Сот Қытай елшілігі алдында ұсталғандардың біріне айыппұл салды

Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік соты Қытай елшілігі алдында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп, ұсталған он адамның бірі Гаухар Құрманалиеваға 30 айлық есептік көрсеткіш (87,5 мың теңге немесе 206 доллар) көлемінде айыппұл салды. Бұл туралы қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады. Полицияда отырған қалған 9 адамға да шешім бүгін шығуы мүмкін.

Гаухар Құрманалиеваға «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу» бабы (488-бап, 6-бөлім) бойынша айып тағылған. Ол бұған дейін Азаттыққа 4 жыл бұрын Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Қорғас» арнайы экономикалық аймағында Қытай билік өкілдерінің бауыры, Қазақстан азаматы Асқар Азатбекті ұстап әкеткенін айтқан.

Жұма күні сот онлайн өткен. Жауапкер оған WhatsApp желісі арқылы қатысқан. Істі судья Қанат Иманалиев жүргізген.

23 қыркүйекте полиция Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігі алдында туыстарын елге қайтаруды талап еткен он адамды ұстап, түнгі сағат 12-ге қарай босатқан. Оларға полицияға шақырту тапсырылған. Жұма күні наразылар күндіз полиция ғимараты алдында да талаптарын айтты.

Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп жүргендер наразылық акцияларын Алматы қаласында бастаған. Олар 200 күн бойы Алматыдағы Қытай консулдығына барып, Пекиннен Шыңжаңдағы туыстарын Қазақстанға жіберуді талап еткен. Наразылар кей күндері консулдық алдында түнеген еді. Олардың айтуынша, жеті айдан астам уақытқа созылған акция барысында Қытай консулдығынан бірде-бір адам шығып, жауап бермеген.Олар бұған дейін Алматыда да әкімшілік жауапқа тартылған.БҰҰ есебінше, Қытай Шыңжаңда лагерьлер ашып миллионға жуық ұйғыр, қазақ және басқа да мұсылмандарды жазықсыз қамаған. Батыс елдері Пекиннің Шыңжаңдағы әрекетін «геноцид» деп сипаттайды. Қытай билігі бұл айыптарды жоққа шығарып келеді.
Полиция ғимараты сыртында Шыңжаңдағы туыстарын қайтаруды талап етіп тұрған топ. Нұр-Сұлтан, 24 қыркүйек 2021 жыл.
Нұргүл ТАПАЕВА

https://www.azattyq.org/a/31475997.html