Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Қаңтарда полицияда азаптан өлген жігіттің отбасы кінәлілер жазасыз қала ма деп қауіптенеді

Қаңтар оқиғасынан кейін полиция әкетіп, қамауда азаптан өлген Жасұлан Анафияевтың артында қалған әйелі мен шиеттей алты баласы баспаналы болды. Марқұмның жесірі қабырғасын қайыстырған қайғыдан еңсесін көтеруге халықтың қолдауы көмектескенін айтады. Жасұланның ісі бойынша тергеу әлі аяқталмаған. Қылмысқа күдікті деп танылған полицейлер «кінәсізбіз» дейді.

«ӘКЕМДІ ПОЛИЦЕЙ ҰРЫП ӨЛТІРДІ»

Гүлзия Омарбаеваны полицияда қаза болған күйеуі Жасұлан Анафияевты ақтық сапарға аттандырғанда жоқтау айтып тұрғанында көргенмін. Ол кезде Қаңтар оқиғасының ізі суымаған еді. Арада жеті ай өткенде марқұмның жесіріне тағы хабарластым.

Гүлзия есікті ашқанда алдымнан енді ғана жүріп жүрген сәби құлдыраңдап шықты.

– Бір жарым жастағы кенжеміз, әкесі төбесіне көтеріп жүретін, бес қыздан кейін көрген ұлы болған соң ба, памперсін де өзі ауыстырып, қолынан түсірмейтін. Қазір үйге ер адам келсе жүгіріп шығады, – деді бүлдіршіннің анасы күліп.

Үш бөлмелі пәтердің ішінде тұрмысқа керек-жарақтың бәрі бар сияқты.

– Мына пердені Қызылордадан біреу тіктіріп, таксиге салып жіберіпті. Ал мына стол мен ас бөлме жиһазын Алматыда бір адам әкеп берді. Диванды жасаған адам түсін таңда деді. Оны қалай таңдайсың, ұят емес пе? Мұның бәрі халықтың бергені. Еңсемді халық тіктеді, – дейді Гүлзия.

Пәтерді қалай алғанын Гүлзия бірде күліп, бірде көзіне жас алып айтты.

47 жастағы Жасұлан Анафияев Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, қамауда қаза тапты. Сот-медициналық сараптама оның қамауда болған кезде алған жарақатынан қаза тапқанын көрсетті.
47 жастағы Жасұлан Анафияев Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, қамауда қаза тапты. Сот-медициналық сараптама оның қамауда болған кезде алған жарақатынан қаза тапқанын көрсетті.

– Күйеуім барда алты баланы қалай бағып-қағамын деп уайымдаған емеспін. Жасұланнан айырылғанда аспан айналып жерге түскендей болды. Сонда маған бәрінен бұрын блогер Айжан Хамит көмектесті. Ол маған езіле бермей, пәтерге керекті құжатты дайында деп жүгіртіп қойды ғой, – деп күлді келіншек.

Гүлзия мен Жасұлан 2010 жылы отасып, алты балалы болғанымен үйсіз-күйсіз, Алматының шеткі аудандарында үй жалдап жүрген. Көп балалы ана ретінде пәтер кезегіне тұрғанымен баспанаға қол жеткізе алмаған. Қаңтар оқиғасынан кейін қаза болған Жасұланның денесі ақыры өз шаңырағынан емес, Алматының шетіндегі қайын жұртының үйінен шыққан.

– Әуелі «Asar-ume» қайырым қоры 9 миллион теңгенің сертификатын беретін болды. Анам екеуміз қорға құжат апарғанда бірден ұстатты. Сол жерге келген тағы екі кәсіпкер де 2 млн 700 мың теңге берді. Анам жылап жіберді, мен аң-таң болдым. Блогер Айжан Хамит хабарласып, қай жерден пәтер алатыныңды өзің таңда деді. Тағы 17 миллион теңгені Айжан жинап берді де, осы пәтерді алдық, – дейді Гүлзия.

Ол есепшотына үздіксіз ақша түскенін айтады.

– Блогер Айжан Хамит әлеуметтік желіге біз туралы жазған соң, көп адам шетелден де телефон соғып, көңіл айтты. Бекем болыңыз, далада қалмайсыз деді. Шетелден қомақты ақша аударғандар болды. Мың теңге, екі мың, он мың теңгеден толассыз түсіп жатты, – дейді ол.

