Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Мен қайтадан үміткермін

Мен, Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы, Парламент Мәжілісі депутаттығына үміткер құқымды қайтарып алдым!
Өздерің білетіндей, өткен жұмада (24.02) кешкісін Астанадағы № 1 аумақтық сайлау комиссиясы шақырып, Астаналық мемлекеттік кіріс Департаменті жіберген декаларациям бойынша сайлау комиссиясы өзімді үміткерліктен шығарғанын мәлімдеді. Декларациямда өзім мен жарымның Астанадағы үлескерлік жолмен алған баспанамды «көрсетпеген» екенмін. Бұл – ЖАЛА.
Себебі ҚР Қаржы министрінің 2020 ж. 21 желтоқсандағы № 1227 бұйрығымен бекітілген 250 формалы декларацияда Мәжіліс пен маслихат депутаттығына үміткерлер декларациясында шетелде баспана, банк есеп-шоты, автокөлігі және шетелдік акционерлік қоғамның жарғылық капиталында үлесі бар ма? – деген 4 сауалға ғана жауап беріп, қалғандарын жергілікті Кіріс Департаменті тексеріп беруге міндетті екені ойып жазылған. Демек мен басқа ештеңені көрсетуге міндетті емеспін. «Көрсетпеді» деген Департаменттің өз өтірігі.
Одан да қызығы: Алматы қалалық маслихаты депутаттығына тәуелсіз үміткер Жанар Жандосованы (Санжарқызы), керісінше, үлескерлікпен сатып алған, бірақ әлі тіркелмеген пәтерін декларацияда көрсеткені үшін үміткерліктен шығарған. Жанар ханым екеуіміз сияқты тағы ондаған тәуелсіз үміткердің жолын кесу үшін билік еш қисынсыз жаланы, қияли желеуді де кәдесіне жаратты. Бұл әкімшілік ресурсты шексіз қолданып отыр деген сөз.
Сонымен, тура 3 тәуліктен соң, дүйсенбіде (27.02.) күні қате декларацияны жіберген Департаментке барып, оның өтірігін бұлтартпай дәлелдеп берген соң, кешкісін Астана қалалық және № 1 АСК төрағалары, тіпті әлгі Департаменттің өкілі менің конституциялық құқымды қалпына келтіргенін және енді сайлауалды науқанымды жалғастыруға болатынын хабарлады.
Бірақ бірі де өз кінәсын мойындап, кешірім сұрамады. Есесіне – бірі Жоғарғы және Конституциялық соттарға арызданбауымды, ал Департамент өкілі – Департаментке жолдаған арызымды кері қайтарып алуымды өтінді.
Өз басымнан өткен осы хикая осыдан тура 117 жыл бұрын, 1906 ж., Алты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның патшалық Ресейдің І Мемлекеттік дума депутаттығына түсуі қарсаңында, 1) тұтқындалып түрмеге жабылған, 2) – туған Тоқырауын болыстық сайлау комиссиясының оны «сайлаушы» («выборщик») етіп сайламай, анасы мен туған інісін әуре-сарсаңға салған тарихын еріксіз есіме түсірді. Өзін «сайлаушы» етіп сайлаған 30 сәуірде бостандыққа шығып, 15 маусымда бірауыздан Семей облысынан І Думаға сайланды. Оған отаршыл биліктің 4 ай бойы тергеусіз, сотсыз абақтыда ұстауы көп көмек болды.
Әлихан болмасам да, ұқсап бағып, мені үміткерліктен шығарып әуре-сарсаңға салған билікке, сөйтіп дауыс берушілерімнің қатарын көбейтіп бергеніне шын жүректен алғыс айтамын!
Алайда бұл депутаттық үшін күрестің аяғы емес, тек басы ғана. Әкімшілік ресурстың қосылғаны айдай анық болса, үгіт-насихат науқаны, жаппай дауыс беру барысында әкімдер мен шексіз билеуші партия жұдырығында ұстаған мемлекеттік аппараттың заңсыз килігетініне, сайлау қорытындысын өз «жеңісіне» қарай бұрмалауға күш салатынына еш күмән жоқ.
Мұндай заңсыздық пен зорлықтың бәрі де – «билікті басып алу және узурпациялау», «мемлекеттік төңкеріс» ретінде қарастырылып, еш мерзімі жоқ ауыр қылмыс болып бағаланады.
Егер әрбір көзі ашық, көкірегі ояу азамат өз дауысын өз қалаған үміткеріне берсе, Парламент пен Маслихатқа лайықты депутат өтеді. Біздің тағдырымыз – өз қолымызда. Осыны ұмытпайық!
 
 
 
 
Жүсіп Сұлтан Хан Аққұлұлы –
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына
Астана бойынша № 1 сайлау аумағында
тіркелген тәуелсіз үміткер,
Астана, 2023 ж., 28 ақпан.
 
 
Поделись, чтобы люди узнали:
.