартып алуға шақыру» деген айып тағылды.
Жұмаевтың 38 жастағы әйелі Айгүл Ақбердінің ісін сот әлі қарап жатыр. Тelegram-дағы жазбасынан соң оған «билікті күшпен тартып алуға шақыру», «конституциялық құрылымды күштеп өзгертуге тырысу» баптары бойынша айыптар тағылды. Үкіммен келіспеген Жұмаев пен айыптарды мойындамаған Ақберді өздерін «пікірімізді айтқанымыз үшін қудалап жатыр» деді.
Алматыда «жиһадшылар соты» деген атпен белгілі сот процесі өтіп жатыр. 52 жастағы Кенжебек Әбішев пен 48 жастағы Оралбек Өміров және 44 жастағы Алмат Жұмағұлов өздеріне тағылған айыпты «қолдан құрастырылған» және «саяси астары бар» деп санайды.
Алмат Жұмағұловты «терроризмді насихаттады» және «ұлттық алауыздықды қоздырды» деп айыптайды. Ал Әбішев пен Өміровке «терроризмді насихаттады» деген айып тағылған. Сотталушылардың айтуынша, олардың құқығы бірнеше рет бұзылған, ал судья мен прокурорлар уәждеріне құлақ аспайды.
Наразылық ретінде Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров қарашаның 27-сі күні өткен сот отырысында қолдарын кесті. Жұмағұлов сол күні ҰҚК қызметкерлері өзіне қысым көрсетіп, Әблязовке қарсы түсініктеме беруді талап еткенін айтты.
«Олар маған Әблязовке қарсы түсініктеме берсең, сені жаңа жылға дейін босатамыз деді, бәрін соның тапсырысымен жасадым деп айт деді. Ал менің видеоға еш қатысым жоқ, Әблязовпен ешқашанда кездескен емеспін, оны танымаймын» деген Алмат Жұмағұлов ҚДТ бағдарламасын қолдайтынын айтты және оны тұтқындаған кезде (2017 жылдың қарашасында) қозғалыстың экстремистік ұйым ретінде танылмағанын ескертті.
КӨПШІЛІК АЛДЫНДА «ӨКІНГЕНДЕР»
Президент күні қарсаңында қазақстандық бірнеше сайтта «қатесіне өкінген» блогер Мұратбек Тұңғышбаев туралы мақала жарияланды. Материалдардың бәріне «Мұхтар Әблязов туралы шындық» деп аталатын Youtube-тегі 13 минуттық бейнежазба салынған. Онда ҚДТ жұмысына араласты деп айыпталған Тұңғышбаев Әблязовтің ықпалына түсіп, қателескенін айтады.
Тұңғышбаев айыбын мойындап, өкініш білдіреді, адамдарды «Әблязовтің сөзіне ермеуге» шақырады. Блогердің айтуынша, Қазақстанда БТА банктің миллиардтаған қаржысын жымқырды деп айыпталған Әблязов «қаржы операциясын бүркемелеу үшін», өзіне «оппозиционер, режим құрбаны» деген имидж қалыптастыру үшін осындай әрекетке барып отыр.
Бішкектен Алматыға экстрадиция жасалғанға дейін (блогер бірнеше жыл Қырғызстанда тұрған) Мұратбек Тұңғышбаев өзін қудалаудың саяси астары бар екенін айтқан еді.
Мұратбек Тұңғышбаевқа жаза тағайындау бойынша сот отырысы (2 шілде 2018 жыл):
Алматының тергеу изоляторы (ЛА-155/18 мекемесі) Азаттыққа Мұратбек Тұңғышбаевтың қазір онда отырмағанын айтты. Азаттық тілшісімен сөйлескен Тұңғышбаевтың әйелі «жолдасыңызды үйқамаққа ауыстырды ма?» деген сұраққа жауап беруден бас тартты, оның қайда екенін айтқысы келмеді.
Қазанның 2-сі күні Алматының Медеу аудандық соты «алаяқтық жасады», «қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке болысты» және «тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысы қызметіне қатысты» деп айыпталған 30 жастағы Әсет Нұржаубайды шартты түрде төрт жылға соттады. Жарыссөз кезінде прокурор Нұржаубайдың айыбы толықтай дәлелденді деп, оны алты жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Нұржаубайдың өзі кінәсіз екенін мәлімдеді.