Қаңтар оқиғасынан кейін Гүлзия секілді ауыр ахуалға ұшырағандарға әлеуметтік желіде белсенділер түрлі ұйым құрып, ақша жинаған. Қоғам белсендісі, қазір АҚШ-та тұратын блогер халықтан ақша жинап, Гүлзияға үш бөлмелі пәтер сатып әперген.

– Мұның бәрі дәтке қуат қана. Қыздарым әкесін сағынды. Қай күні «аспанда жұлдыз аққанын көрдік, әкеміз келсінші деп тілек айтып үлгердік» деп жүгіріп келді. Әсіресе үшінші қызым әкесін іздеп көп жылайтын. Жақында «әкем енді келмейді, әкемді полиция ұрып өлтірген» деп тұр. Естіген ғой. Олай айтпа дедім. Балаларымның өкіметті, полицияны жеккөріп өскенін қаламаймын, – деді Гүлзия.

Гүлзия күйеуінің қазасынан кейін қол қусырып отырмай, Алматының Алатау аудандық қорындағы жұмысына қайта шыққан. Алайда сонан кейін бұрын алып жүрген атаулы әлеуметтік жәрдемақысынан қағылған. Мемлекеттік органдар «табысың шекті шамадан асып кетті» деп жәрдемақыны тоқтатқан соң жұмысынан шығуға мәжбүр болған. Өйткені атаулы әлеуметтік жәрдемақы азық-түлігімен қосқанда 140 мың теңгеге жуық, ал жалақы 73 мың теңге ғана. Гүлзия жұмыстан шыққан соң үш айдан кейін атаулы әлеуметтік жәрдемақыны қайта аламын деп үміттенеді.

Қазір тігін тігу, торт пісіруді үйреніп жүр. Жеке кәсіп ашқысы келеді.

– Осыдан сегіз жыл бұрын күйеуім тігін мәшинесін әперген. Аяғы ауыр әйел тігін тікпейді дейтін ырым болғандықтан мәшинені пайдаланбадым. Енді соны пайдаланып отырмын, – дейді ол.

«ТОҚАЕВТЫҢ ҮНДЕУІНЕН ҮМІТТЕНДІ»

Гүлзияға күйеуі Жасұлан Анафияевты Қаңтар оқиғасынан кейін полиция қалай әкетіп, денесін әкелгенін айту ауыр тиді.

Оның сөзінше, 5 қаңтарда Алматыда дүрбелең басталғанда Жасұлан да көппен бірге көшеге шыққан. Бұрын саяси белсенділік танытпаған, кейде рұқсатпен, кейде рұқсатсыз өтетін бейбіт митингілерге де барып көрмеген Жасұланға 4 қаңтарда Алматыда бейбіт басталып, дүрбелеңмен аяқталған шеру – алғашқы және соңғы жиын болған.

 

– Өкіметке қарсы шығуға болмайды деп жүретін, – дейді әйелі Гүлзия.

Алматыда үш күнге созылған дүрбелеңнен Жасұлан аман шыққан. Гүлзияның сөзінше, Жасұлан Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа үндеуін теледидардан көрген.

– Жалдап тұрып жатқан пәтеріміз әке-шешемнің үйіне жақын еді. Үндеуді сол үйде көрді. Тоқаев жақсы нәрсе айтып қалар деп қатты үміттенді. «20 мың террорист банда шабуыл жасады» дегенде «бергі жағындағылар бізді террорист деп көрсеткен екен ғой, қап!» деп басын шайқады, – дейді ол.

6 қаңтарда Тоқаев арнайы үндеу жасап, «Алматыға 20 мың банда шабуыл жасады, ескертусіз атуға бұйрық бердім» деп мәлімдеген еді.

– 12 қаңтарға қараған түні, таңғы үштің шамасында газ пештің үстінде тұрған қазанның қақпағы жерге тарс етіп түскенде шошып ояндым. Жүрегім атқақтап, таң атқанша ұйықтай алмадым. Сол уақытта жантәсілім еткенін кейін білдім, – дейді Гүлзия.

