Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Әділет министрлігі: Партияны тіркеу туралы 18 өтініш түсті, үш партия алғашқы сатыдан өтті

Қазақстанның әділет министрі Қанат Мусин кеше, 19 қыркүйекте орталық коммуникация қызметіндегі брифинг кезінде жаңа саяси партияларды тіркеу қалай жүріп жатқанын хабарлады. Министрдің сөзінше, бүгінде үш партия: “Халық дербестігі”, “Намыс” және “Байтақ” партиялары тіркеу процедурасының алғашқы сатысынан өткен.

— Олар съезд өткізіп, партия мүшелерін жинайтын сатыда тұр. Партияны тіркеу үшін кемі 20 мың мүшесі болуға тиіс және олар Қазақстанның әр облысынан болуы керек. Әр аймақта кемі 600 мүшесі болуы шарт. “Халық дербестігі” қазірдің өзінде съезін өткізіп, партия мүшелерінің тізімін әділет министрліне жіберді, қазір тексеріліп жатыр. Ал “Намыс” және “Байтақ” партиялары съезд өткізу сатысында тұр. Өзге партиялар әлі бұған жеткен жоқ, — деді Қанат Мусин.

Министр тіркеуден өту – “бірінші кезекте партияның бастамашыл тобы мен ұйымдастырушыларының жауапкершілігіне байланысты” деді. Оның сөзінше, партияны тіркеуден бас тартудың негізгі себебі — “ұйымдастырушылардың бастамашыл топ тізімін жасағандағы қателіктері”.

Әділет министрлігінің мәліметіне қарағанда, 2019 жылдан бері 18 саяси партия тіркелмек болған. Одан бері бес бастамашыл топ қана тіркелетіні туралы хабар берген, бірақ кейін әрекетсіз қалғандықтан хабардың күші жойылған.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі үндеуінде 2023 жылдың алғашқы жартысында өтетін мәжіліс сайлауына дейін партияларды көбейтуге мүмкіндік туатынын айтқан.

Тоқаев биыл наурыздағы үндеуінде саяси партиялар туралы заңды қайта қарап, партия құруға қажетті бастамашыл топ санын мыңнан жеті жүзге түсіру, тіркеуге қажетті қолды 20 мыңнан 5 мыңға түсіру жөнінде ұсыныс жасаған.

Тәуелсіз сарапшылар билік қолында партияны тіркемеудің көптеген тетіктері бар екенін айтады. Оппозиция Қазақстан билігі өзіне қолайлы партиян ғана тіркейді деп санайды. Әділет министрлігі мамыр айында оппозициялық “Алға, Қазақстан” партиясын құжатын қайтарып жіберген.

Оппозициялық "Алға, Қазақстан" партиясын құру жөніндегі бастамашыл топ өкілдері. Архив фотосы

 

Азаттық радиосы

https://www.azattyq.org/a/32042211.html?fbclid=IwAR1onTWiPiQaNpT7DpZiag9xXkRbO5oM72bYdsS5mIlZeFrAiviPQme5GKc

Поделись, чтобы люди узнали:
.