12 кантар, Кызылорда каласы, Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан сарбаз өліміне кінәлі деп танылып, 17 жылға сотталған қызылордалық Қазыбек Құдайбергенов өз-өзіне қол жұмсады. Бұл жөнінде Masa Media тілшісіне оның жұбайы Іңкәрім Сұлтанова хабарлады.
Оның сөзінше, күйеуі сот шешімімен келіспей курткасының замогын ұштап алып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.
– (Қазыбек Құдайбергенов – ред) сот шешімімен келіспей өзінің киіп жүрген курткасының замогын ұштап алып, мойынын кескен. Қазір денсаулығы жақсы. №68 тергеу изоляторының әкімшілігіне ешқандай арыз-шағымы жоқ. Тек сот шешімімен келіспейді, – деді ол.
Іңкәрім Сұлтановаға тергеу изоляторының дәрігерлік бөлімі берген анықтамада Қазыбек Құдайбергеновтың мойын тұсында 5 см жара бар екені айтылған.
– Терапевт дәрігердің қабылдауында 11.01.22 жылғы сағат 12:30-да қарау барысында мойынында 5 см көлемінде кесілген жарақаты бар. Жарақатына алғашқы медициналық көмек көрсетіліп, жара орны таңылып, екі жерден жіп салынды. Денсаулығына арыз-шағымы жоқ, жағдайы қанағаттанарлық, – деп жазылған.
Іңкәрім Сұлтанованың айтуынша, күйеуі өз-өзіне қол жұмсамақ болғаннан кейін тергеу изоляторына прокуратура мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері келген. Олар 19 қаңтарда болатын апелляциялық сотта көмектесетіндерін айтып, мәселені ушықтырмай, тыныш жабуды ұсынған.
– Прокуратура мен ҰҚК-дан адамдар келген. Олар «апелляциялық сот кезінде көмек болады, жылы ғана жауып қоя салайық» депті. Менің күйеуім «іс қозғалсын, маған анықтама беріңдер, барлығы ресми болсын» деген. Анықтамасын екі күннен кейін алдыртып берді. Қазір 105 баппен (өз-өзін өлтіруге дейін жеткізу) жаңа іс қозғап жатыр. Бірақ ол жақтан ешқандай мәлімет алған жоқпын әлі, – деді ол.
Қазыбек Құдайбергенов сот Қаңтар оқиғасы кезінде Қызылорда қаласында қаза тапқан сарбаз Мадияр Қайсаровтың өліміне кінәлі деп танып 17 жылға бас бостандығынан айырған. Құдайбергеновтың өзі және туыстары сот шешімімен келіспейді.
Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Он мыңға жуық адам ұсталып, оның 70 пайызы азапталған. Қазіргі уақытта «адам өлімі» мен «азаптау» бойынша істердің басым көпшілігі тоқтатылған.
«Маса медиа»
https://masa.media/kz/site/atar-oiasy-boyynsha-17-zhyla-sottalan-daybergenov-z-zine-ol-zhmsaan
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.