«Экстремизм» бабы бойынша сотталған белсендінің шектеу жазасы түрмеге ауыстырылды

Орал қалалық соты 25 наурызда белсенді Орынбай Оқасовтың шектеу жазасын түрме жазасына ауыстырды. «Тыйым салынған ұйымның ісіне араласты» деп айыпталған Оқасовтың бостандығын сот былтыр қарашада бір жылға шектеліп, бір жыл қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салған.

Биыл жыл басында пробация қызметі белсендінің шектеу жазасын түрмеге алмастыру жөнінде сотқа өтініш түсірген. Іс материалдарына қарағанда, сотталушы жазасын өтеу барысында «ереже бұзған», атап айтқанда, «қаңтар басында түнде тексеріс кезінде үйінде болмай шыққан». «Ол сол кезде рұқсат етілмеген митингіге қатысқан» деп жазылған іс материалында.

Мәселе Орал қаласында 3-5 қаңтар күндері өткен «газ митингісі» жөнінде болып отыр. Жаза түрінің ауысуына белсендінің осы митингіге қатысқаны түрткі болып отыр.

Судья Асқар Смайыловтың шешіміне сәйкес, Орынбай Оқасов түрмеде 7 ай 17 күн отыруы тиіс.

Орынбай Оқасов – бейбіт митингілерге қатысып, өзі де бір адамдық пикеттер ұйымдастырып жүрген белсенді. Бірнеше рет ұсталып, қудалауға ұшыраған. Былтыр шілдеде Оқасов өз үйінде «саяси тұтқындарды» қолдап, аштық жариялап жатқанда ұсталған. Сол күні ол «бейбіт митинг өткізу заңын бұзды» (Әкімшілік кодекс 488-бап) деген айыппен қамалды. Кейін оның қамаудағы уақыты бірнеше рет ұзарды.

Белсенді қамаудан шыққан күні қайта ұсталып, үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу соты оны уақытша изоляторға қамау туралы шешім шығарды. Біраз уақыттан соң ол үйқамаққа ауыстырылды.

Белсенді «Қазақстанның демократиялық партиясы» (Қазақстан соты ҚДТ мен «Көше партиясын» «экстремистік ұйымдар» деп танығанмен Еуропарламент «бейбіт оппозициялық ұйымдар» деп атаған) мен «Көше партиясын» қолдады деп айыпталған. Былтыр 18 қарашада Орал қаласының қылмыстық істер жөніндегі соты оны «тыйым салынған ұйымның ісіне араласқаны үшін» бір жылға бостандығын шектеген. Жарыссөз кезінде белсенді өзін ақтауды сұрады.

Орынбай Оқасов.

Азаттык радиосы

https://www.azattyq.org/a/31771600.html?fbclid=IwAR3FXllBCUawiLGZ5WP7qSY08snyYy4N_qfPfSF-uGUEcZSKNWYNdZ2paZ8