Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Сарапшылар Қаңтар құрбандары тізімі туралы: «Билік шетелдік комиссия келеді деп асығыс жариялады»

Бас прокуратура Қаңтар оқиғасынан 7 ай уақыт өткен соң ғана қаза тапқандардың тізімін жариялады.

Сарапшылар 238 марқұмның аты-жөнін ғана жариялау жеткіліксіз екенін айтады.

Құқық қорғаушылардың айтуынша, биліктің қаңтарда қаза тапқан марқұмдардың аты-жөнін кеш жариялауының бірнеше себебі бар.

ЕУРОПАРЛАМЕНТ ӨКІЛДЕРІ КЕЛГЕНШЕ АСЫҒЫС ЖАРИЯЛАНҒАН ТІЗІМ

«Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының президенті, құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаның айтуынша, билік тізімді аяқ астынан асығыс жариялап отыр. Өйткені биыл 20 қаңтарда Еуропарламент Қазақстандағы қаңтар оқиғасына қатысты қарар қабылдаған. Осы себепті жақын күндері Еуропарламент өкілдері Қазақстанға іссапармен келуге тиіс.

Неге десеңіз, осы аптада Еуропарламенттен үлкен делегация келеді. Өздеріңізге мәлім, қаңтар оқиғасы бойынша Еуропарламент қабылдаған қарар аясында құқық қорғау ұйымдарын саяси себеппен қудамалау, бейбіт жиынға кедергі келтірмеу, ұстау мен азаптауды доғару сияқты талаптар бар. Сондықтан Еуропарламент өкілдері келгенше Қазақстан билігі тізімді аяқастынан жариялады, – дейді Бахытжан Төреғожина Halyq Uni тілшісіне берген сұхбатында.

Құқық қорғаушы Еуропалық одақтың заң шығарушы органы Еуропарламент қарарының Қазақстан үшін маңызы бар екенін атады. Сонымен бірге тәуелсіз журналистер құрған тізім мен билік тізімінде айырмашылықтар кездеседі.

«Ресми тізімде марқұмдардың фамилиясы ғана көрсетілген. Ал олардың қай уақытта, қандай себеппен қайтыс болғандығы туралы ақпарат жоқ. Қаншама рет қаза тапқандардың аты-жөнін сұрап хат жазғанымызбен нәтиже болмаған еді. Үн-түнсіз цифрларды берумен ғана шектелді. Енді аяқ астынан тізімді жариялап отыр. Біз тізімді сауалнама әдісі арқылы жинадық. Туыстары ақпарат беруге қорыққандықтан, аты-жөнін шатастырған сәттер болды. Біздің тізім бойынша 21 адам прокуратура жариялаған тізімге кірмеген. Біз оларды тексеріп жатырмыз. Қолымызда құжат болмағандықтан анықтау қиынға түскені рас», – дейді Бахытжан Төреғожина.

Оның айтуынша, қаңтар оқиғасына нақты әділ баға берілмей келеді және Үкімет адам құқықтары саласындағы тиісті міндеттемесін орындай алған жоқ.

«Билік әлі күнге кешірім сұрамады. Алаңға террористер шықты деп тұрып алды. Иә, көліктер мен ғимараттарды тонаған алаяқтық болды. Бірақ идея үшін жихад жасамақшы болған террорлық әрекетке ешкім барған жоқ қой. Қайтыс болған 220 бейбіт тұрғынды кім атты? Оқ әскерилердің қаруынан атылған», – деген құқық қорғаушы адамдардың қазасы мен азаптау фактілерін жан-жақты зерттелуі тиіс екендігін жеткізді.

АТЫ-ЖӨНІН ҒАНА ЖАРИЯЛАУ ЖЕТКІЛІКСІЗ

Қаңтар оқиғасынан соң Азаттық радиосы қаза болғандарды өз бетінше іздестіріп, 202 адамның аты-жөнін анықтаған.

Бұл орайда «Қаңтар құрбандары» жобасының редакторы Дархан Өмірбек биліктің мүмкіндігі бола тұра, қайтыс болған азаматтар туралы толымды ақпарат бермегенін айтады. Ал қаза тапқан азаматтардың қай күні, қандай жағдайда қаза тапқаны туралы мәліметтердің жария етілмеуі қаңтар оқиғасының себеп-салдарын анықтауда қиындық туғызады.

«Прокуратура ұсынған тізімде азаматтардың фамилиясы мен есімінің бірінші әріпін ғана жариялап отыр. Ақпараттық мазмұны өте төмен дерек. Кім, қашан, қалай қаза тапты, оққа ұшты ма, азапталып өлді ме деген сұрақтар қамтылмаған. Оның барлығы қаңтар оқиғасында не болды деген сұраққа жауап беретін маңызды деректер. Бұл тізімнен біз ештеңе көре алмай отырмыз. Биліктің жариялаған тізіміне қатысты қоғам тарапынан бұдан да кеңірек ақпарат берілсе деген сұраныс бар», – дейді Дархан Өмірбек.

