Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Сот Әсет Нұржаубайға шартты жаза кесті

Қазанның 2-сі күні түстен кейін Алматының Медеу аудандық сотында Әсет Нұржаубайға сот үкімі оқылды. Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, судья Ұлан Кішібай “алаяқтық жасады”, “қуғындағы оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовке болысты” және “тыйым салынған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” (ҚДТ) қозғалысы қызметіне қатысты” деп айыпталған белсендіні төрт жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындап, оны “істеген ісіне өкінуіне” байланысты төрт жыл шартты мерзімге ауыстыруға үкім кесті.

Сотта сөйлеген Нұржаубайдың адвокаты Камила Толыбаева оған тағылған “алаяқтық жасау” айыбы дәлелденбегенін айтып, сот үкімімен ішінара келіспейтінін мәлімдеді. Адвокат үкімге шағымдану жайын Нұржаубайдың өзімен кеңесіп шешетінін айтты.

Бүгін түске дейінгі сотта соңғы сөзін оқыған Әсет Нұржаубай “істеген ісіне өкінетінін” мәлімдеген. Ол іс-әрекеттерін “ақымақтықтан жасағанын”, “Әблязовтың арзан уәделеріне сеніп қалғанын” айтқан.

“Осында (қамауда – ред.) отырғанда мен ешқандай бағдарлама мен стратегияның жоқтығын түсіндім. Мұның барлығы өтірік, ал ең басты өтірікші – Әблязов. Ол тек өтірікші емес, ол – ұрлықшы” деген Әсет Нұржаубай. Оның сөзінше, Әблязовтан көмек сұрағанымен, ешқандай жауап болмаған.

Бұған дейін прокурор Жәнібек Мамытов айыпталушының кінәсі толық дәлелденгенін айтып, соттан Әсет Нұржаубайды алты жылға соттауды сұраған еді.

Польшада орналасқан “Ашық диалог” (Open Dialog) құқық қорғау ұйымы 30 жастағы Әсет Нұржаубайды биліктің Астананы сынайтын әрі шетелде тұратын Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ-мен күресі науқанына ілігіп кеткендердің бірі деп санайды.

Бұған дейін қазақстандық құқық қорғаушылар Әсет Нұржаубайды “саяси тұтқын” деп жариялаған.

Мәншүк АСАУТАЙ

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
.