Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Семейдегі сойқан: Омыртқасына оқ тиіп, мүгедек болған белсендінің басынан кешкені

Апта басында, қаңтардың 17-сі Семей полициясы 56 жастағы қала тұрғыны әрі азаматтық белсенді Дәулет Мұқажановты жаралы күйіне қарамастан тергеуге алып кеткен.

Оның дәл омыртқа жігінің жұлын тұсынан тиген оқ өткен аптада ота арқылы алынған. Бұл жара орнын асқынудан сақтағанымен, аяғы сал болып қалды. Ұзақ емделуді және оңалтуды қажетсінетін белсендіні полиция қоларбасыз әкетіп жүр.

Дәулет 6 қаңтар күні Жаңаөзен жұртына қолдау білдіріп, бейбіт жиынға барғанын жасырмайды. Сол кезде әскерилер атқан ұрыс оғынан жараланған. Жеке кәсіпкер жолдасымен жоғары білімі бар үш перзент тәрбиелеген.
Полиция бөлімшесі мен көлігінде күні өткен белсендінің көргені. Ол 5 қаңтарда жергілікті белсенділер жаңаөзендіктерге қолдау көрсетуге бірге шықпақ болдық дейді. Мұқажановтың айтуынша, үйден он адым ұзай бере қоңыр түсті көліктен азаматтық киімде екі жігіт түсті де, қолын қайырып алып кеткен. «Затон аудандық полиция бөлімшесіне апарып, кешке сағат 19.30-да алып шығып, жедел топтың көлігімен 23.00-ге дейін қалада аралатып жүрген, кейін «аға, үйде отырыңыз» деп әкеліп тастаған». Ол бейбіт шеруге қатыспақ болған талпынысын тілшіге әңгімелеп берді.
– Сақшылар кеткесін (6 қаңтар) түнгі 2.00-де шығып әкімдікке бардым. Онда жанған көлік, бәрі пен бүлініп жатыр екен. Алаңның бір шетінде музыка қойып тұрған жастарға барсам, мен білетін белсенділер жоқ. Әкімдіктің ішіне кірсем, таныстарым сонда жүр екен. «Бейбіт митинг деп шығып едік қой, не болып кетті» десем, арамызға кірген әлдебір арандатушылар тыңдамады, қаншама тоқтау айтсақ та бағынбады, осындайға барды дейді. Бәрі тарап кеткен. Іште-түзде тұрған 78 адамның басын қосып, арандатуға ермеңдер, тәртіпсіздік жасамаңдар, әкім Бақытжан Байахметовті шақырып талабымызды бейбіт түрде қояйық дедік, – дейді Мұқажанов.

Әкімдік алдында әскер салған сойқан»

Күндіз 12.00 кезінде әкім орынбасары Айдар Садырбаев 300-400 наразының алдына орталық алаңға келген. Келді де әлқиссасы аумақта тұрған қарулы арнайы жасақты нұсқап, «тарамасаңдар – қару қолданады» деп қорқыта бастады дейді. Белсенді әкімдік өкілі олай сөйлемеуі керек еді деген пікірде. Диалогқа келудің орнына, өктемдік танытты деген шенеунікке жастар «халыққа неге сес көрсетіп тұрсың» деп айқайға басып, өре түрегелген.
– Шу болып кеткен соң ол теріс айналып кетіп қалды. Іле-шала өрт сөндіретін екі көлік бізге қарай жылжыды. Үш адам алдынан шығып, тоқтаттық та «қақаған аязда халыққа мұздай су шашпа, бір қазақтың перзентіміз, бір қалада тұрамыз, ертең көрісетін адамбыз» деп едік, екі жүргізуші де сөзге келмей бірден кері шегінді, – деп баяндады өзі куә болған жайтты.

– Жиналған көпшілік өрт сөндірушілер «біз жаққа өтті» деп қуана бергенде әскер жақтан шулы граната гүрсілдеп, қару атыла бастады. Бейбіт тұрған, қолы жалаң, қорғанарға бұйымы жоқ жұрт әкімдікке қарай бас сауғалап қашты. «Атпаңдар», «халықта қару жоқ» деп айқайлап жаттық. Сол мезет (шулы гранатадан) аяғынан жараланған қызымдай бір қарагөз жерге құлай кетті. Тапталып қалмасын деп көтеріп, бір адым аттай бере арқамнан оқ тиді, қызбен қоса ұшып түстім. Абыр-сабырда гаранатаның жарықшағы оң аяғымды осып өтті.

