Нажмите "Enter" для перехода к содержанию

Боқаев: Мені өздері қамады, енді өздері шығарсын

Құқық қорғаушы, «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық ұйымының төрайымы Бақытжан ТӨРЕҒОЖИНА бүгін Ақтөбе колониясында Макс БОҚАЕВПЕН кездескен. Б.Төреғожинаның айтуынша, М.Боқаев белсенді Дулат АҒАДІЛДІҢ жүрегі қысылып қайтыс болғанына сенбейді.

– Бақытжан ханым, Макс Боқаевтың денсаулығы, көңіл күйі қалай?

– Макспен екі сағаттай сөйлестік. 90 шаршы метрлік барак типтес аумақта тұрып жатыр. Онда 25 төсек бар, 18 адам тұрып жатырмыз деді.

Бұған дейін омыртқам ауырады деген еді. Бірақ қазір өзін жақсы сезінеді. Ит терісінен жасалған белдігі бар, жаттығу жасайды. Омыртқасына сол көмектесіпті. Кездесуге барғанда алдымыздан аурушаң адам шығатын шығар деп ойладық. Бірақ керісінше, сергек, көңіл күйі жақсы екен.

Өзінің айтуынша, ешқандай шағымы жоқ. Бұрынғы колониядағыдай (Боқаев 2017 жылдың қаңтарынан 2018 жылдың қыркүйегіне дейін жазасын Солтүстік Қазақстан облысындағы колонияда өтеген)  саппен жүру, басшылық алдында бас киімді шешу жоқ. Оның үстіне қамауда отырғанына төрт жылдай болды, қамаудағылар өзін құрметтейтінін айтты. Макс түрмеде құқық қорғаушылықпен айналысып жүр. Қамаудағыларға мерзімінен бұрын шартты  түрде бостандыққа шығу жөніндегі өтініштерін жазып беруге көмек көрсетеді екен.

– Макс Дулат Ағаділдің қазасы жайлы естіді ме?

– Иә, ол жайлы естіп білген. Дулат Ағаділдің жақындарына көңіл айтамын деді. «Бұл оны ұстаған адамдардың бассыздығы, шектен шыққаны» деді. Макстың өзі де қамауға алынғанда және қамауда адамдарды ұрып-соғатынын біледі. Бұл өзінің де басынан өткен, ұсталғанда полицейлердің, этаппен әкеткенде айдауылдардың адамдарды соққыға жығатынын біледі. Өкінішке қарай, мұндай жағдай тергелмей, тексерілмей, жазасыз қалып жатады. Сөйтіп, болашақта тағы қайталанады.

Макс «Дулаттың жүрегі қысылып қайтыс болды» деген ресми мәліметке сенбейтінін айтты.

– Ағаділдің қазасынан кейін елде митингілер өткенін біле ме?

– Оған газеттер аптасына бір рет қана келеді. Сондықтан митинг жайлы бізден естіп білді. Митингіге шыққандармен біргемін, оларды қолдаймын деді. Ол бұл наразылық қоғамдағы қалыпты реакция деді.

– М.Боқаев бұған дейін мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығу жөнінде өтініш жазудан бас тартып келген. Пікірі өзгермеп пе?

– Мерзімінен бұрын шартты түрде бостандыққа шығуға неге өтініш жазбайтынын сұрадым. Ол «менің кінәм жоқ, мені мемлекет сылтау тауып отырғызды ма, енді өздері шығарсын» деді.

Фото: Azattyq.org

 

Боқаев: Мені өздері қамады, енді өздері шығарсын

Поделись, чтобы люди узнали:
.