Айтбай Әлиев 5-қаңтар күні алаңға митингіге барып, оққа ұшып, қаза болды. Оны қара киімді, қара маска таққан арнайы жасақ-омондар ұрып-соғып жатқанын көрген Ұзақбаев Ержан деген жігіт жүгіріп келіп, «Үлкен кісіні неге ұрасыңдар?» деп арашалап алмақ болады. Бірақ омон оның өзін аяғынан атады. Оқ тиген Ержан Айтбайдың үстіне құлайды. Ол кезде Айтбай тірі болған. Омондар Ержанның арқасынан тағы екі рет атады. Ол сол жарақатымен ауруханаға түсіп, 6-қаңтарда ота жасатып, 7-қаңтарда палатаға шығады. Ержан осы көрген-білгенін туған-туыстарына айтып үлгереді. Бірақ өзі екі сағаттан кейін аяқасты қайтыс болады.
Айтбай Әлиевті туыстары 7-қаңтарда моргтен тауып алады. Ұлы Артур Әлиевтің айтуынша, оқ Айтбайдың басынан тиген.
Айтбай Әлиев — 1960 жылы туған, Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының тумасы. Екі ұлы, келін, немерелері бар.
Артур әкесінің қарапайым адам екенін, бірақ көзі ашық, көкірегі ояу, белсенді азамат болғанын, 2003 жылдан бері қоғамдық-саяси істерге араласып, жүйемен күрескенін айтады. Сол үшін 2019 жылы ол Қылмыстық кодекстің 405-бабымен 6 айға сотталған. Бірнеше рет 10, 15 күн абақтыда отырған. 2 ай қоғамдық жұмысқа да жегілген, 500 мың теңге айыппұл да төлеген.
Артур әкесінің терроршы да, қылмыскер де емес екенін, мұның бәрі оны райынан қайтару үшін, сағын сындыру үшін, белсенділігі үшін әдейі берілген жаза екенін айтады. «Әкем мына тоталитар-диктатуралық жүйеге қарсы болды, әділдік үшін күресті, сол жолда құрбан болды. Алаңда не болғанын, әкемнің қалай қаза болғанын көрген Ержан Ұзақбаевтың да аяқасты қайтыс болғаны да — жұмбақ» дейді ол.
12-қаңтарда туыстары Айтбай Әливтің қырқын береді. Артурдың сол садақаға арнап түсірген бейнежазба-ролигін біз постқа қоса жариялап отырмыз.
Посттағы дерек, фактілерді Артур Әлиев берді.
Бақытжан Төрегожина құқық қорғаушы
Для отправки комментария необходимо войти на сайт.