Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Оралда митинг болады деген күні екі белсенді ұсталды

Шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов митинг өтеді деп белгілеген 1 мамыр күні Батыс Қазақстан облысының орталығы – Орал қаласында екі адам ұсталды.

Осы күні қоғам белсенділері Маруа Ескендірова мен Орынбай Оқасовты қаланың екі бөлігінде әртүрлі уақытта полиция ұстаған. Белсенділердің айтуынша, тәртіп сақшылары оларды негізсіз ұстап, полиция бөлімшесіне күштеп апарып, заңсыз ұстаған.

Жергілікті уақытпен сағат 12-лерде Маруа Ескендірова өзін полиция учаскесіне алып барғанын Азаттыққа хабарлады. Өзінің айтуынша, оған телефонмен адвокат шақыруға рұқсат берген. Ескендірованың айтуынша, полицейлер оған мемлекеттік адвокат тағайындаудан бас тартқан.

– Танысымның үйінде болып, үйге қайтайын деп аялдамаға кетіп бара жатқанмын. Көшеде қасыма полицейлер келді де, машинаға күштеп салып, бөлімшеге алып барды. Енді ғана шақыртуды басып шығарып жатыр, ұстаған кезде ешқандай құжат көрсеткен жоқ, тіпті аты-жөндерін де айтпады, – деді телефонмен хабарласқан Маруа Ескендірова.

Кейін белсенді полиция бөлімшесінде үш сағаттай болғанын хабарлады. Өзінің айтуынша, оны Қылмыстық кодекстің «Экстремистік ұйымның жұмысына араласу» бабы (405-бап) бойынша биыл 11 наурызда қозғалған іс бойынша куәгер ретінде ұстаған.

Оралдық және бір белсенді Орынбай Оқасовты да көшеде кетіп бара жатқан жерінде ұстап әкеткен. Оның адвокаты Айсұлу Биялиеваның айтуынша, Оқасовты да сол 11 наурызда қозғалған іс бойынша куәгер ретінде тергемек болған, бірақ ол куәлік беруден бас тартқан.

Материал жарық көргенге дейін Оралдың полиция департаментінен бұл іс бойынша пікір алу мүмкін болмады.

Орынбай Оқасов – сайлауға бақылау жасап, наразылық митингілеріне қатысып жүрген оралдық азаматтық белсенді. Былтыр желтоқсанда оған сайлау қарсаңында заңсыз үгіт-насихат жүргізді деп сот бірнеше айыппұл салған.

Маруа Ескендірова – саяси реформа жүргізіп, саяси тұтқындарды босатуды талап етіп жүрген белсенді. Ол 24 сәуірде Оралда «Қазақстан жерін шетелдіктерге сатуға қарсы» митинг өткізуге талпынғанымен, билік коронавирус індетін алға тартып, бұған рұқсат бермеген.

1 мамырда Әблязов шақырған наразылық жиынына шықпақ болғандардан Алматыда бес адам, Шымкентте төрт адам ұсталды.

Бірнеше қалада Әблязов “митинг орны” деп көрсеткен жерлерге баратын жол жабылды. Астанада теннис федерациясы ғимараты маңындағы жолдар жабылып, жұмысшылар жолға белгі салып жатыр, қасында полиция күзеті тұр. Маңында митинг өтеді деген Ақтөбедегі Орталық базарда “санитарлық күн” жарияланып, сауда орны жабылып қалды. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, жұмысшылар базарды дезинфекциялап, шарбақты бояп жатыр, маңында полицейлер жүр.

Митинг қарсаңында аймақтарда белсенділер қамалды. Бірнеше белсенді бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін әкімшілік қамауға алынды. Наразылық жиыны белгіленген күннің қарсаңында белсенділерді аңдып, қамау жиілеп кетеді.

Радио Азаттык

https://www.azattyq.org

Поделись, чтобы люди узнали:
Больше в Ескендирова МаруаБольше записей в Ескендирова Маруа »
.