Полицейлер Жасұланды 9 қаңтарда кешке Алатау аудандық полиция бөліміне әкеткен, 11 қаңтарда Алматы қалалық полиция департаментіне апарған. Тергеушілердің Гүлзияға айтуына қарағанда, 12 қаңтарға қараған түні Жасұланды полиция қызметкерлері ұрып-соғып, азаптап өлтірген.

Жасұланның сүйегін туыстары 18 қаңтарда, яғни өлтірілгеннен кейін бір аптадан соң ғана алған. Полиция әкеткенде Жасұланның қалтасында телефоны да, құжаты да болған. Полицияда қаза болғаннан кейін моргқа апарып тастағанын туыстарына ешкім хабарламаған.

Қаңтар оқиғасынан кейін полиция бөлімінде азаппен өлтірілген адамдар болғанын билік мойындаған соң ғана қылмыстық іс қозғалып, Гүлзия жәбірленуші ретінде іске қатыса бастаған. Оған тергеушілер Жасұланды полиция қызметкерлерінің қалай ұрып өлтірген айтып берген. Азаптағандардың аты-жөнін атап, суретін көрсеткен. Жасұланды ұрып жатқанын көрген адамдардың сөзін де айтып берген.

– Куәгердің сөзіне қарағанда, түнгі төрт жарым шамасында Жасұланнан қан кетіп жатқанда орындыққа байлаулы болған. Полиция «әйел, бала-шағаңды зорлаймыз» деп намысына тиген. Содан соң Жасұлан полицияның бірін ұрып құлатқан. Үшеуі жабылып, орындыққа байлап ұрған. Басқа полицейлер де жабыла тепкен. Жасұлан кеудесінен жан шыққанша «әруақ» деп айқайлап, «Құдайдың алдында қарабет болдыңдар, алты баламның алдында жауап бересіңдер» дей берген. Бұл – куәгердің сөзі, – дейді Гүлзия.

Сәуір айынан бастап оны тергеу ісіне шақырмайтын болған. Оған күйеуі Жасұлан екеуінің арасында заңды неке жоқтығы ілік болған. «Заңды некеміз болмаса да алты баласының ата-тегінде әкесінің Жасұлан екені көрсетіліп тұрғанын да ескермеді» дейді Гүлзия.

Қазақстан заңы бойынша, қылмыстық іспен жәбірленуші тараптың өкілі ретінде заңды некедегі әйелі немесе жақын туыстары ғана таныса алады.

«ТАҒЫ ДА ҚАҢТАР ЖАСАҒЫЛАРЫҢ КЕЛЕ МЕ?»

Құқық қорғау органдары «заңды некеде болмағансыз» деген уәжбен Гүлзияны шеттеткен соң іске Жасұланның қарындасы, Алматыдағы «Шаңырақ» әлеуметтік көмек көрсету орталығында («Қарттар үйі» – ред.) медбике болып жұмыс істейтін Ләззат Анафияеваны «заңды тұлға» ретінде қатыстырған.

– Істі тергеуді Нұр-Сұлтаннан арнайы келген прокурорлар тобы қолына алды. Әрбір сараптамаға мені шақырып, қол қойдырып жатыр. Алты адамды күдікті деп танып отыр, – деді ол.

Ләззаттың тергеу туралы бізге айтқаны Гүлзияның сөзімен ұқсас шықты. Ләззат та куәгерлердің куәлігімен танысып, қол қойған. Айтуынша, прокурорлар оған күдікті полицейдің өзінен жоғары бастығына телефон соғып, «анау сақалдыны төртеуміз жабылып әрең құлаттық» деп айтқан дауысын да тыңдатқан.

 

Ләззат күдіктілердің Жасұланды ұрып-соққанына жеткілікті дәлел бола тұра олардың ешқайсысы қамауға алынбады деп наразы.

– Негізгі күдікті саналған бір адамды қамадық деген болатын. Бірақ күдікті полицейлер прокуратура алдына барып, наразылық білдірген соң оны да бір күн отырғызбастан босатып жіберіпті, – дейді ол.

«Неге шығардыңыздар?» деген Ләззаттың сұрағына «полицейлердің ата-аналары пикетке шыққан соң жоғары жақтан «тағы да Қаңтар жасағыларың келіп отыр ма, босатыңдар!» деп ұрысты, содан соң жібере салдық» деп жауап берген.