Алайда қазанның 2-сі күні таңертең соңғы сөзін айтқан Әсет Нұржаубай өз ісіне өкінетінін айтып, Әблязовті айыптай бастады.
– Ақымақтық жасадым, Әблязовтың арзан уәдесіне сеніп қалдым. Осында отырғанда ешқандай бағдарлама мен стратегияның жоқ екенін түсіндім. Мұның бәрі өтірік, Әблязов бәрін алдап жүр, — деді соңғы сөзін оқып берген Нұржаубай.
Әсет Нұржаубай «Қазақстанда ешкімді саяси айыптармен қудаламайтынын» айтып, «құқық қорғау мекемелеріне» еш наразылығы жоқтығын айтты, бұрын олардың азаптағаны туралы айтса, енді ол пікірін жоққа шығарды.
Әблязовті бірнеше рет сынап, ол «әлемдік қауымдастық алдында саяси қуғынға ұшыраған тұлға ретінде көрінгісі келеді» деді. Үкім оқылған соң Нұржаубай ешқандай түсініктеме берген жоқ. Бірақ қарашаның соңында «өкінгені жайлы» видео жариялап, өзін Әблязовке қатысты деректер білгендіктен ұстағанын айтқан.
Әсет Нұржаубайға үкім шыққан соң Мұхтар Әблязов істің осылай шешілгеніне таң қалмайтынын айтты.
– Әрине, Нұржаубай бостандыққа шығу үшін осылай мәлімдеді. Қайрат Садықовты да 15 жылға соттаған еді, апелляциялық сотта ол «бәріне Әблязов кінәлі «деп мені айыптады, осылайша бес жылға шартты түрде сотталып, бостандыққа шықты, — деді Әблязов 2017 жылы БТА банкінің бұрынғы топ-менеджерлеріне тағылған айып кезінде несиелеу жөніндегі директор болып істеген Қайрат Садықовтың ісін меңзеп.
«ТАҢДАУ ШЕКТЕУЛІ»
Журналист әрі құқық қорғаушы Сергей Дуванов қарашаның 27-сі күні Facebook парақшасында бұрынғы белсенділер Мұратбек Тұңғышбаев пен Әсет Нұржаубайға қатысты жағдайды талдаған. Дувановтың айтуынша, олардың «айыбын мойындап мәлімдеме жасауына» биліктің ықпалы бар.
Оның пікірінше, мұндай жағдайға тап болған адамның «таңдауы шектеулі» болады.
«Тергеу ісі ұзаққа созылады, ақтап алады деген еш үміт жоқ, үкім шығарып, соттап жібереді. Біздегі лагерлер, тіпті жалпы режимдегі лагердің өзі кез келген адам үшін ауыр сынақ. Не тергеу тарабымен келісіп, олардың талаптарын орындау керек, одан Әблязовке келіп-кетер ештеңе жоқ. Осылайша бостандыққа шығып, жазаны жеңілдетуге болады» дейді Сергей Дуванов.
«Айтылған сөзге қаншалықты сенуге болады?» деп мәселені төтесінен қойған Дуванов өз сұрағына өзі былайша жауап береді.
«Ақорданың саяси оппонентіне қарсы әшерелейтін материал іздеп жүрген арнайы қызметтің қолына түскен адамның сөзіне сену қиын. Журналистер мен құқық қорғаушылар, билік қарсыластары мұндай «өкінішке» түсіністікпен қарайды, артық сауал қоймайды. Олар адамды еріксіз сондай әрекетке мәжбүрлейді. Тергеушілер «иландыру» әдісін жетік меңгерген, идеяға берілгендер мен қырсықтар ғана қарсы тұра алады» деп жазды Дуванов.
2018 жылдың наурыз айында Астана соты ҚДТ қозғалысын «экстремистік ұйым» деп таныды. Оны құрған Мұхтар Әблязовті «миллиардтаған соманы жымқырды», «қылмыстық топ құрды» деп айыптап, 20 жылға соттады. Бір апта бұрын «адам өлтіруге тапсырыс берді» деп өмір бойына бас бостандығынан айырды. 2009 жылдан бері шетелде тұратын Әблязов бұл айыптардың бәрін жоққа шығарады.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.