Алматының Жетісу аудандық сотында «жиһадшылар ісі» бойынша күдікті белсенділер Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловтың соты басталды. 28 тамызда басталған 51 жастағы Әбішев пен 43 жастағы Жұмағұловтың соты ашық өтеді.
Сотқа төрағалық ететін аудандық сот төрағасы Тұрысбек Мыятбеков алдын ала сот тыңдауын жабық түрде өткізіп алды. Оған тіпті сотталушылардың әйелдерін де кіргізбеді.
Сотталушы Әбішев пен Жұмағұловты Алматыдағы тергеу абақтысынан сотқа айдауылмен алып келді. Оларды адвокаттар Гүлнар Жуаспаева мен Айнұр Омар қорғайды. Әбішев пен Жұмағұлов «терроризмге шақырды» деген күдікке ілінген. Алмат Жұмағұлов сонымен қатар «алауыздық тудырды» деп күдіктеліп отыр. Сотталушылар өздеріне тағылған айыппен келіспейді.
Кенжебек Әбішевтің адвокаты Гүлнара Жуаспаева (сол жақта) мен әйелі Гүлмира Әбішева. Алматы, 28 тамыз 2018 жыл.
Алдын ала сот тыңдауында адвокаттар сотталушыларды қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасын өзгертуді сұрады. Адвокат Гүлнара Жуаспаева сонымен қатар Кенжебек Әбішевтің өзін азаптағаны туралы шағымы бойынша қылмыстық істі қайта қозғау және «терроризмге шақыру» ісі бойынша сот өндірісін тоқтату туралы өтініш білдірді. Адвокат бұдан өзге, істі қарауды Алмалы аудандық сотына жіберу туралы өтініш жасады. Оның пікірінше, Алмалы аудандық соты судьяларының «мемлекеттік құпияны білуге рұқсатымыз жоқ» деген уәжбен істі қарай алмаймыз деуі қисынға келмейді.
Судья Мыятбеков адвокаттар жасаған өтініштер бойынша шешім шығару үшін кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Сосын, шамамен кешкі сағат 9-да адвокаттарға өтініштері бойынша шешім 29 тамыз күні таңертең жарияланатыны хабарланды.
Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловты 2017 жылғы қарашада полиция «терроризм актісін жасауға жария түрде шақыруды» тексеру деп атаған іс аясында ұстаған болатын. Былтыр қарашаның 28-і күні екеуін тұтқынға алғаннан бері оларды қамауда ұстау мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алмат Жұмағұлов Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сынап жүрген бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов басқаратын және биыл наурызда Астананың Есіл аудандық соты «экстремистік ұйым» деп танып, қызметіне тыйым салған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) оппозициялық қозғалысы ұнайтынын ашық айтады. Ал Кенжебек Әбішев «ҚДТ-да шаруам жоқ, оған еш қатысым жоқ» деп мәлімдейді.
Сәуірдің 16-сы күні еуропалық құқық қорғаушылар – Польша Сеймінің депутаты Марчин Свенчицкий мен Италияның адам құқығы жөніндегі федерациясының президенті Антонио Станго Алматыдағы тергеу абақтысында отырған Кенжебек Әбішев және Алмат Жұмағұловпен кездескен. Ертеңінде, сәуірдің 17-сі күні Алматыда өткізген баспасөз жиынында олар «терроризмге шақырды» деген күдікке ілінген Кенжебек Әбішев пен Алмат Жұмағұловқа қатысты айыптардың қисындылығы мен тергеу соттарының тергеу органдарынан тәуелсіз екеніне күмән келтірген.
Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары бұған дейін Әбішев пен Жұмағұловты «саяси тұтқын» деп таныған. Билік бұл қоғамдық-саяси статусқа қатысты комментарий бермейді.
Қазис ТОҒЫЗБАЕВ
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.