Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Түркістан облысының белсендісі Марат Дуйсенбиевке қатысты үкім

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН 

Ү К І М 

2020 жылғы 22 желтоқсан №5155-20-00-1/145 іс Абай ауылы 

Түркістан облысы Келес аудандық соты құрамында: 

төрағалық етуші судья Қ.Ә.Әбубәкір, 

сот отырысының хатшысы Е.А.Құдайбергеновтің, 

мемлекеттік айыптаушы – прокурор М.О.Спабековтің, 

сотталушы М.Е.Дуйсембиевтің, 

қорғаушы- адвокат А.И.Аккуловтың қатысуларымен ашық сот отырысында қылмыстық істі қысқартылған тәртіппен қарады, ол бойынша: 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиев, 1976 жылдың 2 шілдесінде 

Түркістан облысында туылған, Қазақстан Республикасының азаматы, орта білімді, жұмыссыз, бойдақ, Түркістан облысы, Келес ауданы, Бесқұбыр ауылы, Қызыл бұлақ көшесі, №42 үй тұрғыны, бұрын сотталмаған, 2020 жылдың 24 қыркүйегінен «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған, айыптау актісінің көшірмесін алған, ҚК-нің 405-бабының 1 және 2-бөлігінде көзделген құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін айыппен сотқа берілді. 

СИПАТТАУ БӨЛІГІ: 

Сотталушы М.Е.Дуйсембиев, 21.05.2020 жылы Түркістан облысы, 

Келес ауданы, Бесқұбыр ауылы, Қызыл бұлақ көшесі, 42 үйде болып, 13.03.2018 жылы Астана қаласы, Есіл аудандық сотының шешімімен Қазақстан Республикасы аумағында тиым салынған, экстремистік ұйым  деп танылған «Қазақстан демократиялық таңдауы» (әрі қарай ҚДТ) кейін атауы «Көше партиясы» болып трансформацияланған (19.05.2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласы Есіл аудандық сотының шешімен «Көше партиясы» қозғалысы бұрынғы ҚДТ партиясының жаңа атауы деп белгіленген) қозғалыстың Қазақстан Республикасы аумағында тиым  

салынғанын алдын ала біле тұра, аталған экстремистік ұйымның қызметін ұйымдастыру және қатысу мақсатында қасақана ниетпен өзіне тиесілі «Samsung J3» маркалы ұялы телефоны арқылы «Telegram» мессенджерінде «Туркестан «Көше» чат-топтамасын құрып, ұйымдастырушы және қатысушы ретінде аталған чат топтамасына қатысушыларды шақырып, кіргізіп, «Қазақстан демократиялық таңдауы» кейін атауы «Көше партиясы» болып трансформацияланған және

жоғарыда аталған заңды күшіне енген сот шешімдерімен тиым салынып,  экстремистік ұйым деп танылған ұйымның қызметіне үгіт насихат жүргізген. 

Атап айтқанда, ол 21.05.2020 жылы 3457 қатысушысы бар «Туркестан «Көше» чат топтамасына келесідей мазмұндағы дауыстық  және тексттік хабарламалар жіберген: сағат 04.26-да: «Ассалам! Енді группадан пока шыпай тұру керек, потому что ол жақтада жұмыс істеу керек қой, бер жаққа адамдарды тарту керек, үгіттеуіміз керек 1-2 күн, ол чатты ашып, Асеке сен асыкпай тұрайық ол чаттан шықпай тұрсын, потому что үгіттеуге керек қой адамдар. Үгіттеп бәрін бері қарай  

шақырып, сылка тастап, сылкамен біраз кіргізіп алайық кіргенке, қалғанын кейін қолмен кіргіземіз Инша Аллах. Немен да өзіміз. Сол пока кіріп жатқан өзіміз активный-активыный дегендерді қолымен кіргізіп  алайық бастамасын инша Аллах. Қалғанын кейін көре жатамыз» аудио жазбасын жіберген; 

