Батыс басылымдары бұл аптада Қаңтар оқиғасынан бері он ай өтсе де, Тоқаевтың «лаңкестер» жайлы мәлімдемесін растайтын дәлел табылмағанын жазды. Сонымен қатар президент либералды реформаларды іске асырмаса, бұл елді Батыстан алшақтатуы мүмкін екеніне назар аударды. Одан бөлек мемлекет меншігіндегі холдингтер не себепті жекешендірілуі керектігін талдады.
«ПРЕЗИДЕНТТІҢ «ЛАҢКЕСТЕР» ЖАЙЛЫ МӘЛІМДЕМЕСІН РАСТАЙТЫН ДӘЛЕЛ ТАБЫЛМАДЫ»
Eurasianet басылымы Қаңтар оқиғасынан бері он ай өтсе де, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «жаппай тәртіпсіздіктің артында “арнайы дайындықтан өткен лаңкестер” тұр» деген мәлімдемесін растайтын дәлел табылмағанына назар аударады.
5 қаңтар күні кешке Алматының орталық алаңы мен оған жақын тұрған үкімет ғимараттарындағы наразылықтың арты бейберекетсіздікке ұласқан кезде билік қала әуежайын әлдебіреулер басып алғанын хабарлады. Әуежай өкілдері нысанға 45 адам басып кіргенін айтқан. «Ашық дерек көздерде жарияланған бейнежазбалардан медициналық бетперде киген, қайсыбірі қолына таяқ ұстаған адамдар әуежай ішінде айғайлап жүргені көрінеді. Олар келтірген шығын ақыр аяғында үлкен болмаған: бірнеше терезе сынып, дүкендер тоналған».
Бірақ Тоқаев бұл оқиғаны қаңтар айында берген сұхбатында сипаттағанда әуежайды «Орталық Азияның басқа қаласынан азаматтарды әкелу үшін» басып алғанын мәлімдеді. «Олар Орталық Азияның бір қаласында арнайы дайындықтан өтіп, гастарбайтер ретінде ұшып келді. Оларды төлқұжатты тексеру аймағынан қалаға өткізіп жіберіп, операцияны басқаруды тапсырды».
Тоқаев айтқан лаңкестерден әлдебіреулер қамауға алынған-алынбағаны белгісіз, бірақ азаматтық белсенді, журналист және кәсіби аудармашы Әйгерім Тілеужан «әуежайды басып алды» деген күдіктілердің біріне айналды. Тағы бір күдікті – мектепте тарих пәнінің мұғалімі болған Қалас Нұрпейісов.
Тілеужанова да, Нұрпейісов те сол күні әуежайға барғанын мойындайды, бірақ тергеу таққан айыптарды жоққа шығарады.
Тілеужанова басылымға берген сұхбатында сол күні өзі, Нұрпейісов, оның әйелі мен қайнысы Республика алаңында тұрғанын баяндады. Оның сөзінше, бір кезде Назарбаев көшесінен бет алып алаңға келген бір топ адам полиция мен әскердің халыққа күш қолданбауға уәде еткенін, бірақ Ресей әскері келе жатқанын айтқан.
Нұрпейісовтің жұбайы Жанар Қанапиянованың басылымға айтуынша, ол адамдардың әуежайға бара жатқанын естіген күйеуі сол топқа қосылуды ұсынды. Нұрпейісов тонау болуы мүмкін екенін айтып, оны «тоқтатуға тырысайық» деген.
Тілеужанова да «әуежайға Ресей әскерінің келгені туралы ақпараттың рас-өтірігін білу үшін және қандай да бір арандатушылықтар болса, оның алдын алу үшін барғанын» жеткізді. Оның сөзінше, ол әуежайда жарты сағат болып, кетіп қалған.
Қанапиянованың айтуына қарағанда, әуежайдағы тонау күйеуі терминалдан шығып кеткен соң болған. «Біз Қаласты (Нұрпейісовті) кіреберісте жарты сағаттай күттік. Ол шыға бергенде, екінші топ келді. Олардың үстінде СОБР бронежилеті, қолдарында таяқ болды. Олар келді де, бәрін қирата бастады», − дейді ол.