Жасұлан Анафияевтың ісі бойынша күдікке ілінген полиция қызметкерлері я олардың адвокаттары Азаттыққа пікір білдіруге құлық танытпады.

ПОЛИЦЕЙЛЕР: ЕШ КІНӘМІЗ ЖОҚ

Ләззатқа прокурорлар айтқан «күдіктілер пикеті» кейбір БАҚ пен әлеуметтік желіде жарияланған. «КТК» телеарнасы биыл 19 шілдеде «Қаңтар оқиғасынан кейін істі болған 11 полицей тағылған айыппен келіспейді» деген сюжет берген. Онда Алматыдағы Медеу ауданы прокуратурасы алдында телеарна тілшісімен сөйлескен, оқиға болған түні кезекшілікте болған уақытша ұстау изоляторының (ИВС) 11 қызметкері «жаппай тәртіпсіздіктерден кейін абақтыға қамалғандардың көбі ауыр жарақатпен келгенін, өздерінің тергеуші де, жедел уәкіл де емес екенін, міндеттері тек күзет болғанын» айтқан.

Сюжетте сөйлеген полицей Аян Елубеков уақытша ұстау изоляторына түскендерді ол жерде ешкім ұрып-соққан жоқ деп сендіреді. «Уәжімізді ешкім тыңдағысы келмейді. Қаңтар оқиғасында қамалып, сол жерде отырған куәлер «танымаймыз, көрмедік, бізді ИВС-те ешкім ұрмады, арыз-шағымымыз жоқ деп отыр» дейді ол.

Әлеуметтік желіде тараған тағы бір видеода Алматы қалалық пролиция департаменті уақытша ұстау изоляторының бір топ қызметкері қатты соққыдан бет-жүзін қан жуған Жасұлан Анафиявтің суретін көрсетіп, «ИВС-ке осылай келді» деп мәлімдеген.

Өзін уақытша ұстау изляторының қызметкері, аға сержант Мейірхан Әмірханұлы деп таныстырған полицей «Осыны сендер істедіңдер деп отыр. Ал ол күні шамамен екі жүз адамды қамады. Ешқайсының құжаты болған жоқ. Бәрі ұрылып, соғылып келді» дейді ол.

– Бәрі сондай жағдайда келді. Денсаулығына арыз-шағымдары болды, – дейді тағы бір қызметкер.

Полицейлердің бұл сөзіне Жасұлан Анафияевтің әйелі Гүлзия да, қарындасы Ләззат да келіспейді.

– Соңғы барғанымда прокурорлар маған төрт видео көрсетті. Видеода қолында кісені бар, тергеуден шығып бара жатқан Жасұланның бет-ауызы сап-сау екені көрініп тұр. Жасұланды тергегендер сақтық үшін сол сәтті изолятордағы видеобақылау құралынан смартфонға түсіріп алған, яғни өздеріне сөз келетінін біліп, сақтанған. Ал видеобақылаудың басқа бөлігі наурыз айында арнаулы прокурорлар келгенде жоқ болған, өшірілген, – дейді Ләззат.

Жасұлан Анафияевтің ісімен шұғылданып жүрген прокурор Ардақ Серікбаевпен хабарластық. Ол тергеу жүріп жатқандықтан Жасұлан Анафияевтің ісіне байланысты ақпарат бере алмайтынын айтты.

Ол тіпті «Жасұлан Анафияевке байланысты күдіктілер үстінен қозғалған іс жүріп жатыр ма, тоқтап қалды ма?» деген сұраққа да «айта алмаймын» деп жауап берді.

Бізбен әңгімеде Жасұланның әйелі Гүлзия мен қарындасы Ләззаттың «күдіктілер сытылып кетуі мүмкін» деп қауіптененін айтқан еді.

– Біріншіден, бұл іске күдікті деп танылған полицейлердің барлығы да әлі қызметінде жүр, оларды тіпті уақытша болсын шеттеткен жоқ. Екіншіден, тергеушілер «бұл істің сотқа жетуіне құқық қорғау органдарының өзі де мүдделі емес» дегенді емеурінмен аңғартты, – дейді Ләззат.