21.05.2020 жылы сағат 04:27-де «Ассаламалейкум ағайындар! Мынау, ммм Көше чаттың алдыңғы жаңа айтылған «Көже» чат болды енді. ИншАллах мына сылкамен кіресіздер. Мына чаттан сол чатка ауысамыз  енді, ауыспасақ көріп тұрсыздар болмайын деп тұр, бізді экстремистке шығарып тастады, бұл ұры биліктің құйдырғы әрекетін айналып өту үшін біз осы частка аусуымыз керек боп тұр. Сол себеп ағайындар елім-жерім деп жаны ашитындар сол чатка ауыссын мына сылкамен кіресіздер. Сол ағайындар жаңа чатка аусыңыздар» аудио жазбасын жіберген; 

21.05.2020 жылы сағат 04:29-да «Ассаламалейкум жаңадан кірген ағайындар! Барлықтарыңыз аға-әпкелер, қарындас, бауырлар, інілер  барлықтарыныз алдынғы контактілеріңізді жаңадан қоссаңыздар  болады. Енді алдын Қазақстан бойынша Түркістан облысы алдынғы орында едік, енді ең ақырғы орында отырмыз. Сол себеп тез-тез кірісіп  Инша Аллах қалған қатарға жетіп алуымыз керек. ИншаАллах алдағы күнде жетіп аламыз деген ойдамыз. Сол себеп тез-тез оперативна,  барлығымыз контактілерді қосуға ат салысуымыз керек. Сол ағайындар әр қайсысымыз өз контактілерміздегі жанағы елге жаны ашитын бауырларымзды қосайық» аудио жазбасын жіберген; 

21.05.2020 жылы сағат 05:34-те «Жетісай, Асықата, Мырзакент,  Келес, Шардара, Шәуілдір, Арыс, Сарыағаш, Қазығұрт, Шаян, Ленгер,  Темірлан, Созақ, Түлкібас, Сайрам,Түркістан, Шымкент Алға  Түркістан!!! Алға Қазақстан!!! Алға Көше Партиясы!!!» суретін жіберіп, 

21.05.2020 жылы сағат 10:41-де «Одан кейн бауырлар, мынау атына келетін болсақ, атына пока таласпайық қояйықшы, мүмкін және бір экстремист деп шығарар тағы бірденке қылар, мүмкін әлі 10 рет атын  ауыстыруға тура келер сол себеп. Егер 10 рет ауыстырып жатса жанағы, әр қайссыныздын айтқан нелерініз кеп қалар деп ойлаймында жаңағы, бәреуә анау деп айтамыз біреуі мынау деп айтамыз деватыр ғой.

Сол себепті атына неғымайық қояйқ таласпайқ, атыңда тұрған ешнарсе жоқ. Главное бұл жерде аты емес заты болып тұр ғой, біздерге байланысты ғой. Сол себеп ағайын атына таласпайық», 21.05.2020 жылы сағат 10:50-де «Сені ешкім ұстап тұрған жоқ бұл жерде, бұл жерде отыр тек қана тусінгендер отыр. Арғы чат мақсат қандай болса бұлда сондай! Сол мақсатпен ауысып жатырмыз бері қарай. Өкімет бізді экстремист қылып шығардыма ол чатты «Көше чатын» міні мына чатқа ауысамыз, сол. Егер атына келсек, қаласақ атын бұныда және бір экстремист қылса одан кейн  «генеральный прокуратура» жазып қоямыз болды идея жетеді.Айтып жатыр ғой жігіттер түрлі идеяларды, біреунікі болмаса біреунікін аламыз айтеур иншаалла. Сол, мақсатымның ұры билікті, ұры шалдарды соңдай бір бейбіт жолмен бейбіт түрмен жиналып, алдағы күндерде иншаалла. 1 ай дан кейн болама 1 жыл дан кейн болама сол мақсатта жиналып жатқан, оған сабыр қыла алмаймын дегендер кетсін», 21.05.2020 жылы сағат 11:07- де «Айттық жана, неге түсінбейсіздер, сабыр ете алмасаныздар алыныздарда шығыныздар. Байтерекке барыныздар, бәйтерекке шығып айқайланыздар, жүдә болмаса сол бәйтерекетің крышасына шығып алыныздар, сабыр ету керек кой адам деген. 5-6 адаммен шыгып алып  нестимз ал, қықыз емес ол нарсе. бізге адам жинау керек, адам көп  болуы керек», 21.05.2020 жылы сағат 13:38-де «Я ұры шалдарды, ұры  

