27 қазанда Атырауда 30-ға жуық әйел облыс әкімдігіне барып, әлеуметтік талаптар қойды. Арасында көп балалы әйелдер, мүгедек бала тәрбиелеп отырған әйелдер бар топ әкімдік ішінде облыс әкімінің шығуын да талап етті.
Наразы әйелдер кедейшілік пен тұрмыс тауқіметінен қажығандықтарын айтып, баспана мәселесін шешіп беруді талап етті. Жәрдемақы өсіруді, азық-түлікті арзан бағамен беру қажеттігін айтты.
Олардың қолында “Үй мәселесі шешілсін!”, “Барлық балаға бірдей жәрдемақы” деп жазылған плакаттар бар.
Олар бастапқыда әкімдік маңындағы жағалауда жиналған. Сол жерден әкімдікке дейін талаптарын айқайлап айтып, шерулетіп келді.
Наразы әйелдер Аягөздегі қайғылы оқиғаны еске алып, ондай трагедиялардың қайталануына мемлекет жол бермеуге тиіс деді.
Сәлден соң оқиға орнына жергілікті депутаттар келді. Олар әйелдердің талап-арыздарын тыңдауға тырысты. Олар кеткеннен кейін аналарға қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы келді. «Неге әкім шықпады?», «Неге бізді сыртта күткізіп қояды?» деген сұраққа ол «әкімнің жиналыста екенін, барлық талап-арыздарын оған жеткізетінін» айтты. Қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы шараның «рұқсат етілмегенін» ескертті.
25 қазанда Аягөздегі жеке үйлердің бірінен өрт шығып, төрт баланың денесі табылған. Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, балалардың әке-шешесі ол кезде үйде болмаған. Әкесі жұмыста, шешесі базарға азық-түлікке кеткені айтылады. Осы оқиғадан кейін әлеуметтік желідерде ата-аналарды күні-түні жұмыс істеуге мәжбүрлеген көп балалы отбасылардың ауыр тұрмысы жөнінде жазбалар жарияланды.
Аягөздегі оқиға қоғам санасында 2019 жылғы қайғылы оқиғаны жаңғыртқан. 2019 жылы ақпан айында астананың «Көктал-1» ауылында көмірмен жылитын үй өртеніп, кішкентай бес қыз қаза болған. Ақпаратқа қарағанда, ата-анасы түнде жұмыста болған. Қайғылы оқиға көп балалы аналардың наразылығын туғызды. Олар үкіметтен баспанаға зәру отбасыларды үймен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қолдауды күшейтуді, жеңілдік қарастыруды талап етті. Билік көп балалы аналардың кей талаптарын орындаған.
Айнұр Сапарова Азаттық Радиосы
https://d3l615zbb7ye3q.cloudfront.net/a/32656108.html
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.