Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстанда түрлі баппен мыңдаған қылмыстық іс қозғалды, 600-ден астам адам күдікті ретінде қамауда әлі отыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихында мұнша көп адамның ұсталып, жәрдем сұрауымен алғаш рет кездескен құқық қорғаушылар альянсқа бірігіп, мұқтаж азаматтарға құқықтық көмек көрсетіп жатыр.
ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУШЫЛАР АЛЬЯНСЫ
Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, қамалып, күдіктіге айналған мыңдаған адамның құқығын қорғау елдегі құқық қорғаушылар үшін үлкен сынақ әрі бұрын-соңды болмаған тың тәжірибе болды. Бұған дейін 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасы мен 2016 жылғы Жер митингілері кезінде де ондаған адам ұсталып, жауапқа тартылған кезде құқық қорғаушылар оларға жәрдем танытқан.
Ал биылғы қаңтардағыдай бір мезетте мыңдаған адамның ұсталып, қамалуы тәуелсіз ел тарихында алғаш рет кездесіп отыр. Қазақстандық құқық қорғаушылар әуелгіде жағдайдың шынайы масштабын түсінбей, абдырап қалғанын да мойындайды. Бірақ көп ұзамай адам құқығын қорғаумен айналысатын үш коалиция мен 11 қоғамдық ұйым альянс құрып, бірлесе жұмыс істеуге кіріскен.
– Альянс жұмысы негізгі төрт бағытта жүріп жатыр. Біріншісі – азаптау. Мұнда негізгі салмақ Азаптауға қарсы коалицияға түсті. Алайда альянсқа кіретіндердің барлығы кез-келген азаптау фактісін тіркеп, оқиға болған жабық мекеме ішіне ұлттық превентивті механизм өкілдерін тез арада кіргізу үшін ақпаратты адам құқығы жөніндегі уәкілге жіберуге көмектесеміз. Екінші бағыт – адвокат көмегін ұсыну. Үшіншісі – байланыс орталықтары. Қазір біз барлық аймақта сенім телефонын іске қостық. Оған Қаңтар оқиғасына байланысты мәселелер бойынша хабарласуға болады. Және соңғысы – оқиғаға қатысты ұсталған әрбір азаматтың іс-құжаттарын тіркеу. Бұл бүгін емес, болашақта оқиғаны тергеу, саралап, баға беру үшін маңызды, – дейді Қазақстандағы адам құқығы мен заңдылықты сақтау бюросының жетекшісі Евгений Жовтис.
АЗАПТАУҒА ТАП БОЛҒАНДАРҒА КӨМЕК
Альянс аясында жұмыс істеп жатқан Азаптауға қарсы коалицияға осы күнге дейін 11 қаладан барлығы 140 адамнан қамауда азапталғаны жайлы арыз-шағым түскен. Ең көбі – Алматы мен Талдықорған қалаларынан.
Коалиция әр фактіні тіркеп, азаптау ісін жүргізуде тәжірибесі бар адвокаттарды жұмылдырып, медицина сараптамасын жасап, жәбірленуші денесіндегі азаптау іздерін тіркеуге көмектеседі. Азаптау көрген азамат пен оның жақындарына психологиялық көмек көрсетіп, дәрі-дәрмегін алып беруге тырысып жатыр.
– Мұның барлығын Еуропа одағы, Адам құқығы жөніндегі Хельсинки қоры мен БҰҰ-ның Адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының гранттары арқасында жүзеге асырылып жатыр. Аталған үш қордың көздегені – азаптауға тап болғандар мен олардың жақындарына көмек көрсету, – дейді коалиция заңгері Анна Солодова.
Құқық қорғаушы Ғалым Ағелеуов жетекшілік ететін «Liberty» қоғамдық ұйымы оқиға куәгерлерімен кездесіп, олардың естелігі мен көрген-білгенін фото-видеоға түсірумен, анкета құрастырып, соның негізінде ақпараттарды ортақ базаға жинақтаумен айналысып жатыр.
– Мұның барлығы қаңтардың 5-і, 6-сы мен 7-сі күндері болған оқиғалардың шынайы картинасын анықтап, ортақ база құру және де, сайып келгенде сол базадағы құжаттарды саралай отырып, «Өлген адамдар кім?», «Оларды кім өлтірді?» және «Кім жауапты?» деген негізгі үш сұраққа жауап табу үшін жасалып жатыр, – дейді Ғалым Агелеуов.
Құқық қорғаушы Қаңтар оқиғасы жеткен көптеген қалалардың ішінен оқ атылып, адамдар қаза болған он қалаға ерекше назар аударып отырғандарын айтады.
2011 жылы Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында бірнеше айға созылған еңбек дауы үлкен қантөгіспен аяқталған еді. Еңбек шартын жақсартуды талап етіп, бейбіт наразылық акциясында тұрған мұнайшыларға полиция оқ атқан. Ресми мәлімет бойынша, Жаңаөзен оқиғасы кезінде барлығы 17 бейбіт адам қаза тапқан.
Жаңаөзенде ереуілшілерге заңсыз оқ атқаны үшін полицияның бес офицері бес жылдан жеті жылға дейін түрме жазасына кесілді. Ал ереуілге байланысты «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» айыбы тағылған 37 адамның 13-і үш пен жеті жыл аралығында сотталды. 21 адам шартты жаза алып, үшеуі ақталған.
