Әлеуметтік желілерде азаматтық белсенді Макс БОҚАЕВТЫ Петропавлдағы осы уақытқа дейін жазасын өтеген ЕС-164/3 колониясынан Ақтөбедегі жалпы режимдегі колонияға этаппен әкеле жатқаны туралы жазыла бастады. Бұл ақпаратты оның қорғаушысы Айман ОМАРОВА растады:
— Максты Ақтөбеге әкеле жатқан болуы керек, алайда біз ресми хабарлама алған жоқпыз.
Жанаргүл БОҚАЕВА ағасына қатысты жағдай былайша түсінік берді:
— Біз әзірге Максты басқа колонияға ауыстырып жатқандары туралы ресми хабарлама алмадық. Егер, бәрі жазып жатқандай, оны 26 тамызда ауыстырған болса, онда 2-3 күнде хабарландыруды жіберулері тиіс. Ендігі жеткен болар.
Жанаргүлдің айтуынша, 22-25 тамызда ол анасы Рахиля ҚОЖАСОВАМЕН бірге Макспен ұзақ мерзімді кездесуге барған.
— Біз кездесу болмайтын шығар деп күткенбіз, себебі, Максқа таңертеңгі және кешкі тексеру кезінде бас киімін шешпегені үшін екінші дәрежелі теріс мінездеме берген болатын. Оның айтуынша, бұл — адамның намысын таптау, заңға сәйкес келмейді, ақылға қонымсыз, онымен қоса рухани саулықтың маңызы жан саулығынан төмен емес. Бас киімін шешпегені үшін ол жазаны өтеудің бекітілген тәртібін жүйелі түрде бұзушы болып танылды. Макстың айтуынша, гуманизацияның шеті оған да тиіпті.
Қарындасының сөзінше, Макстың жағдайы қанағаттанарлық, ол еңсесін түсірмейді және барлығына сәлем жолдаған.
Әдетте этап мерзімі 15 күннен бір айға дейін жалғасады. Мәселен, кезінде Макс пен оның серігі Талғат АЯНДЫ Атыраудан Петропавлға ауыстыру 2017 жылғы 27 қаңтар мен 28 ақпан аралығындағы бір ай уақытты алып, үш облыстың аумағын кесіп өткен еді.
Естеріңізге салсақ, 2017 жылғы 20 қаңтарда Атырау облыстық сотының апелляциялық алқасы «жер митингісін» ұйымдастырғандары үшін әрқайсысы 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілген азаматтық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға қатысты шыққан бірінші инстанциядағы соттың үкімін күшінде қалдырған еді. Солтүстік Қазақстан облысында жазасын өтеген Талғат Ақтөбе облысындағы жалпы режимдегі колонияға көшіріліп, биылғы сәуірдің соңында сот оның қалған 3 жылын сол мерзімге бас бостандығын шектеу жазасымен алмастырған еді. Макс болса, өздерінің сотталғандарын заңсыз деп есептеп, бұл кінәні мойындауды қажет етпесе де, жазаны жеңілдету туралы арыз жазудан бас тартып отыр.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ»-ның Астанадағы меншікті тілшісі
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.