Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Шымкент полициясы белсенділерді үйінен шығармай тастады, көшеде күзет күшейді

3 қаңтарға қараған түні Шымкенттегі Ордабасы алаңына шығып, Жаңаөзенде газдың қымбаттағанына наразылық білдіргендерді қолдаған белсенділердің үйін полиция күзетіп, кейбіріне ескерту берді.

Белсенді Нышанәлі Ағаділовтің сөзінше, түнде жаңаөзендіктерді қолдап, әлеуметтік желіде тікелей эфирге шыққан. Таңертең сағат 11:00-де наразылыққа қайта шықпақ болған.

– Таңертең үйге полиция келді. Сыртқа шыққан жағдайда ұстап әкететінін ескертті. Сонда да жасырын үйден шығып едім, ізімнен қуып қайта үйге алып келді, – дейді ол.

Ағаділовпен бірге түнде наразылыққа шыққан белсенді Нұрлыбай Татаев та өзін полиция күзетіп отырғанын хабарлады.

Шымкентте Әл-Фараби даңғылы бойындағы “Шымкент Плаза”, “Арбат” және “Қызғалдақ” су бұрқағы мен Ордабасы алаңы маңында полиция күзеті күшейген. Әр жерде полиция көлігі қойылған.

Үйінен шыға алмай отырған оннан аса шымкенттік белсенді әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы Жаңаөзендегі наразыларды қолдайтынын айтып үндеу жасады.

2 қаңтар күні таңертең Жаңаөзен қаласында газдың қымбаттауына наразы жүздеген адам көшеге шығып, жолды жапқан. Олар биліктен бір литр газдың бағасын 50-60 теңгеге дейін түсіруді талап етті.

Сол күні облыс әкімдігі мен энергетика министрлігі сұраныс өсірген газ бағасы бұрынғы қалпына қайта келмейтінін ескерткен. 3 қаңтарда үкімет Жаңаөзен жұртының талабы бойынша комиссия құрылғанын, газ бағасы арзандайтынын хабарлады.

Жаңаөзендегі наразылыққа әлеуметтік желідегі жұрт қолдау білдіріп, Қазақстанның басқа аймақтарында наразылыққа шығуға үндеу тастағандар болды. Ақтауда бір топ адам 2-сінен 3 қаңтарға қараған түнді алаңда өткізгенін, биліктен ешкім келмегенін айтты. Нұр-Сұлтанда қымбатшылыққа байланысты ойын айтып алаңға шыққан бірнеше адамды полиция ұстап әкетті. Астанада, Алматыда, Шымкентте митинг болады деп белгіленген орындарда полиция күзеті күшейді. Алматыда орталық алаңдар жабылды.


Биліктен газ бағасын арзандатуды талап еткен Жаңаөзен тұрғындарын қолдаған жергілікті белсенділер наразылық акциясын өткізу жайлы үндеу тастағаннан кейін Шымкент көшесінде полиция күзеті күшейтілді. 3 қаңтар 2022 ж.

Дилара Иса “Азаттық” радиосы

https://www.azattyq.org/a/31637213.html?fbclid=IwAR1eaSZaxoGU6hHu6CGnBytPvF2A2cv5fYxFmzsEuahs1OFQHmc-v7LqI9w

Поделись, чтобы люди узнали:
.