билікті. Бейбіт шерулер бейбіт жиындар солар арқылы ауыстыру мақсатымыз. Ашық анық мақсат!», 21.05.2020 жылы сағат 13:38-де «Қазіргі кезде бұл биліктің өздері дірілдеп отыр ғой дірілдеп, сол себеп ананы экстремистік көше чатты экстремистік қылып шығарып жіберді  

да» деген хабарламалар жіберіп ҚДТ кейін атауы «Көше партиясы» болып өзгерген экстремистік қозғалыстың идеологиясын насихаттап,  чат қатысушыларын шеруге, топқа қосылуға шақырған. 

М.Е.Дуйсембиевтің аталған хабарламаларына 21.05.2020 жылы сағат 09:14-те «Жаныл Нурлан» атты қолданушы «Қорықсақ ұтылғанымыз «Көже» деген ұят есім», 21.05.2020 жылы сағат 09:17-де «Бахыт Бахыт»  атты қолданушы «Халық қозғалысы деген дұрыс еді», 21.05.2020 жылы сағат 09:23-те «Жаныл Нурлан» атты қолданушы «Экстремистік  дегеннен соң қорқып шығып кетсек биздин ұтылғанымыз көше деп до конца тұру керек», 21.05.2020 жылы сағат 09:46-да «Жайдақ Шаян  Жайдақ Шаян» атты қолданушы «Қорықпаймыз тек Алладан қорқамыз үкіметі жынды қылайықта чатын атын ауыстырып», 21.05.2020 жылы сағат 09:47-де «Lyazat Dosmambetova» атты қолданушының жіберген «Армысың ағайын! Біз қазақ елінің азаматтары, сөз бостандығына  құқылымыз. Біз Көшенің адамдарымыз, Көшенің адамдары болып қала береміз. «Көше» ол біз, ал атауымыз ол біздің киіміміз. Оны біз апта сайын ауыстыра аламыз, биліктің заңсыз бассыздығын абсурдқа дейін жеткізіп.  Бүгін «КӨЖЕ» , ертең «ЫСТЫҚ КӨЖЕ» маңызды емес!!! Маңыздысы біздің кім екеніміз! Біздің алға жетелейтін, диктатурадан босау, сөз

бостандығы, әділдік және тең құқылық! Біз Көше Қазақстан Республикасының бостандығын қалайтын азаматтарым!» деп жауап  беру арқылы текстік жазбасын жіберген. 

Бұдан басқа, М.Е.Дуйсембиев 25.05.2020 жылы сағат 14:50-де «Ригаааа» атты қолданушының жіберген «Наурыз айында 2019 да 600.700 адам шығып еді митингке соган арет тотеп берді ертен 100 мың адам шықса тоқтата алады ма?» деген текстік жазбаға «Мың адам шықса жеңіс біздікі деп санай беріңдер, полицейскилер маска киіп шыға беріңдер сендерді өзіміз қорғап аламыз КНБ сендерді де қорғап аламыз халықпен  бірге болыңдар!!!» деп жауап беру арқылы тексттік жазбасын жіберген. 25.05.2020 жылы сағат 14:54-те «Мың адам арасына кіріп кету арман болып жүр маған» текстік жазбасы жіберген. 

21.05.2020 жылы сағат 14:56-да «Жан» атты қолданушының жіберген «арасына кирип кету емес алдында басымызды котерип десенизш» деген тексттік жазбаға «Ол сөзсіз солай болады, сол жерге жетсем болды ғой.» деп жауап беру арқылы текстік жазбасын жіберген. 

