Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Шымкентте сот Қаңтар оқиғасына байланысты үш белсендіні түрме жазасына кесті. Жақындары үкімге қарсы шықты

15 шілдеде Шымкенттің Әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты “Жаппай тәртіпсіздік” бабымен айыпталған белсенділер Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға, Қайрат Сұлтанбекті үш жарым жылға, ал Ләззат Досмамбетованы 3 жыл 7 айға түрмеге кесті. Белсенділер үкіммен келіспейді, олардың адвокаты апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

Жарыссөзде прокурор Құндыз Қаратаева белсенділер елдің “егемендігі мен тәуелсіздігіне қауіп туғызған өте сорақы қылмысқа” барғанын, сотта қылмысы толығымен дәлелденгенін атады. Ол соттан айыпталушыларды Қылмыстық кодекстің “Жаппай тәртіпсіздік” бабымен кінәлі деп танып, Қайрат Сұлтанбек пен Ләззат Досмамбетованы бас бостандығынан үш жарым жылға айыруды, Жанмұрат Аштаевты бас бостандығынан үш жылға айыруды сұрады. Аштаев пен Досмамбетованы 2021 жылы “Тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны” үшін берілген шартты жазасының қалған бөлігін бір ай түрмеде отыру жазасына ауыстырып, негізгі жазаға қосты.

Айыптаушылар мен олардың адвокаттары қылмысты дәлелдейтін айғақтар жоқ екенін алға тартып, өздерін ақтауды сұрады. Белсенді Қайрат Сұлтанбектің адвокаты Әбдіраман Аққұлов “азаматтық пікірін айту – қылмыс емес” деді. Досмамбетова соттан ең болмағанда бас бостандығынан айырмауды сұрады. Аштаев жарыссөз кезінде де айыптау тарабына “дәлелдемелер болса көрсетіңіздер” деп талап қойды.

Судья Еркебұлан Төлешов айыптаушыларға прокурор сұраған жазаны кесіп, үкім шығарды. Үкім оқылып біткен соң Досмамбетова “ештеңе істеген жоқпын ғой” деп жылады. Үкімді тыңдауға келген сотталушылардың туыстары мен жақтастары “Масқара!” деп айқайлады. Әйелдер белсенділерді сот залынан алып шығып жатқан арнайы күзетті тоқтатпақ болды. Осы кезде Аштаевтың аяғы ауыр әйелі Мөлдір Нұранова есінен танып құлады. Оны туыстары мен белсенділер сыртқа шығарғанда сот ғимаратын оннан аса полиция қоршап алды.

Нұранованың жағдайы ауырлап, қайта-қайта есінен танған соң жедел жәрдем шақырды. Жарты сағат шамасында жедел жәрдем көлігі келіп, оны алып кетті. Осы аралықта Аштаевтың туыстары “Әділдік қайда?”, “Дәлел қайда?” деп айқайлап наразылық білдірді.

Үш белсендінің ісін сот 13 шілдеде қарай бастаған. Прокурор Құндыз Қаратаева Сұлтанбек пен Досмамбетованың “5 қаңтарға қараған түні қала әкімдігі маңына барып жаппай тәртіпсіздікке қатысқаны, оған жұртты шақырғаны, “Шал, кет!” “Парламенттік республика құрамыз!” деп айқайлағаны, халықты арандатқанын” айтқан. Аштаев та “жаппай тәртіпсіздікке қатысқан, оған шақырған” деді.

48 жастағы Қайрат Сұлтанбек 7 қаңтарда, 51 жастағы Ләззат Досмамбетова мен 44 жастағы Жанмұрат Аштаев 8 қаңтарда ұсталып, қамауға алынған. Содан бері Шымкенттегі Сәуле ықшам ауданындағы ИЧ 167/11 тергеу изоляторында қамауда отыр. Олар бұл істі саяси белсенділігімен байланыстырады. 

Кейінгі үш жылдан бері елдегі қоғамдық-саяси мәселелерге пікірін ашық айтып жүрген үш белсенді былтыр әр уақытта “тыйым салынған ұйымның ісіне араласты” деген айыппен сотталып, әрқайсысының бостандығы әртүрлі мерзімге шектелген болатын. Сол кезде қазақстандық құқық қорғаушылар оларды “саяси тұтқындар” қатарына қосқан.

Шымкентте Қаңтар оқиғасы 4-6 қаңтар күні болды. Бейбіт басталған наразылықтың соңы жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Ресми ақпарат бойынша, оқиға кезінде 125 адам жараланып, 20 адам қайтыс болды.

Оқиғаға байланысты қалада 86 адамға қылмыстық іс қозғалды. Олардың жетеуі – белсенділер. Белсенділердің екеуі – көп балалы әйел. Бұған дейін сот екі белсендінің ісін қарап, үкім шығарды. Сот Ерғали Құлбаевтың бас бостандығын төрт жылға шектеді, ал Молдабай Сәдібековке үш жыл түрме жазасын берген.

 

Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған белсенділер (солдан оңға қарай) Қайрат Сұлтанбек, Ләззат Досмамбетова және Жанмұрат Аштаев сот үкімін тыңдап тұр. Шымкент, 15 шілде 2022 жыл.

 

Дилара Иса Азаттық радиосы

 

https://www.azattyq.org/a/31945292.html?fbclid=IwAR0sB_dEcyNFw8QnIskx-DHwlFoZGnRzAf98tA3xduwRTeYnwbbqoy_vPjc

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Аштаев ЖанмуратБольше записей в Аштаев Жанмурат »
Больше в Досмамбетова ЛяззатБольше записей в Досмамбетова Ляззат »
Больше в Султанбек КайратБольше записей в Султанбек Кайрат »
.