11 қазанда Алматыдағы Алмалы аудандық соты «тыйым салынған ұйымды құрды» және «оның ісіне араласты» деп айыпталған 13 оппозициялық белсендіге үкімін жариялады.
Судья Ернар Қасымбеков прокурордың сұрауын орындап, төрт адамды 5 жылға бостандығынан айырып, қалған тоғыз белсендінің еркіндігін 1 жылдан 2 жылға дейін шектеді. Сотталушылар тағылған айыпты мойындамайтынын, үкіммен келіспейтінін мәлімдеді.
Судья Ернар Қасымбеков айыпталған 13 белсендіге мынадай жаза тағайындады:
- Абай Бегімбетов — 5 жыл бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған);
- Асхат Жексебаев — 5 жыл бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған);
- Қайрат Қылышев — 5 жыл бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған);
- Ноян Рақымжанов — 5 жыл бостандығынан айыру, 5 жылға қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына тыйым салу (405-бап 1,2-тармағы бойынша айыпталған).
Бұл төртеуі жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді деді судья.
Сот 405-баптың 2-тармағы бойынша айыпталған тоғыз адамға келесідей жаза тағайындады:
- Дәметкен Аспандиярова — 2 жылға бостандығын шектеу;
- Бақдәулет Әлібеков — 1 жыл бостандығын шектеу;
- Диана Баймағамбетова — 2 жылға бостандығын шектеу;
- Гүлзипа Жаукерова — 1 жыл бостандығын шектеу;
- Нинагүл Жұманиязова — 1 жыл бостандығын шектеу;
- Ермек Қозиев — 1 жылға бостандығын шектеу;
- Марат Құрбанов — 1 жылға бостандығын шектеу;
- Болат Смағұлов — 1 жылға бостандығын шектеу;
- Дархан Уәлиев — 1 жылға бостандығын шектеу.
Мемлекеттік айыптаушы соттан кейінгі аталған тоғыз белсендіге қоғамдық саяси жұмыспен айналысуына 3 жылға тыйым салуды сұраған.
2020 жылғы желтоқсан айынан бері Алматының тергеу абақтысында отырған Абай Бегімбетов, Асхат Жексебаев, Қайрат Қылышев, Ноян Рақымжановтың қамаудағы әр күні бір жарым күн деп есептелінеді деп хабарлады судья. Диана Баймағамбетованы қамаудан босатып, оған шартты жаза тәртібін түсіндірді. Сот Дәметкен Аспандиярованың осы кезге дейін үйқамақта болғанын есепке алып, ол жазасын өтеген болып есептелінді. Аспандиярова 2020 жылғы 23 қыркүйекте ұсталып, сот шешімімен үйқамақта болған.
Бүгін шыққан үкіммен келіспейтінін мәлімдеген айыпталушылар мен олардың адвокаттары апелляцияға шағым беретінін айтты.
Алматыда 13 оппозициялық белсендінің сот процесі биыл 27 шілдеде басталған. Айыпталушылардың барлығы — қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, билікті сынап, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.
Жергілікті белсенділер осы аптада Қазақстанға келген Еуроодақ өкілдерін осы «саяси іске назар аударып, қазақстандық шенеуніктермен кездесуде елдегі саяси қудалау мәселесін қозғауға» шақырған.
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.