Әрі қарай, М.Е.Дуйсембиев 02.06.2020 жылы сағат 11:34-те «Ассалаумағалейкум ағайындар! Е мына Гермес ол кісі бізді отвлекать ету үшін кірген болуыда мүмкін, басынан мен дұрыс кірдімба дегенінен белгілі. Көпшілік нелерден білмейміз мүмкін олайда емес шығар. Бірақ  

көпшілік провакаторлар осылай кіреді да. Мен дұрыс кірдім ба? Мені кім кіргізді деп, үйреншікті жағдай ғой олардың жаттап алған сөздері. Кейін жаңағы тілден бастайды, тілге тиісіп бастайды. Тіл жайлы айтады да  өздері қате жазып бастайды что-бы біз арықарай талқылап кету үшін. Сол үшін ондай мәселелерге мән бермеңіздер. Біз негізі 6-на шығу жайлы сол жайлы талқыласақ дұрыс болар еді негізінде.Уже 6-да кеп қалды есебіғой. Үкімет өзі рұқсат беріп отыр ещқандай бір несіз. Шымкент мысалыға 100 адамнан 3000 адамға дейін рұқсат алған. Түркістан облысынан шымкентке. Сол себепті барлығыңыз шығасыздар деген ойдамыз, шығасыздар деп  

үміттенеміз. Сол ағайындар тіл мәселесі бойынша алаңдай бермеңіздер. Алтысы жайлы талқылайық жалпы», 02.06.2020 жылы сағат 11:44-те «Миттинг болатын жерге ләжі барынша 1-2 болып бармау керек. 5-6 топтасып ләжі барынша ол жерде ешқандай заң бұзбаған жағдайдың өзінде қазір полициялар өздері заң бұзуда, бұзады. Бізді ешқандай себепсіз бізді жетізбей акетіп қалады. Алдын ала дайындалу мынандай болу кереккой 5- 6 адам 3-4 адам кемі деп ойлайымын ләжі болса топталып топталып  Ордабасы алаңығой Түркістан көже чатында белгіленген жер. Ордабасы алаңына 3-4 5-6 10 шақты болып топталып топталып бару керек. Әкетіп қалмау үшін. Жеткізбей әкетіп қалады 1-2 болып бармау керекта. Соғандайындалу керекта. Соны талқылап кімде қандай ой бар», 02.06.2020 жылы сағат 22:27-де: «Ия Ассалаумағалейкум бауырлар әпке  қарындас бауырлар бүгін мына Кама ұарындасымызды әкеткен екен. Е субханалла, бұл жаңағы күшіктер тыңдап отрған күшіктер сендерге 

айтамын қай уақытқа дейін өйтіп жүрмексіңдер. Ертең қара бет  боласыңдар ғой, қай беттеріңмен жүрмексіңдер. Бала шағаларыңды  ойламайсыңдарма?! Ол сендердің туған аталарың беді туған бабаларың беді. Соны айтыңдаршы маған кім еді ол соншама? Сендер соны солай қорғайтындай. А біздер активистер біліп алыңдар алған беттерімізден қайтпаймыз ешқайысымыз. Не істисіңдер не Не істисіңдер? Сонда  біздің тілімізге біздің ойымызға сендер қарауыл болмақшысыңдарма? Арманғой ол сендерге арман. Сендер өтіп кетіңдер одан. Тоқтата алмайсыңдар. Шакалдар, шакалдың күшіктерісіңдер сендер. Шакалдың  өзіде емессіңдер шакалдың күшіктерісіңдер!» 02.06.2020 жылы сағат 22:30-да: «Шықты міні күшіктер, осылай қаттырақ сөйлесеңдер өздері  әуілдеп шығады өздері. Шакалдар уууулдейді ғой уууілдеп шығады ғой» аудио жазбасын жіберген; 

Бұдан басқа, М.Е.Дуйсембиев 03.06.2020 жылы сағат 23:35-те  «Сен бұндай громки сөздерді айту үшін бірінші өзің ана атыңды жазып қоюың керекта, кейін суретіңді қойып қой. Одан кейін күнде осы жерде активный отыр. Әйтеуір адам қос жаңағы. Сол адамдар жаңадан  кіргендерге жауап беріп дегендей мысалыға. Дұрыс жағынан дұрыс түсіндіріп, не себепті бұл жерде жиналып отырғанымызды. Жарайды білейік сеніде. Сол кезде білеміз я болмаса шық прямой Тоқаев отставкаға кетсін, бүкіл правительство отставкаға кетсін деп видео обращениемен шық сенде ел қатарлы көрейік сеніде. Жақсы жұмыс істеп жатқаныңды көрейікта білмиміз ғой сенің кім екеніңді. Әшейін келіп алып сен ғой сайрап отырған, біз сайрап отырған жоқпыз бұл жерде. Біз нақты нақты жұмыс істеп отырған адамдармыз негізінде көпшілігіміз»  

аудиожазбасын жіберіп, көше партиясының жұмысын ұйымдастырып және оған қатысқан. 