Оқиғаның осы тұсын көмейіне бір көмескі өксік тығыла баяндаған белсенді көзін ашқанда, өзін Бибігүл Қабден және екі-үш жігіт сүйреп келе жатқанын көргенін айтады. «Бибігүл «аға, есіңді жи» деп жылап жүр. Бәрін естіп жатырмын, бірақ қол-аяғым істемейді» деген ол бір топ жасақ қуып жетіп барлығын тепкіге алды дейді.– Қимылдай алмаймын, қабырғадан-белден келіп төпеледі. Бибігүлдің ісіне толқып кеттім. Басымды құшақтай «ағаға тиіспеңдер, оқ тиген, жаралы» деп еңіреп жатыр. Бір полицей Бибігүлге «үйде отырмайсың ба, неменеге шығасың» деп, басынан бір тепті, ол есінен танып қалды. Қатты ызаландым, қолымнан келер қайран болмады. Әзер дегенде арасындағы адамгершілігі бар біреуі, жетер осы деп жауыздықты тоқтатты. …Арандатуға бармаңдар деп жүрген Әлия Исеноваға да дәлдеп атты, қолына тиді. Бүлікке бармайық деген бізді алыстан таңдап атқаны анық, снайпер атқанға ұқсайды. Мерт болғандар туралы әлі айтқан жоқ. Мынадай оқ боранда адам шығыны болмады дегенге күмәнім бар, – деді.

Қантөгісте нақақ оққа ұшып, мүгедек болған Мұқажанов

Оны «жаралы күйде көлікте екі сағаттай кісендеулі ұстаған». Содан кейін сағат 15.00-де Жедел медициналық жәрдем ауруханасына әкеп, арқажонын КТ-ға түсірді. Дәрігерлер омыртқаны тесіп барып жұлынға қадалған оқты алса аяқтан қалуы мүмкін, ал егер алмаса, бұл асқынып-іріңдейтінін ескертеді.– Қағазға қол қойып, келістім, оқты алды. Аяқтарым істемей қалды. Өткен аптаның ортасында полиция келіп әкетпек болғанда, дәрігер кіші дәреті қан аралас кетіп катетерде жатыр деп рұқсат бермей қойды. Қаңтардың 17-сі дәрігер шығарсын деген бұйрық келгенін айтып, тігісті шешті. Құқық қорғау органы қызметкерлерінен бұрын әйелім келіп әкетті. Сол күні Орталық полиция бөлімшесіне сұрақ-жауап алуға бардым. 6-сы күні бейбіт түрде жаңаөзендіктерді қолдауға шыққанымды айттым. Екі рет апарып тергеді, – дейді ауруы басыла қоймаған белсенді.

Мұқажанов ешқандай партияның құрамында жоқтығын, десе де өзін толғандыратын әрқандай мәселе жөнінде үн қосып, пікір білдіруге тырысатынын айтады. Соның бірі, былтыр жер мәселесі жөніндегі заң жобасы дау болған кезде де талабын танытқан.

Қаңтардағы дүрбелең арнайы дайындалғанына сенімді белсенді күдікке жетелер пайымымен бөлісті. «Әдетте, митинг болар күні белсенділерді ұстап әкететін. Артында біреулер тұрған сияқты. Жергілікті белсенділер көлік аударып, айналасын төңкермейді. Қазақстанда билікке таласып жүрген күштер ұйымдастырған болар деп ойлаймын, халық толқуын пайдаланып қалғысы келді» деген пікірде.

Күйі келіңкіремесе де тергеуге барып жүрген Мұқажанов құқық қорғау органдары тарапынан әзірге ешқандай қысым бола қоймады дейді. «Қойған сұрағына жауап беріп жатырмын. Адвокатпен келістім».

«4 қаңтарда Жаңаөзен халқын қолдайық деген видеомды алға тартып митингке шақырдың деп айыптап отыр» деген белсендіге қатысты ШҚО Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Татьяна Карпова іс Қылмыстық кодекстің 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздік») бойынша қозғалғанын хабарлады. Маманның сөзінше, сотқа дейінгі тергеп-тексерумен полиция емес, ШҚО арнайы прокуратурасы айналысып жатыр.