Оның айтуынша, Азаттық радиосы жариялаған тізім мен ресми тізімде айырмашылық бар. Мәселен, Израиль азаматы 22 жастағы Леван Когеашвили қаза болған 238 адамның арасына енгізілмеген. Сол сияқты Өскемендегі тергеуде көрсетілген қысымнан кейін суицид жасап қайтыс болған екі азаматтың есімі де ресми тізімде жоқ.

«Бәлкім, шетел азаматтары тізімге енбеген болар деген қисынды ұсынып жатқандар бар. Олай болған күнде қаңтарда қаза тапқан Ресей, Өзбекстан елінің азаматтарының есімін тізімнен көріп отырмыз. Мәселен, Азаттық суицидтен қайтыс болған екі азаматты анықтаған еді. Семейдегі бейбіт митингіге қатысқаны үшін тергелген Ақжол Қилыбаевтың қысымнан соң өзіне қол жұмсап қайтыс болғандығын полиция жоққа шығарады. Ал туыстары қысымнан қайтыс болғанына кәміл сеніп отыр», – дейді ол.

Азаттық радиосы жариялаған тізімде оқиғаның хроникасы мен қайтыс болған азаматтардың жынысы, жас ерекшелігі сынды ақпараттар қамтылған. Редакция зерттеуінде, қаңтар оқиғасынан соң 100-ге жуық кәмелет жасына толмаған бала жетім қалғандығы айтылады. Ал қайтыс болғандардың дені ер адамдар. Олардың орта жасы 24 пен 44 жас аралығында.

Билік көрсеткендей 238 адам жай цифр емес. Әр адамның артында тағдыр бар, отбасы бар. Тізімді әлі де толықтырып жатырмыз. Қайтыс болған 41 адамның артында кәмелет жасына толмаған баласы бар. 26 адамның артында жүкті әйелі қалған. Осы ақпараттан соң сіздің қаңтар туралы түсінігіңіз қалай өзгереді? – дейді Дархан Өмірбек.

Оның айтуынша, алаңға шыққан азаматтардың қай жерде және қай күні қайтыс болғанын анықтау оқиғаның мән-жайын аша түседі.

«Қолда бар деректерге сүйенсек, Батыс Қазақстан облысында адам шығыны болмаған. Ал Жамбыл, Алматы облысында, Шымкент, Талдықорған қаласында он шақты адамның қайтыс болуы қаңтар оқиғасының қатаң сипатта өткенін көрсетеді. Қай күні қанша адамның да қайтыс болғаны маңызды. Демек, сол күні қатаң шаралар қолданылды деген сөз», – дейді ол.

«ҚЫЛМЫСТАРЫН ЖАСЫРУ ҮШІН УАҚЫТ СОЗДЫ»

Ал «Халықаралық құқықтық бастама» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі, құқық қорғаушы Амангелді Шорманбаев биліктің тізімді кешіктіріп жариялауын халықтың қатаң талабымен байланыстырады. Оның ойынша, қазір саяси жағдай едәуір өзгерген.

Құқық қорғау органдары арасында өз қылмыстарын жасыру үшін уақытты созып жүрді. Қазір саяси жағдай өзгеріп, қаңтарға қатысты халық талабы қатаңдай түсті. Оқ атылғаны анық болды. Сол себепті биліктегілердің енді жасыруға мүмкіндігі жоқ. Неғұрлым жасырған сайын, оларды сыбайлас ретінде қабылдауға болады. Сондықтан Бас прокуратура тізімді жариялауға мәжбүр болды, – дейді Амангелді Шорманбаев.

Құқық қорғаушының айтуынша, жаппай адам өлімі болғандықтан, қаңтардағы жағдай халықаралық деңгейде адамгершілікке қарсы қылмыс деп есептеледі. Ал бұл өз кезегінде тиісті тараптың жауапкершілікке тартылуына әкеледі.

«Қайтыс болғандардың істері түрлі сылтаумен сотқа жіберілмей жатыр. 8 айдың ішінде қаншама істі сотқа беруге болатын еді. Мұның сұрауы міндетті түрде болады. Биыл жекелеген істер Адам құқықтары жөніндегі комитетке түсуі мүмкін. Келешекте сыртқы саяси жағдайлар өзгергенде бұл іс бойынша трибунаға ұсынылуы мүмкін. Сондықтан билік алдын алуға қамдана алмайды, қылмыс жасағандар жазаланады», – деп атап өтті «Халықаралық құқықтық бастама» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Амангелді Шорманов.

Айта кетелік, тіркелмеген Qaharman құқық қорғау қоры биліктен Қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандар жайлы толық мәлімет жариялауды талап етті. Қор өкілдері қаза болған азаматтардың қайсысы күштік құрылым өкілі, қайсысы бейбіт тұрғын екендігін ажыратып көрсету қажеттігін сұрап отыр.


“ХАЛЫҚ УНІ” Айя Өмиртай


https://halyq-uni.kz/saraptama/7749-sarapshylar-kantar-ku-rbandary-tizimi-turaly-bilik-sheteldik-komissiia-keledi-dep-asygys-zhariialady/

Поделись, чтобы люди узнали:
.