УӘЖДЕУ БӨЛІГІ: 

Баяндалғандар дәлелдер жиынтығымен расталады. Басты сот отырысында сотталушы ғана тыңдалды. Сотқа дейінгі іс жүргізу кезінде қылмыстық –процессуалдық заңнамамамен белгіленген сотталушының құқықтарына нұқсан келтіретін ережелер бұзылмамаған, процеске қатысушылар iс бойынша жиналған дәлелдемелердiң қатыстылығы мен жол берілетіндігіне дауласпауына және оларды зерттеуді талап етпеулеріне байланысты, сот отырысы қысқартылған тәртіпте өткізілді. 

Сотталушы М.Е.Дуйсембиев тағылған айыптар бойынша кінәсін толығымен мойындап, 2020 жылы 21 мамырда Келес ауданы, Бесқұбыр ауылы, Қызыл бұлақ көшесі, №42 үйінде, сот шешімімен Қазақстан Республикасында тиым салынған, экстремистік ұйым деп танылған «Қазақстан демократиялық таңдауы», кейін атауы «Көше партиясы» болып өзгерген қозғалыстың(ұйымның)қызметін ұйымдастыру және қатысу мақсатында өзіне тиесілі «Samsung J3» маркалы ұялы телефоны арқылы

«Telegram» мессенджерінде «Туркестан көше» чат-топтамасын құрып, сол уақыттан 2020 жылдың 3 маусым аралығында ұйымдастырушысы және қатысушысы болғанын көрсетті. Осы жасаған қылмысы үшін шын ниетімен өкінетінін айтып, кешірім сұрады. 

Сот үкімде істің қысқартылған тәртіппен қаралуына байланысты,  сот отырысында зерттелмеген іс материалдарында бар дәлелдерге сүйенуге құқылы. 

Сотталушы М.Е.Дуйсембиевтің кінәсі оның өз айыбын толық  мойындауымен бірге, жинақталған іс материалдарымен де дәлелін тапты. Атап айтқанда: зерттеуге берілген объектідегі «Telegram» месенджеріндегі «Түркістан Көше» чат-топтамасындағы «Дуйсембиев Марат Елепбердиевич» атты қолданушының аудио жазбаларындағы мәтіндерде «Көше партиясы» экстремистік ұйымының қызметін ұйымдастыру және оған қатысу белгілері бар, мәтіндерде митингке  

қатысу немесе ұйымдастыру белгілері бар деген 15.09.2020 жылғы №3324 сот психологиялық-филологиялық сараптама қорытындысымен(1 бума, іс беті 57-67) ; 

зерттеуге ұсынылған фонограммалардағы (телеграм каналындағы  Туркестан Көше чатының Дүйсенбиев Марат Елепбердіұлы қолданушысының жіберген дауыстық хабарламалары) дауыс пен сөзі Дуйсембиев Марат Елепбердиевичке (салыстырмалы дауыс үлгісі) тиесілі деп көрсеткен 19.09.2020 жылғы №3906 сот-бейнефонографиялық  сараптама қорытындысымен(1 бума, іс беті 138-147); 

М.Е.Дуйсембиев іс әрекеттерінің іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғына алған және оған ие бола алған деген 26.10.2020 жылғы сот-психиатриялық сараптама қорытындысымен бекітілді(1 бума, іс беті 153-155). 

Сот, іс бойынша жинақталған дәлелдемелерге сүйене отырып, дәлелдерге олардың қатыстылығы, жол берушілігі, дұрыстығы, ал барлық жиналған дәлелдемелер жиынтығында қылмыстық істі шешу үшін жеткілікті тұрғысында бағалап, М.Е.Дуйсембиевтің қылмыстық іс әрекеттерін Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 405-бабының  

1 және 2-бөлігімен саралайды. 

