Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Ермек Нарымбай 52 жасын түрме ішіндегі изоляторда аштық жариялап қарсы алды

Қазақстандық құқық қорғаушылар “саяси тұтқын” деп таныған Ермек Нарымбайдың қазіргі хал-жағдайын адвокаттары біле алмай отыр. “Алауыздық қоздырды” деген айыппен сотталған белсенді өткен айда түрме қызметкерлерінің “қысымына наразылық” ретінде аштық жариялаған.

“ДИАЛОГҚА ДӘНЕКЕР” БОЛУҒА КЕЛГЕН БЕЛСЕНДІНІ ТҮРМЕГЕ ҚАЙТА ТЫҚТЫ

Ермек Нарымбай қазір Алматы облысы Заречный кентіндегі ЛА 155/14 мекемесінде жазасын өтеп жатыр. Тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең үлкен қантөгіспен аяқталған Қаңтар оқиғасынан кейін “билік пен халық арасында диалог құруға дәнекер болам” деп мәлімдеген саяси белсенді, бес жарым жыл бұрын жасырын кетуге мәжбүр болған отаны – Қазақстанға биыл 6 ақпанда оралған. Киевтен Алматыға ұшақпен жеткен Нарымбайды полиция әуежайдың күту залына жеткізбей ұстап, қамаған еді. 17 ақпанда белсендіні “жазасының қалған бөлігін өтеу үшін” Заречныйдағы ЛА 155/14 мекемесіне ауыстырды.

Мамырдың басында қазақстандық құқық қорғаушылар Ермек Нарымбайды “саяси тұтқындар” тізіміне енгізді. Белсенді бірнеше жыл бұрын да “саяси тұтқын” деп танылған.

2016 жылғы қаңтарда Қазақстан соты Мұрат Телібековтің “Ветер с улицы” кітабының үзіндісін әлеуметтік желіге жариялағаны үшін “Алауыздық тудырды” деген айып тағылған екі белсендіні кінәлі деп танып, Ермек Нарымбайды үш жылға, Серікжан Мәмбеталинді екі жылға бостандығынан айырған. Кейін екеуі де ісіне “өкінетіні” жайлы хат жариялады. Тергеу абақтысында бір айдан астам аштық жариялап жатқан Нарымбайды үйқамаққа ауыстырған соң, ол наразылық акциясын тоқтатты. Кейін апелляция соты белсендінің жазасын жеңілдетіп, қамау жазасын еркіндігін үш жылға шектеу жазасына ауыстырған. 2016 жылғы шілдеде Ермек Нарымбай Қазақстаннан биліктің рұқсатынсыз Украинаға кетіп қалған еді.

“ТУҒАН КҮНІМДЕ АШТЫҚ ЖАРИЯЛАДЫМ”

Қазір Заречныйдағы ЛА 155/14 мекемесінде отырған Ермек Нарымбай өзін тәртіп бұзды деген айыппен жеті күнге түрме ішіндегі тәртіп изоляторына (ДИЗО) қамаған әкімшіліктің іс-әрекетіне наразылық ретінде 23 маусымнан бастап (сол күні ол 52 жасқа толған) аштық жариялаған деген ақпарат 29 маусымда оның Facebook-парақшасында жарияланды.

Адвокат Ғалым Нұрпейісовке жазған арызында Нарымбай “түрме қызметкерлері жалған айып тақты, маған психологиялық және физикалық қысым көрсетті” деп мәлімдеп, оларды жауапқа тартуды сұраған. Белсенді 21 маусымда түрме қызметкерлері өзін тінтіп, ештеңе таппағанын, ал іле-шала екінші рет қайта тінтігенде шолақ шалбарының қалтасынан тыйым салынған зат – ұялы телефонның сим-картасын “тауып алдық” деп жалған айып таққанын баяндаған.

“Тінтуді бақылап тұрған отрядтағы адамдар әлгілердің сим-картаны маған әдейі тастағанын көре салысымен шулап кетті, мұның барлығы жедел уәкілдердің видеосында бар. Ешнәрсе табылмаған бірінші тінту де, бірнеше минуттан кейінгі екіншісі де [түсірілген]. Мені жеті күнге тәртіп изоляторына қамады… 23 маусымнан [туған күнім] бастап аштық жарияладым” дейді түрмедегі саяси белсенді.

АЗАПТАУ ТУРАЛЫ ШАҒЫМ

Нарымбай аштық жариялағанын түрме қызметкерлері үш күн бойы тіркемей қойғанын айтады.

Тек 25 маусым, сенбіде ғана прокурордың орынбасары Дастан Равильевич келді, оған барлық жайтты қысқаша баяндап, үш бет қылып жазып бердім. Бірақ соған қарамастан одан кейін де мені азаптауды доғармады. Оның барлығын станционар видеокамера мен түрме қызметкерлерінің төсіндегі камералардағы жазбадан көруге болады” деп жазған Нарымбай арызында.