Басылым бұл адамдардың арнайы жасақ киімін киген себебін бәлкім, сол күні бір топ адамның полиция учаскесіне басып кіріп, құрал-жабдықтарды қолды етумен байланыстыруға болады деп жазады.
Нұрпейісовтің адвокаты Абзал Айдарханов қорғауындағы азаматтың сол күні әуежайға барғанын, бірақ терактіге шақырмағанын айтады.
Басылым Тілеужанова мен Нұрпейісов Тоқаев сипаттаған содырлар мен лаңкестерге келіңкіремейтінін, одан гөрі саяси белсенділерге көбірек ұқсайтынын келтіреді. Тілеужанованың азаматтық белсенділігі 2016 жылғы жер митингілері қатысудан басталған. Ал Нұрпейісов 2019 жылы қашқындағы оппозициялық саясаткер Әблязов шақырған Алматыдағы митингіге қатысқан соң, мектептегі жұмысынан қуылған.
Қаңтар оқиғасын зерттеп жүрген құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина басылымға берген сұхбатында Тоқаевтың «лаңкестер» мен «содырлар» туралы мәлімдемесін растайтын дәлел жоқтығын түсіндірді. «Куәгерлердің сөздері мен біз зерттеген қылмыстық істерде ондай ақпарат жоқ. Әуежай жайлы мына нәрсе белгілі: әуежайдың қауіпсіздік қызметі ғимаратты белгісіз себептермен тастап кеткен».
ТОҚАЕВТЫҢ «ӘСЕРІ ШЕКТЕУЛІ» РЕФОРМАЛАРЫ ЖӘНЕ БАТЫСТАН АЛШАҚТАУ ҚАУПІ
АҚШ-тағы Atlantic Council зерттеу институты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев либералды реформаларды іске асыра алса, бұл елді демократияға ғана емес, Батысқа жақындататын қадам болар еді деп жазады. «Алайда Тоқаев саяси реформаларының практикалық әсері шектеулі», − деп жазады мақала авторы, зерттеу институтындағы Еуразия орталығының бағдарлама көмекшісі Бентон Кобленц.
«Қазақстан тәуелсіздік алғалы Ресей сыртқы саясатының назарында болды. Кремль агрессиясы елдің егемендігі, тіпті аумақтық тұтастығына төнетін қауіпке айналды. Бірақ Мәскеу Украинаға басып кірген соң Астана Ресейден алшақтай бастады. Ресей аннексиялаған Украинадағы аймақтарды мойындамады, мобилизациядан қашқан ресейліктерді паналатты».
Зерттеуші Украина дамып жатқан демократия институттарының арқасында Батыс қолдауына ие болғанын еске салады. Сондықтан, Кобленцтің ойынша, Астана Мәскеудің аймақтағы ықпалын қалпына келтіру әрекетіне қарсы тұру үшін Батысқа арқа сүйей алады, алайда Қазақстандағы авторитарлы институттар бұған кедергі келтіреді. Тоқаевтың либералды реформалары елді Батысқа қарай жақындатып, Мәскеуден алшақтата алады. Дегенмен автор Тоқаевтың қазіргі реформаларының «әсері шектеулі» дейді. Мысалы, кезектен тыс президент сайлауын Қазақстанда бәсекеге қабілетті саяси ортаның пайда болғанын көрсетуі керек еді. Бірақ іс жүзінде оппозицияға ұйымдасуға уақыт берілмеді, ал бұл Тоқаевқа қайта сайлануын қамтамасыз етеді.
Автор Тоқаевтың реформалары іске аспаса, бұл Батыс елдерін одан алшақтатады деп есептейді, өйткені Батыс қолдауы елдегі демократиялық прогреске байланысты.
Тоқаев үшін Қытаймен серіктестік Батыс пен Ресейге қарсы баланс бола алады. Қытай қолдайтын саяси модель халыққа саяси еркіндік бермейді, бірақ элитаға билік басында қалуға жол ашады, экономикалық өсімге үлес қосады. Дей тұрғанмен Қытаймен серіктестік бір империялық елдің ықпалынан алшақтап, басқа бір авторитарлы елге жақындауды білдіреді. Зерттеушінің пайымдауынша, Қазақстан демократияландыру процесін аяқтамаса, Батыс қолдауына ие бола алмайды, ал бұл елді екі авторитарлы мемлекет – Ресейдің не Қытайдың ықпалына кіруге мәжбүрлейді.