Себебі, М.Е.Дуйсембиев, заңды күшіне енген сот шешімі бола тұра Қазақстан Республикасы аумағында тиым салынған, экстремистік ұйым деп танылған ұйымның қызметін ұйымдастырып, оған қатысқан. 

Сотталушы М.Е.Дуйсембиевке жаза тағайындау барысында қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде кінәсін толығымен мойындауын, болған іске шын жүректен өкінуін ескереді, ал қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар жоқ деп есептейді. 

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 25 маусым 2015 жылғы №4 «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы»

нормативтік қаулысының 6-тармағында «Егер адамды кінәлi деп таныған ҚК-нің бабының санкциясы жазалардың баламалы түрлерін көздесе, ҚК нiң 52-бабының екiншi бөлiгiне сәйкес, жазаның неғұрлым жеңілірек түрі жазалаудың мақсатына қол жеткізуді қамтамасыз ете алмаған жағдайда ғана жазаның неғұрлым қатаң түрі қолданылатынын назарда ұстай отырып, соттар олардың ішінен жазаның неғұрлым жеңілірек түрін тағайындаудың мүмкіндігі туралы мәселені талқылағандары жөн. Сот шешімі үкiмде уәжденуге тиіс» деп көрсетілген. 

Сондықтан сот, жаза тағайындау кезінде жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, сондай-ақ қылмысты жасаған кездегі және қылмыстан кейінгі барлық мән жайлардың жиынтығын, қылмыстарды жасау жағдайын, туындаған зардаптардың ауырлығын, кінәлінің жеке басын, сонымен бірге оның қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың, оның әлі де болса қоғамнан оқшауламастан түзелуіне мүмкіндігі бар екенін ескеріп, сотталушы  М.Е.Дуйсембиевке ҚК-нің 405-бабының 1 және 2-бөліктерінің санкцияларында көрсетілген балама бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауға, ал қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК-нің 58-бабының 3-бөлігінің тәртібімен түпкілікті 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындап, Қылмыстық кодексінің 44-бабының негізінде пробациялық бақылау белгілеуге негіз бар деп табады. 

Сондықтан М.Е.Дуйсембиевке қатысты қолданылған «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, сот залында қамаудан дереу босатылуы тиіс. 

ҚК-нің 62-бабы 3-1 бөлігінің 2-тармағына сәйкес, М.Е.Дуйсембиевтің 2020 жылғы 24 қыркүйектен үкiм заңды күшiне енгенге дейiн күзетпен ұстау уақытының бір күні, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күні есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылуы керек. 

Сот, ҚК-нің 405-бабының 1 және 2-бөлігінің санкцияларында көзделген белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны сотталушыға тағайындамауға мүмкіндік бар деп санайды, себебі ол ешқандай лауазымдарды атқармайды, белгілі бір қызмет түрімен айналыспайды, өзі жасаған әрекетіне шын жүректен өкініп, қынжылады. 

Іс бойынша сараптамаға кеткен процестік шығындар, мемлекет пайдасына сотталушыдан өндірілуге жатады. 

Сот, ҚК-нің 98-1, 98-2 баптарының талаптарына сай сотталушыдан Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мәжбүрлі төлемді

Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы заңнамасында көзделген тәртіппен сотталушыдан өндіреді. 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық процестік кодексінің 118- бабының 3-бөлігінің талаптарына сәйкес, іс бойынша заттай дәлелдемелер: 2-дана дәптер мен діни мәтіндер басылған А4 форматтағы парақ, 19-дана «Сбербанк» төлем түбіртектері, 63-дана «ДВК» логотиптері бар парақтар, «Samsung Galaxy tab» маркалы планшет қуаттау құрылғысымен жойылуға, ал М.Е.Дуйсембиевтің атына берілген паспорт пен Абдисадир Абдикаримович Дариевтің атына берілген «ВАЗ-2102» автокөлігінің техникалық паспорты иелеріне қайтарылуға жатады. 