Саяси белсенді ДИЗО-да аштық жариялап, құр су ішіп жатқан кезде түрме қызметкерлері оның көзілдірігін (диоптриясы минус 10), кітап-қағазы мен қаламын, су ішетін стақанын тартып алып, құбырмен келіп тұрған суды тоқтатып тастағанын, көрпе-жастықты алып қойып, бетон еденге жатуға мәжбүр болғанын, камерасы жоқ жерге алып шығып, ары-бері жұлқылап, музыка ойнайтын аппаратты ең қатты даусына қойып, құлағына жапсыра ұстап азаптағанын айтқан.

“ТҮРМЕ ӘКІМШІЛІГІНЕ ОНЫҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ ҰНАМАЙДЫ”

28 маусымда түрмедегі белсендімен кездескен адвокат Нұрпейісов Нарымбайдың билікке екі талап қойғанын, солар орындалса ғана аштығын тоқтататынын мәлімдегенін айтады.

– Біріншіден, ол өзінің ақталуына мүмкіндік бермей, тінту кезінде өзіне еш қатысы жоқ сим-картаның “табылғанына” наразылық білдіріп аштық жариялаған. Бұдан кейін бұл райынан қайтару мақсатында оған психологиялық, моральдық қысым жасаған. Ақталуына мүмкіндік беріп, қысым тоқтаса аштығын да тоқтатуға дайын екенін айтты. Ол моральдық тұрғыда шаршаған, өзін әлсіз сезінеді. Бірақ “әділетке жету үшін аяғына дейін күресем” деп отыр, – дейді адвокат.

Адвокат Нұрпейісов Нарымбайдың түрме ішіндегі проблемаларды үнемі көтеріп, белсенділік танытуы колония әкімшілігіне ұнамаған дейді.

– Түрме қызметкерлерінің біржақты көзқарасы кесірінен Ермекке қатты қысым жасалып отыр. Өткені ол жазасын өтеп жатқан өзге адамдарға арыз-өтініш жазуға көмектеседі, түрме ішіндегі проблемаларды, оның ішінде көпшілік пайдаланатын әжетхана, тамақ [сапасы], жазасын өтеушілерді плацта екі-үш сағаттап тұрғызып қою секілді мәселелерді көтеріп, шағым жаза береді. Сондықтан түрме басшылығы тексеруден көз ашпайды. Сол себепті әкімшілік оған шүйлігіп алған, – дейді Ғалым Нұрпейісов.

ТҮРМЕ БАСШЫЛЫҒЫНЫҢ ХАТШЫДАН АЙТҚАН ЖАУАБЫ

4 шілдеде ЛА 155/14 мекемесіне телефон шалған Азаттық тілшісімен өзін басшының қабылдау бөліміндегі хатшымын деп таныстырған Алина есімді қызметкер сөйлесіп, журналистің қойған сұрақтарын жазып алды. Біраздан соң қайта хабарласқанымызда “басшылықтың жауабын жеткізіп тұрмын” деген ол:

– [Ермек Нарымбайдың] 25 маусымнан бастап аштық жариялағаны рас. Бірақ 30 маусымда тоқтатты. Денсаулығы, жалпы жағдайы жақсы, – деген қысқа жауаппен шектелді.

Ал түрмедегі саяси белсендімен 28 маусымда кездескен адвокат Ғалым Нұрпейісов “тұтқын аштықты тоқтатты” деген ақпаратты әзірге растай алмағанын айтады.

– Олай деп айта алмаймын. Себебі ДИЗО-ға түскен адам кейін төрт ай айыптылар отрядында “қайта тәрбиеленеді”. Бұл аралықта ол телефонмен сөйлесу я жақындарымен кездесу құқығынан айырылады. Ақпаратты растаудың жалғыз жолы – Ермектің өзімен кездесу. Мен жақын күндері оған кездесу үшін [Заречныйға] барып келуді жоспарлап отырмын, – деді адвокат 4 шілдеде Азаттыққа.

Ермек Нарымбайдың хал-жағдайы мен шағымына байланысты прокуратура органдарынан да, Алматы облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінен де әзірге жауап ала алмадық.

“САНИТАРЛЫҚ БӨЛІМГЕ АУЫСТЫРУДЫҢ ОРНЫНА ИЗОЛЯТОРҒА ҚАМАДЫ”

Заречный түрмесінде отырған кезде Ермек Нарымбайдың денсаулығы сыр беріп, көктемде адвокаттары түрлі инстанцияларға талабын жазып жүріп, оны түрмеден тыс медицина мекемесінде дәрігер тексеруінен өтуге рұқсат алған.

