5 ақпанда Атырауда бұрынғы полиция қызметкері, адвокат Айбар Қосымбаев облыстық прокуратура алдында «соттың әділетсіз шешіміне» наразылық білдіріп, жалғыз адамдық пикет өткізді. Ол шара кезінде «прокуратура — бейшаратура» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.
54 жастағы адвокат «қаншама дәлел келтіріп, видео құжат ұсынсам да, жол жүру ережесіне қатысты ақпан айында өткен әкімшілік сот әділ шешім шығармады» деп мәлімдеді.
Адвокаттың пикетке шығуына түрткі болған оқиға былтыр 12 желтоқсанда Атырау қаласындағы Махамбет және Шолохов көшелерінің қилысында болған. Адвокат сотта үш жолақты жолдың бірінші жолағында көліктің ақауына байланысты амалсыз тоқтап, кейін авариялық белгісін жағып қозғалған өзінің қорғауындағы азаматтың «кінәсіздігін» дәлелдейтін дәйектердің ескерілмегеніне қынжылады. Сот шешімі 1 ақпанда шыққан.
— Полиция қызметкері (аты-жөнін атайды) жол көлік оқиғасы болған жердің сызбасында көше жолақтарын үшеу емес екеу деп көрсетіп, Айдынованы барынша кінәлауға тырысты. Менің шағымымнан соң судья полиция сызбасын заңсыз деп танығанымен оның хаттамасын бұзбады. Мен прокуратураға шағымданғаныммен прокуратура «әкімшілік сотқа қатысу біздің құзырымызда емес» деп бас тартты. Бұл — адам өлімі, ірі материалдық шығын болмаған жол көлік оқиғасы. Бірақ мәселе әділетсіздікте болып тұр. Прокуратура істің әділ шешілуін қадағалаудан бас тартты. Мен сол үшін наразылыққа шықтым, — дейді ол.
Ол әзірге соттың қаулыны бермегенін айтты. Қаулымен танысқаннан кейін шешімді апелляцияға беретінін жеткізді.
Айбар Қосымбаев Атырау қалалық әкімдігіне жалғыз адамдық пикет өткізетіні туралы өтініш жолдағанымен жергілікті билік рұқсат етпеген. «Әкімдік жауабында қанша адам қатысатыны көрсетілмегендіктен шараға рұқсат берілмеді деді. Бірақ мен өтініште пикетке тек өзім шығатыным туралы жазғанмын» деді ол.
Прокуратура алдында плакат ұстап тұрған адвокатқа Атырау облыстық прокурорының орынбасары Бауыржан Жұмақанов шығып, оның іс әрекетінің заңсыз екенін ескертті.
— Сот әрекетіне қатысты мәселе сотта шешіледі. Пикетке шығу үшін жергілікті органдарға алдын ала арыздануыңыз керек еді. Сізге рұқсат бермеген. Мен сізге заңды түсіндіріп тұрмын ,- деді Бауыржан Жұмақанов.
Ол наразылық білдірген адвокатты ішке кіруге шақырғанымен бас тартты. Адвокат бұған дейін бірнеше рет келгенін, өтінішіне прокуратураның құлақ аспағанын айтып «сіздер әрекетсіздікке барып тұрсыздар» деп айыптады.
Прокурор ескертуінен соң Айбар Қосымбаев плакатын жинап кетіп қалды.
10 жыл бойы адвокаттықпен айналысқан 54 жастағы Қосымбаев бұрын Атырау облысының аудандық ішкі істер басқармасында істеген.
Қазақстанда әділет министрлігі лицензия беретін адвокат немесе заңгерлердің қатысуымен пикеттер сирек өтеді. Заң бойынша, әкімшілік құқықбұзушылық туралы қаулыға қаулы қолға тиген соң 10 күн ішінде шағым түсіруге болады.
Сания Тойкен
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.