Семейдегі ойран

Облыс прокуроры Алмат Байшолақовқа байланысу мүмкін болмады. Бірақ өзін өңір прокурорының аға көмекшісі деп таныстырған Мақсат Тоқсанбаев Дәулет Мұқажанов пен ол қатарлы оннан аса белсендінің ісі бойынша ресми  мәлімет беруімізді сұрағанда, жазбаша хат жолдау қажеттігін айтып, барынша жылдам жауап беруге уәде етті. Редакция жіберген ресми сұрауға материал жарияланар уақытқа дейін ешқандай жауап келмеді.

Жаңаөзенді қолдаған наразылық Семейде 5 қаңтар ертеңгісін, Өскеменде сол күні кешке басталған. Өңірдің екінші қаласы Семейде алғашында күндіз бейбіт түрде өткен. Кешкі сағат 20.30 шамасында мобильді байланыс пен интернет ажыратылғаннан кейін полициямен қақтығыс орын алған. Қақтығыс салдарынан әлебіреулер әкімдікті басып алған. Содан 10 қаңтарға дейін интернет қосылмады.

Кей деректер бойынша, 5 қаңтар күні шамамен 3 мыңдай адам жиналған. Осыған дейін ШҚО Полиция департаменті 1100 адамның ұсталғанын, оның 79-ы қамауға алынғанын мәлімдеген. Қаңтардың ортасында облыс коменданты, полиция полковнигі Серік Жүнісбеков Өскемен ауруханасындағы жаппай тәртіпсіздіктен соң үш адамның өлімі тіркелгенін айтқан. Департамент басшысының дерегінше,  облыста наразылық кезінде жүз тұрғын және күштік құрылым-полицияның 111 қызметкері жарақаттанған.

Адам құқықтарын қорғайтын «Ар.Рух.Хақ» үкіметтік емес ұйымының басшысы Бақытжан Төреғожина қаңтарда елде болған тәртіпсіздіктер кезінде Семейде 488-баппен (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «бейбіт жиындарды өткізу-ұйымдастыру тәртібін бұзу» жайлы бап – ред.) қазірдің өзінде жүзге жуық адамға сот үкімі шығып үлгергенін хабарлады. Ал Қылмыстық кодекстің 272-бабы («Жаппай тәртіпсіздік») бойынша кемінде семейлік 13, тағы бір деректе 17 адамға іс ашылып, олар сот санкциясымен Өскемендегі тергеу изоляторына жіберілген. Семейде түзеу мекемесі болмағандықтан, Өскемендегі ОВ156/1 абақтысына жіберілгендердің қатарында – Анар Қалиева, Азиз Жолатов, Райгүл Садырбаева, Алия Исенова, Бибігүл Қоқанбекова, Фарит Ишмухаметов, Нұржан Сембаев, Кенжебек Сұлтанбеков, Толқын Шауалиева, Тимур Иржанұлы, Данияр Букпенов, Ерғали Ембергенов бар.

Құқық қорғаушы Төреғожинаның сөзінше, 6 қаңтарда қабылданған Төтенше жағдай режимін бұзды деген себеппен тағы көптеген адамға іс қозғалып жатыр. Ұйым тізімге тек ТЖ енгізілгенге дейін ұсталғандарды қосқан, сондай-ақ үш сағат түсіндіру-тергеу жұмысынан кейін босатылған азаматтар жалпы есепке енбеген.

Семейдегі сойқан: Омыртқасына оқ тиіп, мүгедек болған белсендінің басынан кешкені

Семейдегі сойқан: Омыртқасына оқ тиіп, мүгедек болған белсендінің басынан кешкені

Семейдегі сойқан: Омыртқасына оқ тиіп, мүгедек болған белсендінің басынан кешкені


Белсенді Дәулет Мұқажанов. Фото: Facebook


Күлтегін Аспанұлы  Орда.кз

https://kaz.orda.kz/semejdegi-soj-an-omyrt-asyna-o-tiip-m-gedek-bol-an-belsendini-basynan-keshkeni/

Поделись, чтобы люди узнали:
.