Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Жанболат Мамай мен Бауыржан Байбек арасындағы дауға қатысты сот басталды

Алматының Әуезов аудандық №2 соты биліктегі “Нұр Отан” партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің шағымына қатысты істі қарай бастады. Осыған дейін шенеунік саяси белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайдың үстінен “ар-намыс пен іскерлік беделге нұқсан келтіру” бабы бойынша сотқа шағым түсірген еді. Мәселе азаматтық іс шеңберінде қаралады.

Сот онлайн өтіп жатыр.

Демократиялық партия құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, билікті сынап жүрген саяси белсенді Жанболат Мамай сәуірде Youtube-тегі “Демократиялы Қазақстан/Демократический Казахстан” арнасында “Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы” атты видео жариялаған. Деректі фильм стилінде түсірілген видеода Жанболат Мамай Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбекті “мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрды”, “Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапты”, “құрылысқа және көлік тұрағына” қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің “жерін берді”, “пара алды”, “көмір мафиясын құрды” және Алматыдағы ЖЭС-2-ні “газға көшіруді кешеуілдетті”, “адам құқықтарын бұзды” деп айыптаған.

Байбектің заңгері жауапкерлер бұл сөздерді “нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуді” талап етіп отыр.

Мұның алдында берген сұхбатында “Нұр Отан” партиясы төрағасының орынбасары Жанболат Мамайды “тірі өлік” деп атап, оны сотқа беретінін мәлімдеген.

Ал Азаттыққа сұхбатында Мамай сотқа дайын екенін, Байбекті ашық дебатқа шақыратынын айтқан.

14 мамырда Азаттық тілшісі Бауыржан Байбектен аталған іске қатысты пікірін алу үшін Нұр-Сұлтандағы “Нұр Отан” партиясы кеңсесіне барған. Алайда ол жақта Азаттық тілшілерін есіктен әрі аттатпады. Тілші партия төрағасы орынбасарын дәлізден көріп қалып, дауыстап шақырған, бірақ ол қараған да жоқ.

21 сәуірде “Нұр Отан” партиясының баспасөз қызметі “ресми сауал жолдау” қажеттігін айтқаннан кейін Азаттық сауал жолдаған. Алайда әлі күнге дейін оған жауап алған жоқ.

Жанболат Мамай – ұзақ жылдан бері билікке өткір сын айтып жүрген журналист әрі саяси белсенді. Ол 2011 жылғы Жаңаөзен оқиғалары кезінде “әлеуметтік араздықты” қоздырды деп істі болып, кейін “шын өкінуіне байланысты” қылмыстық жауаптылықтан босатылған.

Алматы соты 2017 жылғы қыркүйекте “банктен ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды және оны басқарды” деп, сырттай ұзақ жылға сотталған, қазір шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовтың ұрлаған қаржысының бір бөлігін газеті арқылы жасырған” деген айыппен оның бас бостандығын 3 жылға шектеу туралы үкім шығарған.

Мамай 2019 жылы қыркүйекте оппозициялық бағыттағы Демократиялық партия құратынын жариялаған. Алайда, “бастамашыл топ мүшелеріне және белсенділерге қысым жасалуына байланысты” партияның 2020 жылғы 22 ақпанға белгілгенген құрылтай съезі өтпей қалды, оның орнына Мамай бастаған топ сол күні наразылық митингіне жиналды.

Содан бері Жанболат Мамай мен оның серіктері наразылық митингілерін жиі өткізіп тұрады. 2021 жылғы 10 қаңтарда және 28 ақпанда наразылыққа шыққан оны полиция жасағы бір топ жақтасымен қоса сағаттап құрсауда (кеттлингте) ұстаған. Халықаралық ұйымдар полицияның бұл әрекетін “адам құқықтарын бұзу” деп атады.

Оның әйелі әрі саяси күрестегі серіктесі Инга Иманбай Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюрода адам құқықтарын қорғаумен айналысады.

Қарай отырыңыз: Байбек Мамайды сотқа бермек. Мамай оны дебатқа шақырды (Сәуір айы, 2021 жыл).

Радио Азаттык

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Мамай ЖанболатБольше записей в Мамай Жанболат »
.