– Денсаулығы жақсы дей алмаймын. Гемоглобині төмен, бірақ соған қарамастан қан қысымы жоғары, кейде 200-ге дейін көтеріледі. Ақуыз жетіспейтіні ішіп жүрген тамағының сапасы мәз емес екенін көрсетеді. Аяғы ауырып жүргеніне біраз болды, таяқ ұстап жүруге рұқсат беріпті. Дәрігер бірқатар ем-дом жазып берген. Оны ең болмағанда санитарлық бөлімге ауыстырар деп үміттенген едік, бірақ біз келіссөз өткізіп жатқанымызда, одан “тыйым салынған зат табылды” деп, тәртіп изоляторына жауып тастады, – дейді тағы бір адвокат Жанар Балғабаева.

Ермек Нарымбай Украинаға кетіп қалған соң, 2017 жылы оның бостандығын шектеу жазасын түрме жазасына ауыстыру туралы сот қаулысы шыққан. Бұған қоса “шекараны заңсыз кесіп өткені” үшін қосымша іс қозғалған. Алайда соңғысы бойынша амнистияға ілініп, іс тоқтатылды. Бірақ негізгі қаулының күшін жоюға тырысқан адвокаттардың әрекетінен түк шықпады.

– Алдымен 2017 жылғы қаулыны қайта қарау мерзімін қайтаруды сұрап, шағым түсірдім. Сот онымды қанағаттандырды. Кейін апелляция сотында, еңбек және қылмыстық атқару кодекстері мен пробацияда жүрген азаматтарға қатысты ішкі істер министрлігінің бұйрықтарына сүйеніп, 2017 жылғы қаулының заңсыз екенін дәледемек болдым. Бірақ сот оны ескерген жоқ. “Мұның барлығын 2017 жылы айтуларыңыз керек еді” деді, 2017 жылы Ермек Киевте болғанын айтып едім, оның Киевке кетіп қалғаны өзінің жауапкершіліктен қашқанының дәлелі деп, өтінішімізді қанағаттандырмады, – дейді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Заңгердің сөзінше, Нарымбай мерзімінен бұрын босап шығуға өтінішті 2022 жылғы қараша айында бере алады.

“САЯСИ АСТАРЫ БАР” АЙЫПТАРМЕН ҚУДАЛАНҒАН БЕЛСЕНДІ

Ермек Нарымбай 2000-2001 жылдары Қазақстан президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген. Қазақ-өзбек шекарасын демаркациялаудан кейін Өзбекстанға берілетін сол кездегі Оңтүстік Қазақстан облысындағы Бағыс пен Түркістан ауылдарын қорғау жөнінде жастар қоғамдық комитетін құрған.

2009 жылы Нарымбай “Арман” қозғалысын құрып, ипотека несиесін алушылар құқығын қорғаумен айналысты. 2009 жылдан бері оған қарсы 15 іс қозғалды. Оның 11-інде сот белсендіге әкімшілік іс бойынша, төртеуінде – қылмыстық іс бойынша жаза кескен.

2010 жылғы 1 мамырда Алматыда сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап еткен демократиялық күштер жиынында Ермек Нарымбай “Назарбаев, кет!” деп ұрандаған. Сол күні белсендіні полиция әкетіп, “тәртіп бұзды” деген айыппен 15 тәулікке қамаған. Қамауда отырған кезде оған “сотты сыйламады ” және “полицейлерге қарсыласып, күш көрсетті” деген айыптар тағылды. Ал 26 маусымда Алматының Бостандық аудандық соты осы екі айып бойынша Ермек Нарымбайды кінәлі деп тауып, төрт жылға бостандығынан айырды. 2012 жылғы 25 ақпанда билік рақымшылық жасап оны қамаудан босатқан.

“Қазақстан Конституциясында кепілдік берілген саяси құқықтарымды талап еткенім үшін бірнеше рет қылмыстық, әкімшілік жауапқа тартылдым. Тіпті жақында мені террористер қатарына қосып қойды. Сөйтіп банктен өзіме тиесілі қаражатты алу мүмкіндігінен айырды. Сот шешімі бойынша, маған бес жылға дейін қоғамдық жұмыспен шұғылдануға да тыйым салынды” деген еді Нарымбай 2016 жылы Киевке барған соң өткізген баспасөз мәслихатында.

Ол Украинада болған кезде де Қазақстандағы проблемаларды көтеріп, әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, әлеуметтік, қоғамдық-саяси, экономика және басқа тақырыпта талқылау, сұхбаттар өткізіп жүрді.

 

Азаматтық белсенді Ермек Нарымбай Алмалы аудандық сотында. Алматы, 9 желтоқсан 2015 жыл.

Поделись, чтобы люди узнали:
.