Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Шымкентте Қаңтар оқиғасынан соң сотталған белсенді Қайрат Сұлтанбек бостандыққа шықты

Шымкентте Қаңтар оқиғасы кезінде “жаппай тәртіпсіздікке қатысты” деп айыпталған белсенді Қайрат Сұлтанбек амнистиямен босатылды. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің өзі хабарлады.

Қайрат Сұлтанбекті бүгін, 24 қараша таңғы 11-лер шамасында босатқан. Белсендінің шығатын уақыты белгісіз болған. Қайрат отбасына босатыларынан жиырма минут бұрын ғана хабарласып үлгерген. Сондықтан белсендіні күтіп алуға тек жақындары келген.

– Мені амалсыздан шығарды. Шығармай қойса, олардың әділетсіздігі бетке басылып қалар еді. Түрмеден шыққаныма қуаныштымын. Басқасын ойлағым да келмейді. Заңсыз сайлау өтті. Бәрі заңсыз болып қалды. Билікке қарсымын. Позициям, пікірім өзгерген жоқ, – деді белсенді.

10 қарашада Шымкент қаласы Абай аудандық соты “Амнистия туралы” заңға сәйкес, Қаңтар оқиғасына байланысты “Жаппай тәртіпсіздік” бабы бойынша түрмеге жабылған белсенді Қайрат Сұлтанбекті тағайындалған жазасын өтеуден босату туралы қаулы шығарған еді.

Сұлтанбекпен бірдей баппен сотталған белсенді Жанмұрат Аштаевтың амнистия туралы өтініші қанағаттандырылмады. Қаңтар оқиғасына байланысты істі болған үшінші белсенді Ләззат Досмамбетованың амнистия соты өтетін күн әлі белгіленген жоқ.

15 шілдеде Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің “Жаппай тәртіпсіздік” бабы бойынша айыпталған белсенділер 44 жастағы Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға, 51 жастағы Ләззат Досмамбетова мен 48 жастағы Қайрат Сұлтанбекті 3 жыл 6 айға түрме жазасына кескен. 8 қыркүйекте Шымкент қалалық апелляциялық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Аштаев пен Сұлтанбек түрмеде қалды, ал кәмелет жасына толмаған баласы бар Ләззат Досмамбетованың жазасын өтеу кейінге шегерілді.

Қазақстандық құқық қорғаушылар үш белсендіні “саяси тұтқын” деп таныған.

 

Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған үш белсенді. Солдан оңға қарай: Қайрат Сұлтанбек, Жанмұрат Аштаев және Ләззат Досмамбетова. Шымкент, 13 шілде 2022 жыл.

 

Динара  Тілеубек

https://www.azattyq.org/a/32147235.html?fbclid=IwAR32x5jgx5SN07e0wRadVimpL5dVKZnuaNqxmKAhKUj3tqB5-9cXrYEgHwk

 

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Султанбек КайратБольше записей в Султанбек Кайрат »
.