Жаңаөзен қырғынына байланысты қозғалған қылмыстық істер бойынша сотталғандардың барлығы кейін бостандыққа шықты. Кейбір қоғамдық белсенділер мен Жаңаөзен оқиғасының куәгерлері бейбіт халыққа оқ атуға бұйрық бергендер жауапқа тартылмады деп санайды.
Жаңаөзендегі наразылықты, оның шығу төркіні мен қантөгісті басынан аяғына дейін бақылап, талдап, зерттеген Ағелеуов 11 жыл бұрынғы сол оқиға мен биылғы Қаңтар қырғынынан кейінгі биліктің іс-әрекеті ұқсас екенін айтады.
– Жаңаөзен оқиғасы кезіндегі «үй ішіндегі шуды сыртқа шығармау» дегенді желеу ету, халықаралық комиссияның келгенін, халықаралық тергеу жүргізуді қаламау, азаптауларды тексеріп, айыптыларды жауапқа тартуға, оқ атудың негізгі себебін анықтауға құлықсыздық таныту қазір де айна-қатесіз қайталанып отыр, – дейді құқық қорғаушы.
«ҚАҢТАР ҚҰРБАНДАРЫ» ТІЗІМІН ЖАСАУ
Қазақстандағы азаматтық белсенділердің құқығын қорғаумен айналысатын «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымы Қаңтар қырғынында мерт болғандардың тізімін жасауға алғашқылардың бірі болып кіріскен. Ұйым жетекшісі Бақытжан Төреғожина бұл жұмысты ашық дереккөздерден алған ақпараттарды жинаудан бастағанын айтады.
Кейін бұл тізімге оқ тиіп жараланғандар, қамауға алынғандар мен із-түссіз жоғалып кеткендер де қосылды. Құқық қорғаушы бұрын-соңды мұндай тәжірибесі болмағандықтан алғашқы күндері абдырап қалғанын жасырмайды.
– Тәжірибенің жоқтығынан алғашқы күндері есеңгіреп, күйзелісте болғаным рас. Азаматтар, адвокаттар мен құқық қорғаушылардың қолдауының арқасында қазір жағдай түзелді. Айман Омарова, Абзал Құспандар бастаған комиссиялар жұмыс істей бастады. Жұрттың көбі бұл комиссияларға күмәнмен қарайтыны да рас. Бірақ мен құқық қорғаушы ретінде, бейкүнә адамдарды қамаудан босатып алу үшін кез-келген заңды әдіс-амалды пайдаланған дұрыс деп есептеймін, – дейді Төреғожина.
QANTAR 2022 ТОБЫ
Қаңтар оқиғасы тек құқық қорғаушыларды ғана емес, азаматтық қоғамды да біріктірді. Елдің әр аймағынан еріктілер бас қосып, Qantar2022 тобын құрды. Қазір оның құрамында 15 адам бар. Азаттық тілшісі олардың кейбірімен әңгімелесті. Қауіпсіздік мақсатында олар аты-жөнін атамауды жөн көрді.
– Qantar2022 тобы қаңтардағы митингілер тоқтап, елде интернет байланысы қайтадан пайда болған күні құрылды деуге болады. Естеріңізде болса, билік экономикалық шығын көлемін бірнеше күнде анықтады да, ал қанша адам қаза тапты, зардап шеккендер саны қанша екені белгісіз болды, бұл туралы әлі күнге ресми ақпарат жоқ. Біздің көздегеніміз – бейбіт митингіге шығып, зардап шегіп я мерт болғандардың есімін ұмыттырмау. Не болғанын анықтау. Сол үшін ашық база құрастырдық. Қазір онда екі мыңнан аса адамның аты-жөні бар, 200-ден аса қайтыс болған азаматтың да аты-жөні көрсетілген. Ақпараттардың барлығы тексеріліп, тіркеліп отырады. Күн сайын жаңарып жатыр. Ендігі кезекте олардың әрқайсының жеке хикаясын анықтап, жария етуді мақсат етіп отырмыз, – дейді Qantar2022 тобының еріктісі.
Әу баста еріктілер зардап шеккендерге көмек көрсетуді де қолға алған. Алайда еріктілер жинап берген қаражатты алғаны үшін полицияға шақыртып, жәбірленушілерге я олардың туыс-жақынына қысым жасалғандықтан қаржы жинау тоқтатылған.
Енді еріктілер көмекке мұқтаж жандардың мәліметтерін жария етумен ғана шектеліп отыр. Көмектесемін деушілер мұқтаж адамдарға хабарласып, қол ұшын бере алады.
Қаңтар оқиғасына қатысты ақпараттарды жария етіп, көмекке мұқтаж адамдар мен отбасыларға қаржы жинап, жәрдем көрсетіп жатқан топтар да, жекелеген азаматтар да бар. Олар Қаңтар оқиғасына қоғам назарын аударып, биліктің бұл оқиғаны әділ тексеріп, азаматтарды азаптағандарды жауапқа тартуға шақырады.
Маншук Асаутай Азаттык радиосы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.