Жасұлан Анафияевтің ісі бойынша адвокат Жан Күнсеркиннің сөзінше, күдіктілерге әлі күнге шара қолданылмаған. Ол Алматы прокуратурасына 9 тамызда жіберген шағымын көрсетті. Онда Алматы қаласы прокуратурасының жедел тергеу тобы істі жан-жақты тергемей жатқанын, сол себепті сотқа дейінгі тергеу органы мен өзге де құқық қорғау және қадағалаушы органдар шындықты қалпына келтіруге тікелей кедергі келтіріп отыр деп санайтынын, мұны кінәлілерді жауапкершіліктен құтқарып алу деп білетінін айтқан.

Адвокат шағымында Жасұлан Анафияевтің әйелі Гүлзия Омарбаеваны жәбірленуші ретінде тануды талап еткен. Заңгер бұл шағымына әлі жауап күтіп жүр.

«БҰЛ ЖЕРДЕН ТІРІ ШЫҚПАЙСЫҢ!»

«КТК» арнасы жариялаған сюжет көп ұзамай әлеуметтік желіде талқыланды. Қаңтар оқиғасынан кейін қамауға алынып, Алматы қалалық полиция департаментінде азапталған қоғам белсендісі Дәурен Достияров сюжетте сөйлеген полицей Аян Елубековті танығанын Facebook парақшасына жазды.

«Ақталуы, жалтаруы барып тұрған өтірік. 6 қаңтарда Жетісу полиция бөлімінен ИВС-тің қабылдау кабинетінде Аян Елубеков пен тағы бір полиция қызметкері мені соққыға жықты. «Қолға түстің бе, енді бұл жерден тірі шықпайсың!» деген секілді психологиялық қорқыту сөздерін айтып, кіжінеді тіпті. Камераға жапқаннан кейін де келіп, камера есігінің тесігінен сығалап, қасымдағы бірге отырған адамдарға «Мынау Достияров Дәурен деген нағыз провокатор, осы көтерілісті ұйымдастырғандардың бірі, сендер осы үшін таяқ жеп жатырсыңдар. Мұны аямау керек» деп арандатты» дейді Достияров.

Қаңтар оқиғасы кезінде қамауға алынып, азап көрген Дәурен Достияров та құқық қорғау органдарына арызданған.

– Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мені өзімді ұрды деп арызымда көрсеткен адамдармен беттестірді. Оның ішінде Аян Елубеков те бар. Бірден таныдым, олар мойындаған жоқ. Мені балғамен ұрған полицей келмей қалды. Тергеушілер «қолыңда дәлел, жаныңда куә болмаса іс қозғай алмаймыз» деді. Олар ұрған жерде камера болған жоқ, куәм де жоқ, сонда не істеуім керек? – дейді Дәурен Достияров.

Ол арызы бойынша ашылған қылмыстық іс әлі тоқтамағанын, бірақ өте баяу жүріп жатқанын айтады.

Дәуренді Жасұлан Анафияевті азаптау ісі бойынша куә ретінде де бастапқыда шақырып, кейін шақыруды тоқтатқан.

– Жасұлан 12-камерада, мен 10-камерада жаттым. Оның камера ішінде «Әруақ, әруақ!» деп айқайлап жатқанын, полицейлердің оны камерадан шығарып алып ұрып жатқанын естідім, куә болуға дайынмын, – дейді ол.

«КТК» телеарнасына сөйлеген полиция қызметкерлерінің ата-аналарының біреуін ғана таба алдық. Ол сұрағымызға адвокатпен ақылдасқан соң ғана жауап беретінін айтты. Сондықтан тергеуге тікелей қатысы жоқ сұрақтар қойдық.

Аты-жөнін айтқысы келмеген әйел адам уақытша ұстау изоляторында жұмыс істеп жүрген баласын кінәсіз деп санайды.

– Билік әйтеуір біреуді кінәлі етіп шығарғысы келеді. Балаларымыз ең төменгі сатыдағы қызметкерлер, сондықтан айыптай салу оңай. Олар тек күзетші, ұрып-соғады дейтін тергеуші де емес. Әйтеуір жұбанышымыз – қызметтен шығарған жоқ, бұрынғыша істеп жүр, – деді ол.

Ол Дәурен Достияровтың қамауда ИВС қызметкерлері азаптағаны жайлы жазбасын оқығанын айтты.

