3 наурызда Алматыда 200-ден астам кәсіпкер, саудагер мен қарапайым жұмысшы қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі «Рахат» базарының жабылуына қарсылық білдірді. Кәсіпкерлердің сөзіне қарағанда, базар аумағын «ТКМ» компаниясына 20 жыл бойы жалға беріп келген әкімдік 2018 жылы жер «зираттың санитарлық қорғау аймағында орналасқанын» алға тартып, жалға беру мерзімін ұзартпай тастаған.
«Есесіне әкімдік [осы аумақтағы] 1 гектар жерді астанада тіркелген «Алматы CPS» фирмасына жиһаз фабрикасын салу үшін 5 жылға жалға берген. Ондаған жылдар бойы салық төлеп, бизнесін қалаған шағын кәсіп иелері енді бар бизнестерінен айырылмақ» деп жазған кәсіпкерлер ақпарат құралдарына таратқан хабарламада.
— Бұл жер фабрика, өндірістік орын салуға келмейді. Алматының өзінің индустриялық аумағы бар, неге сол жаққа салмайды? Оның үстіне зират базардан 350 метр қашықта тұр, — дейді «ТКМ» компаниясының заңгері Жазира Төленова. Компания өкілдері жердің «Алматы CPS»-ке берілуінің ар жағында мүдделі топтар тұруы мүмкін деп болжайды.
Сәрсенбі күні саудада үзіліс жасап, наразылыққа жиналғандар базар жабылса, бала-шағасын асырап отырған жалғыз табыс көзінен айырылатынын, несиелерін төле алмай, тығырыққа тірелетінін айтып шағымданды.
Оқиға орнына Алматы әкімдігінен Асылбек Сатаев келіп, жиналғандарға шараның заңсыз екенін ескертті. Әкімдік өкілдері әзірге оқиғаға түсініктеме бермеді.
Азаттық тілшісі «Алматы CPS» компаниясынан да жауап ала алмады.
Манас Кайыртайулы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.