Сондықтан, автордың ойынша, Батыстың алдағы айларда Қазақстанға назар аударуы шешуші мәнге ие. Жоғары лауазымды тұлғалардың сапары, экономикалық әріптестік, инвестициялар мен жекеменшік кәсіпорындарға техникалық көмек көрсету Батыстың елге мүдделі екенін көрсете алар еді. «Ал егер Батыс елге назар аудармаса, автократияға көбірек бет бұруды қолдайтын күштер күшейе түспек».
МЕМЛЕКЕТТІК КАПИТАЛИЗМ ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА ДАМУЫН ТЕЖЕЙТІН ФАКТОР
Қазақстан қолданбалы саясат мектебінің («KSAP») атқарушы директоры, экономист Рахымбек Әбдірахманов АҚШ-та шығатын Diplomat басылымындағы мақалада Қазақстандағы негізгі ірі экономикалық секторлар мемлекет, шетелдік компаниялар мен элитамен байланысы бар кәсіпкерлердің қолында екеніне назар аударады. Экономист қалған қатысушыларға бәсеке жоғары, маржа көлемі аз немесе орташа, артықшылығы көп емес секторларға ғана кіруге мүмкіндік беріледі дейді.
Deloitte зерттеу орталығының мәліметіне қарағанда, өндіру мен қайта өңдеу (оның ішінде мұнай, газ және металдар) саласы ішкі жалпы өнімнің 29 пайызын, сауда 16 пайызын, банк ісі мен жылжымайтын мүлік 12 пайызын, көлік пен байланыс 11 пайызын, құрылыс 6 пайызын және энергия 2 пайызын өндіреді. Экономикадағы активтердің 80-90 пайызы осы салаларға тиесілі. Құрылыс, көлік пен сауданы қоспағанда жоғарыдағы әрбір секторға негізінен шетелдік және мемлекеттік компаниялар, элитамен байланысты коммерциялық құрылымдар иелік етеді. Бұл секторларға тәуелсіз, элитаға қатысы жоқ отандық компаниялардың кіруі қиын. Кей сарапшылардың бағалауынша, мемлекеттің бизнестегі үлесі 40-50 пайызға жетеді.
Автор элитаға жатпайтын топтардың «артықшылық берілген» экономика секторына кіре алмайтыны Қазақстанның экономикалық және технологиялық дамуын тежейтін негізгі фактор деп есептейді. Бұл салаларға тең дәрежеде қол жеткізу қоғамдағы табысты қайта бөлуге және орта класс пен технологиялардың дамуына жол ашып, инвестициялық климатты жақсарта алар еді. Бұл мәселені мемлекет меншігі мен ұлттық холдингтерді жаппай жекешелендіру шеше алады. Бірақ жемқорлық деңгейі жоғары, сот-құқық жүйесіндегі кемшіліктер және мемлекеттік қызмет жұмысының ашық еместігін ескерсек, 1990-жылдардағы жекешелендіру науқанының кемшіліктер мен қателер қайталануы мүмкін. Сондықтан Әбдірахмановтың ойынша, бұл құрылымдарды жүйелі түрде реформаламай, жекешелендіруді жүргізудің мәні жоқ.
Автор ел ұзақмерзімді экономикалық өсімді қаласа, белгілі бір өзгерістер жасалуы керек дейді. Ашық сайлау процесі, тәуелсіз парламент пен ұлттық банк, әділетті соттар керек. «Отандық және шетелдік инвесторлар елдегі заңдар тұрақты, салықтар күн сайын өзгермейді, ұлттық банк шешімдері тәуелсіз, саясатта бәсеке, ал елде тәуелсіз соттар бар екеніне көз жеткізуі керек. Экономиканың барлық секторында ешқандай алалау болмауға тиіс, бәріне тең мүмкіндіктер берілуі керек».
Азаттык Радиосы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.