Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Бассыздық кашанға дейін жалғаспақ?

5 маусым күні Ақсай қаласындағы сайлау учаскесінің бірінде тәуелсіз бақылаушы болып отырғанымда, өзіміздің мұғалімдердің чатына көзім түсті.
Оқу ісінің меңгерушісінің міндетін атқарушы 15:34-те былай деп жазыпты: «Сәлеметсіздер ме?! Бүгін референдумға байланысты өткен сайлауда кім дауыс берді екен? Және кім дауыс беруге енді барады? Тезірек айта қоясыздар ма?»
Артынша 4 мұғалімнің 3-і барғанын, біреуі бармағанын жазды. Менің әйелім әркімнің өз еркінде болғандықтан, бармайтынын жеткізді.
Сосын мен мұның азаматтардың конституциялық құқығын бұзу екенін, жоғарыдан келген заңға қайшы істерді орындай бермеу керек екенін ескертіп, тапсырманың кімнен келгенін сұрадым. Ешкім сұрағыма жауап бермеді.
Мектепке барған соң, директорға барып, кешегі заңсыздық туралы мәселені қозғадым. Сұрастыра келгенде, оқу ісінің меңгерушісінің міндетін атқарушыға референдумға барып, мұғалімдердің дауыс беруі туралы мәлімет сұратқан аудандық білім бөлімінен Жанна Ерболатқызы болып шықты.
Бір мектепте жүрген қызметтестермен ренжісіп, аудандық білім бөлімен қырын қабақ болу-жақсы емес. Сондықтан аудандық білім бөлімінің қызметкерінен ұжымның алдында кешірім сұрауын өтіндім. Кешірімді оқу ісінің меңгерушісінен ғана сұрайтынын айтты. Ал, бүкіл ұжымның конституциялық құқығына араласқанын сезінбеді.
Бұл жерде мәселе елдің болашағына, мұғалімдердің конституциялық құқығының тапталуына қатысты болып отыр. Әрине, Жанна Ерболатқызының жоғарыдан берілген тапсырманы орындап отырғанын да түсініп отырмын. Соны мойындаудың орнына, мұғалімдердің қоғамдық жұмысқа қатысуы туралы мониторинг жүргізіп отыратынын, мәліметті сол үшін сұратқанын жазды.
Ал, енді мұндай сөзге бала да сене ме? Мен мәліметті қай заң мен нормативтік актіге сүйеніп сұрап отырғанын және дәл соған жексенбі күні қандай қажеттілік болғанын түсіндіруді сұрадым. Берген жауабы көңілімнен шықпады. Жеке өзім үшін мониторинг жүргіземін дегенге сайды.
Биліктің мұғалімдердің конституциялық құқығына қол сұғып келгені тек бүгін емес. Бұрынғы сайлаулар мен кешегі референдум кезінде урнаның алдында жұмысына жіберу үшін фотоға түсіп жатқан талай мұғалімді көрдік. «Нұр Отанға» еріксіз кіргізіліп, саяси құлдықтан шыға алмай жүрген жүздеген мың мұғалім бар. Сайлау комиссиясы құрамына мұғалімдерді мәжбүрлеп кіргізіп жатқанын Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Бекқайырдың өзі де мойындады.
Референдум туралы заңның конституциялық мәртебесі бар. ҚР республикалық референдум туралы конституциялық заңының 4-бабында азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысатыны және еркін ашық білдіретіні айтылған. Ал, біздің биліктің жасап отырғаны мынадай сорақылық.
Бассыздық қашанға дейін жалғасады? Мынадай сорақылықтан кейін қоғам жаңарып, биліктің авторитарлық сипаты өзгере ме? Азаматтардың конституциялық құқығына қол сұғылып, саяси құқығын аяқасты ету қай кезге дейін жалғаспақшы?
P.S. Менің көтеріп отырған мәселеме тиісті құзырлы органдардың тексеріс жүргізіп, жауап беруін талап етемін. Аудандық білім бөліміне тапсырма берген кім? Солардың бәрі жауап берсін!
 
Серік Зиятов
 
Поделись, чтобы люди узнали:
.