– Мен де оқыдым. Бәлкім, оны ұрса ұрған шығар, бірақ ол өзі не үшін қамалыпты? Соны ешкім сұрамаған, – деді ол.

Ал «марқұм Жасұлан Анафияев туралы жаман сөз айтпайтынын» ескертті.

– Бірақ судан ақ, сүттен таза болса көшеге неге шыққан? Оны ОМОН үйінен неге ұстап әкеткен? Ал менің балам біреуді ұратын адам емес. Аян Елубеков сол күні кезекшілік бастығы болған. Ол Жасұлан Анафиявты «соққы жеп келген, қабылдамаймын» деген, бастығы қабылдатқан, – деді полицейдің анасы.

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заңның 48-бабында «мемлекеттік қызметшінің қызметтік тергеп-тексеру жүргізілген жағдайда уақытша шеттетілуі мүмкін екені, ол жөнінде лауазымды адам (орган) актісі шығарылатыны» жазылған.

Алматы қалалық полиция департаменті бұл іс жөнінде қандай да бір ақпарат бермеді.

ПОЛИЦИЯДА АЗАПТАН ӨЛГЕН АЛТАУ

Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда 232 адам өлген. Бұған қоса абақтыда азаптаудан кейін алты адам қаза болған. Солардың бірі Жасұлан Анафияев тірі болғанда биыл шілдеде 48 жасқа толар еді.

Жамбыл облысының Байқадам ауылында туған Жасұлан Анафияевті туыстары мен достары бұрын спортпен шұғылданған, алпамсадай шымыр денелі, ақкөңіл азамат болатын деп сипаттайды. Олар қоқыс таситын көлік айдап, қарапайым тіршілік кешкен Жасұлан қандай да бір қылмыс жасады дегенге сенбейді.

Жақындарының сөзінше, Жасұлан намаз оқыған. Әйелі Гүлзия мен қарындасы Ләззат оның деструктивті діни ағымда болмағанына түрлі мысал келтірді.

– Деструктвиті діни ағымдарға жататындардың ұлттық салт-дәстүрімізді «ширк» деп санайтынын, әруаққа сыйынбайтынын білеміз. Жасұлан салт-дәстүрге қарсы болған емес, әруақты аузынан тастамайтын. Абақтыда жатқанда да «әруақ!» деп айқайлағаны соның белгісі емес пе? – дейді Гүлзия.

Қаңтар оқиғасынан соң құқық қорғау органдары Қазақстанда тыйым салынған «Йакын инкар» діни ұйымының бір топ өкілі ұсталды деп хабарлаған. 26 қаңтарда мемлекеттік «Хабар» арнасы «Қасыретті қаңтар: оқиға қалай өрбіді» дейтін фильмінде «Йакын инкар» ұйымының өкілдерін де көрсеткен. Қаңтар оқиғасына бұл топтың қандай қатысы бары, нақты қанша өкілі ұсталғаны жайлы ресми ақпарат жоқ.

Гүлзия мен Ләззат қолдарында айқын дәлелдері бола тұра, Жасұланды азаптап өлтіргендердің әлі күнге анықталмай, тергеудің сиырқұмшақтанып кеткеніне алаңдайды.

Ләззат бізбен сөйлескенде «Жасұланның қазасы анамызға ауыр тиді, төсек тартып жатып қалды. Қауіптеніп отырмыз» деген еді. Осы мақала жазылып жатқанда Жасұлан Анафияевтың анасы өмірден озғаны белгілі болды.

Халықаралық адам құқығын қорғау ұйымдары Қазақстан билігін Қаңтар оқиғасын жан-жақты тергеуге, оған халықаралық сарапшыларды тартуға үндеген. Нұр-Сұлтан халықаралық мамандарды тарту туралы ұсыныстан бас тартқан. Мамырда Human Rights Watch (HRW) ұйымы «Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр» деп мәлімдеген. Қаңтарда қаза болған кейбір азаматтардың туыстары осыған дейін биліктің жақындарының өлімін дұрыс тексермей отырғанын, толық ақпарат бермей отырғанына шағымданған.


Полиция тірі әкетіп, өлі қайтарды

 

 

Поделись, чтобы люди узнали:
.