ҚАРАР БӨЛІГІ: 

ҚПК-нің 382, 387-390, 393, 395-398, 401-403-баптарын басшылыққа ала отырып, сот 

ҮКІМ ЕТТІ: 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиев Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 405-бабының 1 және 2-бөліктерінде көрсетілген қылмыстарды жасағаны үшін кінәлі деп танылсын. 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 405-бабының 1-бөлігімен 3(үш) жыл 6 (алты) ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 405-бабының 2-бөлігімен 1(бір) жыл мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалсын. 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевке Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 58-бабының 3-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша жаза тағайындау тәртібімен, онша қатаң емес жазаны неғұрлым қатаң жазаға сіңіру арқылы, түпкілікті, 3(үш) жыл 6(алты)ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын. 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевке қатысты қолданылған «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы өзгертіліп, сот залында қамаудан дереу босатылып, үкім заңды күшіне енгенге дейін «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» түріндегі бұлтартпау шарасында қалдырылсын. 

ҚК-нің 62-бабы 3-1 бөлігінің 2-тармағына сәйкес, Марат Елепбердиевич Дуйсембиевтің 2020 жылғы 24 қыркүйектен үкiм заңды күшiне енгенге дейiн күзетпен ұстау уақытының бір күні, бас бостандығын шектеу түріндегі жазаны өтеудің екі күні есебімен жаза мерзіміне есепке жатқызылсын.

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевтің мінез-құлқын бақылау уәкілеттік берілген мемлекеттік органға жүктелсін. 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевке жаза өтеудің барлық мерзіміне пробациялық бақылау белгілеп, тұрғылықты жері бойынша уәкілетті мемлекеттік органға хабарламай тұрақты тұрғылықты жерін өзгертпеу, рұқсатынсыз тұрғылықты жерiнен кетпеу, басқа аудан, қала аумағына бармау, ойын-сауық, көңіл көтеру орындарына (кафе, ресторандарға) бармау міндеттерін орындау жүктелсін, жергілікті атқарушы органдар айқындайтын орындарда жылына бір жүз сағаттан аспайтын мәжбүрлі еңбекке тартылсын. 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевке тағайындалған жазаны өтеу мерзімі уәкілетті мемлекеттік органның үкімді орындауға қабылдаған кезінен бастап есептелсін. 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевке үкім заңды күшіне енгеннен кейін он күн мерзімде мінез-құлқын бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік органға есепке қою үшін келу міндеттілігі белгіленсін. 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевке жазаны өтеуден қаскөйлікпен жалтарған жағдайда, бас бостандығын шектеудің өтелмеген мерзімі дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаға ауыстырылатыны түсіндірілсін. 

Сот-психиатриалық сараптамасын жүргізуге жұмсалған 230(екі жүз отыз)теңге 50(елу) тиын іс жүргізу шығындары Марат Елепбердиевич Дуйсембиевтен мемлекет пайдасына өндірілсін. 

Марат Елепбердиевич Дуйсембиевтен Қазақстан Республикасының Жәбірленушілерге өтемақы қорының пайдасына жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 55 560 (елу бес мың бес жүз алпыс) теңге мәжбүрлі төлем өндірілсін. 

Түркістан облысы полиция Департаментінің сақтау камерасында сақтауда тұрған заттай дәлелдемелер: 2-дана дәптер мен діни мәтіндер басылған А4 форматтағы парақ, 19-дана «Сбербанк» төлем түбіртектері, 63-дана «ДВК» логотиптері бар парақтар, «Samsung Galaxy tab» маркалы планшет қуаттау құрылғысымен жойылсын, Марат Елепбердиевич Дуйсембиевтің атына берілген паспорт пен Абдисадир Абдикаримович Дариевтің атына берілген «ВАЗ-2102» автокөлігінің техникалық паспорты иелеріне қайтарылсын. 

Үкімге наразы тараптар, үкім жарияланған күннен бастап он бес тәулік ішінде Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына, Келес аудандық соты арқылы апелляциалық шағым, прокурор өтінішхат келтіруге құқылы. 

Судья Қ.Ә.Әбубәкір

Поделись, чтобы люди узнали:
.