Нұр-Сұлтанда белсенді Мырзалиеваны жай киінгендердің ұстағаны хабарланды

2 қазанда нұрсұлтандық белсенді Айнұр Мырзалиеваны қарапайым киінген екі адамның аулада күшпен ұстап алып кеткені хабарланды. Белсендіні ұстап жатқан видеоны құқық қорғаушы Дана Жанай Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жарияланды.

Видеода өзін «Байбазаров» деп таныстырған адам Мырзалиева талап еткен соң куәлігін көрсетіп, оны жекеменшік көлікке күштеп мінгізуге тырысады. Ұстап жатқан екі адам белсендіні «бөлімшеге баруға» бірнеше мәрте шақырады.

 Айнұр Мырзалиеваны ұстап жатқан сәт.

Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық полициясының баспасөз қызметіне хабарласып, осы оқиғаға қатысты түсінік беруді сұраған, бірақ ондағылардан жауап болмады.

36 жастағы Айнұр Мырзалиева бұған дейін де бірнеше мәрте ұсталып, әкімшілік жауапқа тартылған. 24 тамызда полиция қызметкерлері оны екі баласымен Алматыға кетіп бара жатқан жерінен, Қостанай – Алматы бағытындағы жолаушылар пойызынан түсіріп алып қалған. Кейін Ақмола облысы Целиноград аудандық әкімшілік соты оған «бейбіт жиналыстарды өткізу мен ұйымдастыру тәртібін бұзғаны үшін» 30 айлық есептік көрсеткіш (83 340 теңге) көлемінде екі айыппұл салған (жиыны 166 680 теңге немесе шамамен 387 доллар). Мырзалиева «билік саяси көзқарасым үшін қудалап жатыр» деп санайды.

Қазақстан билігіне сыни пікір айтып жүрген қуғындағы банкир Мұхтар Әблязов 2-3 қазан күндері жұртты бейбіт жиналып, ән айтып, көңіл көтеру арқылы наразылық білдіруге шақырған. Ол бұл шараны «Субботаж» деп атаған.

Қазақстан соты «экстремистік» деп танып, жұмысына тыйым салған, ал Еуропа парламенті «бейбіт қозғалыс» деп атаған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» ұйымының бағдарламасын қолдайтындарды осындай шаралар қарсаңында полиция жиі қамайды.

Құқық қорғаушылар билік белсенділерді қамау арқылы митингінің алдын алғысы келеді деп санайды. Қазақстан Конституциясы азаматтардың бейбіт түрде еркін жиналуына кепілдік береді. Бірақ азаматтық қоғам өкілдерінің қарсылығына қарамастан, биыл 25 мамырда қабылданған «Бейбіт жиындар туралы» жаңа заңға сай, жұрт еркін жиналу үшін әкімдікке алдын ала ескерту жіберуі тиіс. Ескертілмеген митинг заңсыз деп танылып, оның қатысушылары жауапқа тартылады.

Сания Тойкен

https://www.azattyq.org